Жаңалықтар

ҚАРИЯЛАР АЗАЙЫП БАРА ЖАТЫР…

Ауылдағы үйдің шаңырағы қай кезде де қонақтан босамай жатады. Көбіне табалдырықтан аттайтын қариялар еді ғой. Әлі есімде, апам әр қонақ келген сайын ас алдында олардың қолына су құйғызатын бізге. Біріміз сүлгіні, біріміз шәугімді ала жүгіретін едік. «Батасын ал, аталарыңның аузы дуалы, қабыл болады» дейтін. Сол тәрбиеге үйреніп кеттік пе, ауылдан ұзап кеткенше төрімізге озған кісінің қолына су құюмен болдық… Қарттар да батасын аямайтын, «Дәу жігіт бол!», «Өркенің өссін!», «Құдай алдыңнан жарылқасын!» деп жататын.
Неге екенін, ес білгеннен-ақ апамыз бізді, бала-шағаны өзге шешелер секілді қонақ келгенде дастарқаннан бөлмейтін. Үлкендердің ғибратты сөзін тыңдасын, мағыналы, мәнді әңгімелерін саналарына түйсін дегені ме екен?.. Төрімізге озған барлық ағамен, атамен, анамен қатар отырдық, алдына тартылған бастың «құйма құлақ бол» деп ұсынған құлағын, «таңдайы тақылдаған шешен бол» деп ұсынған тілін, «көреген көсем бол» деп ұсынған көзін еншіледік… Керемет екен ғой!..
Содан бері де көп уақыт озған жоқ. Десе де, санаулы жылдардың жүзінде ғасырларға бергісіз өзгерістер ғарыштық жылдамдықпен еніп кеткендей-ақ. Мәселен, осы Астанадағы мен тұратын үйдің ауласында бес-алты қария бар. Қашан көрсеңіз де карта соғып, тобылғы түстес сырадан тартып отырғаны. Кейде керісіп қалатындары бар, ондайда ауыздарынан «ақ ит кіріп, көк ит шығып» жатады. Айналада бала-шаға, көрші-қолаң жүр-ау демейді. Орысшасы бар, қазақшасы бар, былапыт сөздердің бәрін тауысады. Өзіміздің қазақ қариялары «үлгі танытып» жүр осылай. Соған қарап, «бүгінгі ақыл айтар ақсақалдың сиқы осындай ма?» деген ойға шоматыным жасырын емес.
Ауылда да апам айтқан «аузы дуалы ақсақалдың» қал­ғаны шамалы-ау! Өйткені, туған топыраққа анда-санда ат ізін салғанда байқаймыз ғой, қаумет сақалын кеудесіне басып, ақ тақиясынан бозқырау самайы көрінген атаны көзіміз шалмайды. Әлде, қариялар да заманына қарай «современный» болып кетті ме екен?..
Кезегі келгенде айта кеткен жақсы, қазіргі кезде кейбір мекеме басшылары әсірешілдікке басып ұжымды кілең жас­тармен жасақтап алуда. Ақылы кемел аға буынға орын жоқ ол жерде. Біздіңше, кез келген кеңсенің төрінде қауқиып бірді-екілі шалдың отырғаны жөн-ау. Көпті көргеннің түйгені де мол болады емес пе?! Әйтеуір, сан жылдық тәжірибесі бар. Жәй ғана өзімнің салама ой жүгіртсем, қариясы көп редакция бір қолымның саласына да жетпейді.
Кешегі Мұхаң (Мұқағали Мақатаев) «Неменеңе жетістің, бала батыр?! Қариялар азайып бара жатыр…» демеп пе еді. Бұл жолдарды енді айту керек сияқты. Дұрыс түсінген жөн, жасы жетпіске, сексенге, тіпті, тоқсан, жүзге келгеннің бәрі қария, ақсақал емес. Қария, ақсақал дегендердің аузы дуалы, сөзі уәлі һәм баталы болуы тиіс. Ал, қарияңның азайғаны – қазынаңның түгесілгені емес пе? Ақсақалыңның сирегені – адамдықтан алыстағанымыз емес пе?..

Асхат РАЙҚҰЛ
а.raiqyl@astana-akshamy.kz

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button