Әлеумет

Қараусыз және панасыз бала болмауы керек

Астана қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демография­лық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы балалардың қараусыздығы мен панасыздығы профилактикасы бойынша өтті. Жиынға мүдделі мемлекеттік органдар, қалалық прокуратура, ювеналды полиция, білім, денсаулық, жұмыспен қамту басқармаларының өкілдері қатысты. Отырыста балалар арасындағы суицидтің алдын алу мәселесі де қозғалды.

Қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Омар Олжастың айтуынша, бүгінгі таңда елордада 126 мектеп, сонда оқитын 236 мың бала бар. Сонымен қатар 33 колледж білім береді.

– Басқарма сабақтан 10 күннен артық себепсіз қалатын балаларға бақылау жүргізеді. Биыл қаңтар айында ювеналды полицияда сабақтан себепсіз қалатын 16 бала тіркеуде тұрғаны анықталды. Олардың 11-і – оқушы, 5-еуі – студент. Олардың сабақтан неге қалатынын анықтау барысында ең басты себеп – отбасыларының басқа мекенжайға көшуі, оқуға ынтасының болмауы. Бұл мәселе кәмелет жасқа жетпеген балалар мәселелері жөніндегі комиссия отырысында көтеріліп, тиісті шешім қабылданады, – дейді басқарма өкілі.

Астана қаласы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция бөлімінің бастығы Нэлли Дощанованың айтуынша, былтыр кәмелетке толмағандарға қатысты елордада 97 қылмыс орын алған. Соның 39-ы – жыныстық азғындыққа қатысты қылмыс.

– Былтыр қарашадан бастап екі ай бойына елорданың 40 шақты мектебінің ата-анасы арасында сауалнама жүргіздік. Оған 21 мың ата-ана қатысты. Оларға қазір бала тәрбиесінде қандай мәселе алаңдататыны және не ұсыныс айтатыны туралы екі сұрақ қойдық. Олардың басым бөлігі қазіргі таңда бала тәрбиесінде ең басты қиындық гаджет пен интернетке әуестік екенін атап өткен. Екінші мәселе – отбасындағы кикілжің. Сонымен қатар ­ата-ананың жұмыстан босамайтыны, бала тәрбиесіне мүлдем уақыт бөлмейтіні де айтылды. Бұған қоса, көп ата-ана баланың жас ерекшелігіне қарай қалай әрекет ету керегін мүлдем білмейтін болып шықты. Сондықтан олар баладан бұрын ата-ананы оқытып, бала психологиясын үйрету керек деп өтінген, – дейді Астана қаласы бойынша балалар құқығын қорғау өңірлік уәкілі Әсима Бимендина.

Қалалық прокуратура орган­дары жыл сайын жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленетін және оқытылатын уәкілетті органдарда, мамандандырылған мекемелерде тексеру жүргізеді.

– Профилактикалық жұмыс­тарға қарамастан, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу және жолын кесу өзекті мәселе болып қала береді. Өткен жылдан бастап Астана қаласының прокуратурасы 90 мыңнан астам кәмелетке толмағандардың құқығын қорғады, 60-қа жуық лауазымды тұлға түрлі жауапкершілікке тартылды, – дейді Астана қаласы бойынша прокуратура басқармасының аға прокуроры Әйгерім Өмірзақова.

Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімі басшысының м. а. Айнұр Мұқанованың айтуынша, 2022 жылы елордада жасөспірімдер арасында суицидке барған 101 жағдай тіркелді. Бұл 2021 жылға қарағанда 35 жағдайға кем.

– Суицидке апаратын себептің басында отбасындағы ұрыс-керіс, достарымен, құрдастарымен келіспеу, күйзеліс тұр. Қала емханаларында жастар денсаулығы орталығы жұмыс істейді. Сондағы психологтар мектептерде семинар мен дәріс өткізеді. Сонымен қатар қалада шұғыл психологиялық көмек көрсететін 2 кабинет бар, – дейді ол.

Комиссия хатшысы Қарлығаш Саркенова білім беру мекемелерінде қазіргі таңда балалар арасындағы құқық бұзушылық бойынша профилактикалық жұмыс өз деңгейінде жүргізілмейтінін жеткізді.

– Тәрбие жұмысын жандандырып, психологиялық жұмысты күшейту керек. Балалар қандай да бір қиындыққа тап болғанда, бірінші кезекте кімге барып көмек сұрайтынын білуі керек. Олар әлеуметтік педагог пен психологты тез тауып алып, ойын ашық айтатындай болуы қажет. Бүгінгі отырыста алдымен психологиялық қызметті күшейту керек екенін түсіндік. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық оқиғасы бойынша жұмыс жүргізудің нақты алғышарты болуы тиіс, – дейді ол.

Қаладағы жоғары кәсіби-техникалық колледжде өткен комиссия отырысына қатысушыларға оқу орнының директоры Римма Иманғазинова колледж ішін аралатып, экскурсия өткізді.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button