ӘлеуметЖаңалықтар

ҚАРИЯЛАР МАРҚАЙЫП ҚАЛДЫ

ERA_6092

Астана қаласы Қарттар мен мүгедектерге арналған меди­цина­лық-әлеуметтік мекемесінде Менеджмент және бизнес колледжі­нің ұйымдастыруымен «Мейірімді қолдардан махаббатпен» атты қайырымдылық акциясы өтті. Астана күніне орай ұйымдастырылған шараға қатысушылар – арнаулы оқу орны ұстаздары мен шаштараз және сәндік косметика мамандығының студенттері.

Басқосу барысында студенттер мекеме тұрғындарының шашын қиып, сәндеп, түрлі шаш үлгілерін жасап берді. Қариялар білікті шаштараз қызметіне дән риза болып, ақ тілектерін жаудырды. Ардагер журналист Бурабай Бабиев осы іспетті игі шаралар, әсіресе, әлеуметтік мекемелерде өтіп тұрса, құба-құп болатындығын айтты.

«Біз бүгін қарттарға қуаныш, мейірім сыйлайық, қайырымды іс жасайық деп келдік. Бұл – колледждің жыл сайынғы дәстүрі десек те болады. Биыл екінші рет келіп отырмыз. Төрт жылдан бері игі бастамамыздың ара-жігі үзілмей, жалғасын тауып келеді. Бүгінгі шараны өткізудегі басты мақсатымыз – жас ұрпақты үлкендерді сыйлауға, құрметтеуге тәрбиелеу» дейді акцияның өткізілуіне мұрындық болған колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Раушан Бектұрсынова.

Болашақ шаштараз мамандар екі-екіден бірігіп, қарттардың әрқайсының бөлмесіне кіріп, қызметтерін зор ықыласпен орындады. Қариялардың бірі Раиса Ивановнаның бөлмесіне Тілеулес, Махаббат есімді студенттер бас сұққанда, риясыз мәз болып, шын жүректен қуанды. Қыздар өз жұмысына кіріскен сәтте-ақ ақ жаулықты әже әңгімесін айтып, көңіл хошының жоғары екенін білдірді.

Айгүл ӨЗЕКОВА,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button