Басты ақпаратҚала тіршілігі

Қарақат теріп қайтайық!

Шілде-тамыз айлары – жеміс-жидек пен көкөністің нағыз пісетін уақыты. Осы маусымды барынша пайдаланып, Астана орманындағы қарақатты теріп, кәсібін дөңгелетіп отырған астаналықтар да аз емес.

Бір жазда – 70 тонна өнім

Егер ешқандай қоспасы жоқ, табиғи таза қарақатты жегіңіз келсе, «Жасыл белдеуге» барыңыз. Қорғалжын тасжолының бойымен жүріп, Үркер тұрғын үй алабына жеткен соң бағдаршамнан солға бұрылсаңыз, діттеген жеріңізді адаспай табасыз. Орманда өсіп тұрған қарақатты тегін теруіңізге болады. Бірақ уақытыңыз тапшы болса, сол жерде осы кәсіппен айналысатын біршама саудагерді жолықтырасыз. Ондағы қарақаттың бағасы шелектің көлеміне қарай 1-2 мың, 3-4 мың теңге тұрады. Мұнымен қоса, олар Қостанайдан әкелінген шиені де саудалайды. Оның бағасы да шелек көлемімен есептеледі, шамамен 2-3 мың теңге. Есесіне бұл жердегі жеміс-жидектердің табиғи таза өнім екеніне еш күмәнданбасаңыз да болады.
Мұнда еңбектеген баладан еңкейген қарияға де­йін саудамен айналысады екен. Мысалы, 20 жастағы Тоқтаған есімді жігіт бұл кәсіпті 5 жасынан бастаса, 16-дағы Жәнібек 7 жасынан бері қарақат теріп, табыс табуда. Екі ай бойғы тынымсыз еңбектің арқасында Жәнібек бауыр-қарындастарының мектепке қажетті оқу құралдары мен киім-кешегін қамтамасыз ететінін айтады. Тіпті осы кәсіппен тұрақты түрде айналысудың арқасында баспаналы, көлікті болып жатқандар да жоқ емес екен. Солардың бірі – Есмағзам Мұңсызбайұлы:
– Бұл – отбасылық кәсіп. Қарақат теру үшін орманға 1-2 көлікпен бала-шағамыз­ды ертіп, бүкіл отбасымызбен бірге барамыз. Содан жинағандарымызды осы жерге әкеліп сатамыз. Осыдан нәпақамызды тауып, жер сатып алып, үй тұрғызып, көлік мініп, күн көріп отырмыз, – дейді.
Саудагерлердің айтуын­ша, бұл жерден тіпті алып­сатарлардың өзі ше­лектеп алған қарақатты базарға апарып, келілеп сататын көрінеді.
«Астана орманы» ЖШС бас агрономы Ардақ Хасеновтің мәліметінше, елорда әкімдігіне қарайтын 14800 гектар аумақтағы орманда 7300 түп қарақат ағашы бар. Бір түп ағаш шамамен 10 келі қарақат береді деп есептегенде,
бір жазда орманнан 70 тоннадан аса жидек өседі деген сөз.
– Астаналықтар орманнан әзірге тек қарақат қана тере алады. Алма, алмұрт ағаштарын да эксперимент түрінде отыр­­ғыздық. Әзірге олар жеміс беріп жатқан жоқ. Бірақ орманда дала қояндары көп болғандықтан, оны өсіру қиынға соғады. Себебі алма мен алмұрт – қоянның сүйіп жейтін тағамы. Алайда қояндарды жоюға болмайды. Сондықтан қыстың күндері алма, алмұрт ағаштарын қамыспен орап, қорғау жұмыстарын жүргіземіз, – дейді Ардақ Хасенов.

Емдік қасиеті мол жидек

Деректерге сүйенсек, XVII ғасырдың соңына қарай Еуропа елдерінде қарақатқа дәрілік өсімдік ретінде назар аударыла бастапты. Соған орай қазіргі таңда әлемнің көптеген дамыған елде­рінде қарақат өсіру кәсібі қарқынды түрде жүргі­зілуде.
Жалпы, қарақаттың құрамында B, P, K, E, A дәрумендерімен қатар, 7-11 пайыз қант, 4 пайыз органикалық қышқыл, 1 пайыз пектиндік зат, фосфор қышқылы, калий, темір, жапырағында марганец, мырыш, магний, күкірт, қорғасын, күміс және аса қажетті С дәрумені бар деседі. Ал ұрығында 16,5 пайызға дейін май болады екен. Қарақаттан жасалған қой­малжың тұнбамен асқазан-ішек жолдарының ауруларын, асқазан сөлінің кеміп кетуін, Альц­геймер және диабет, атеросклероз, тыныс жолдары ауруларын емдеуге болатынын айтады мамандар. Ғалым­дардың мәліметінше, қарақаттың көздің көруін жақсартатын тамаша қасиеті бар көрінеді. Сол сияқты тұмау тиіп, тыныс жолдарының жұмыс қабілеті төмендеп кеткен жағдайда, бүйрек ауырып, зәр жүрмей қалған кезде қарақаттың шырынын, жапырағын белгілі бір мөлшердегі қайнаған суға бұқтырып ішу керек екен. Қарақаттан жасалған қайнатпаның құнды диеталық және емдік сусын екенін айтады ғалымдар. Оның үстіне, мұндай қай­натпалар жаңа жеміс піскенше дәрумендерді бойында ұзақ сақтап тұра алады деседі. Ал ағзаны кальциймен қамтамасыз ету үшін жиырма дана қарақат жеу жеткілікті көрінеді. Бірақ мамандар бұл жидекті пайдасы мол екен деп артық жемей, тек мөлшермен тұтынуға кеңес береді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button