Құқық

Қарбалас жұмыс үстінде…

Немесе учаскелік полицейдің бір күні

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында құқық қорғау органдарына барынша көңіл бөліп, олардың жұмыстарын жетілдіру керектігі туралы айтқан еді. Қазір осы бағытта еліміздің ішкі істер саласында нақты іс-жоспарлар қолға алынып, «тиімді учаскелік полиция инспекторы» қанатқақты жобасы жүзеге асырылуда. Біз бүгін осы негізде атқарылып жатқан жұмыстарға куә болып, Нұр-Сұлтан қаласы Жергілікті полиция қызметіне қарасты №11 учаскелік қосынының учаскелік инспекторы, полиция капитаны Нұралы ­ТӘҢІРБЕРГЕНОВТІҢ бір күнде атқарған жұмысымен таныстық.

[smartslider3 slider=2639]

Ғабиден ­Мұстафин көшесі, 3/2 үйде орналасқан полиция­ның учаскелік қосынына келгенімізде таңертеңгі жұмыс­тың жаңа қызып жатқан кезі екен. Нұралы кеше кеште WhatsApp-қа келіп түскен тұрғындардың арыз-шағымдарымен танысып жатты.

– Мен күнделікті жұмысымды осыдан бастаймын. Өзіме тиісті аумақтағы тұрғын үйлерден қандай ақпараттар түсті, олардың ПИК төрағалары не айтады, осы үйлерде тұратын белсенді азаматтардан қандай хабарламалар түсті, барлығын бір шолып шығамын да, осыған орай, бір күндік жұмыс жоспарымды жүйелеймін, – дейді учаскелік инспектор.

Бұл оның осы қызметке келген сегіз жылдан бергі күнделікті әдеті екен. Қарағанды қаласындағы ҚР ІІМ академиясын бітіргеннен кейін елордаға жұмысқа келген. Әрине, алғашқы жылдары тәжірибесі аздау жас маманға халықпен қоян­-қолтық жұмыс істеп кету қиындау болғанын ол жасырмайды.

«Алғашқы жылдар үйрену, тәжірибе жинау жылдары болды. Күніне 14-15 сағатқа дейін жұмыс істейтінбіз. Әр үйдің есігін қағып, тұрғындармен жеке-жеке танысқан күндеріміз болды. Сөйтіп жүріп қызметтің қыр-сырын меңгердік. Адамдармен қарым-қатынасты, жұмыс істей білуді үйрендік» дейді ол.

Таңертеңгі сағат 10:00-де учаскелік инспектормен бірге Ғабиден Мұстафин көшесіндегі 13/1 үйге келдік. Осы үйдің №68 пәтерінен кеше кеште төрт жігіт балконда темекі тартып тұрып, тұқылын сөндірместен жерге лақтырғаны жөнінде бір тұрғыннан шағым түскен болатын. Есікті әйел адам ашты. Учаскелік инспектор болған мән-жайды баяндап берді. Үй иесі кеше үйде болмағанын айтып, оқиғадан хабары жоқ екенін жеткізді. Осы кезде басқа бөлмеден 8-9 жастағы кішкене қыз жүгіріп шығып «иә, мен көрдім, кеше балконда Ержан ағалар темекі тартты» деп сайрай жөнелді. Бұған полиция инс­пекторы: «балалы үйдің ұрлығы жатпас…» деген, міне, кішкентей көмекші» деп риза болып қалды. Сонымен, №68 пәтердегі әйел адамға түсінік жұмыстарын жүргізіп, енді қайталанса, айыппұл төлейтінін қатаң ескерткеннен кейін келіп түскен келесі шағым бойынша №92 пәтерге көтерілдік.

Есікті жиырмалардағы жас жігіт ашты. Пәтер жалдап тұрады екен. Көршілері шағымданыпты. Кейде түнде тыныштықты бұзатыны бар, оның үстіне тұрып жатқан мекенжайларына тіркелмеген. Бұрын да бірнеше рет ескертулерге құлақ аспаған соң бұл жігіттерге айыппұл жазып беруге тура келді.

Бізде учаскелік полиция инспекторының міндетіне бәрі кіреді екен. Дүкенге бетперде тағып келуден бастап, әлеуметтік маңызы бар тауарларға шектік бағаның сақталуына дейін шағым түссе, учаскелік инспектор бақылауға алуы қажет.

Ал кейбір жүргізушілердің автокөліктерін жаяу жүргіншілер жүретін тротуардың үстіне қойып кететін оқиғалар жиі кездеседі. Міне, осы жайларға байланысты да арыз-шағымдар аз түспейтін көрінеді.

Сағат 15:30-да полиция инспекторы Рақымжан ­Қошқарбаев даңғылы бойын­да 80/1 үйдің ауласында автокөлігін үйдің кіреберісіне тақап қойып кеткен бір жүргізушіге ескерту жасап, сол үйдің бір тұрғынының телефонмен түсірген шағымын қанағаттандырды.

Сондай-ақ ол өзінің Wha­t­s­App-ына келіп түскен шағымдар бойынша да жұмыс жүргізе бастады. Бірнеше пәтерді аралап, тұрғындардың жеке куәліктегі ЖСН-і арқылы қызметтік планшетпен сол кісінің осы пәтерде тіркеуде бар-жоғын тексерді. Мәселен, Ғ.Мүсірепов көшесіндегі 19-үйдің тұрғыны тіркеуге тұрмағандығы анықталды. Оған ҚР ӘҚБтК-нің 492-бабы, 1-бөлігі бойынша ескерту берілді. Енді бұл азамат 10 күн ішінде тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеуге тұрмаса, айыппұл төлеуге міндеттеледі.

Полиция инспекторы 18:30-да Ғабиден Мұстафин көшесінде орналасқан тірек қосынына келіп, өзінің WhatsApp-ына түскен хабарламалармен танысып, көптеген сауалдарға жауап берді. Кейбірін ертең барып тексеретін болып келісті. Шағымдар көбіне тыныштықты бұзуға, сосын отбасындағы тұрмыс­тық зорлық-зомбылыққа байланысты түсіп жатады екен.

«Менің қызмет аумағымда 7 үй қамтылады. Онда 1366 пәтер бар. Міне, осы пәтердің көптеген тұрғындары қазір мені таниды. Қандай да бір мәселе туындаса, тікелей өзіме қоңырау шалады. Сосын 3-4 белсенді көмекшім бар. Солар маған қоғамдық тәртіпті сақтауға үнемі көмектесіп отырады» дейді Нұралы Орынбайұлы.

Сол күні оның жұмысы 23.00 шамасында аяқталды. «Жұмыстың бұлай ертерек аяқталғанына қуанамыз» дейді ол. Кейде түн ортасына дейін отырып қалатын кездері болады екен.

 

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button