Басты ақпарат

ҚАРИЯЛАР – ҚОҒАМНЫҢ ҚАЗЫНАСЫ

Неменеге жетістің бала батыр,

Қариялар азайып бара жатыр?..

Мұқаң (Мұқағали) осылай жырлапты. Тарихтың тірі куәгерлерінің қатары расында сиреп бара жатқанын біріміз сезсек, біріміз бас ауырта бермейтініміз де шындық-ты. Құлаққа оғаштау естілетін Қарттар үйін де осындай атаулы күндерде еске алатынымыз бар. Біз де сөйткенбіз. Мекеме басшысы Кенжеболат Сапарұлының пікірі басқа ойға сүйреді сананы: «Біз – қызықпыз. Қарттар күні – думандататын мереке емес. Бұл – қоғамның қазынасы, ақылдың дариясы деп білетін қарияларға тағзым етуді еске салатын күн…»

Түрлі тағдырлар тоғысы

Ресми атауы – Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесі. Ел арасына «Қарттар үйі» атымен сіңісіп кеткен. Елордадағы бұл мекемені осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасының өзі барып, салтанатты жағдайда ашқанын мұндағы тұрғындар мақтанышпен айтады әлі күнге. Рас, жағдайлары барынша жасалған қарттар мен мүгедектердің. Енді мекеме директорының жоғарыдағы пікірін жалғастырсақ. «Қазақта Қарттар үйі қай заманда болыпты?.. Кеңестік заманның тәбәрігі ғой бұл. Десе де, керек мекеме. Өйткені, бүгінгі қоғам өзгерек. Бізде түрлі тағдырлар тоғысқан. Ауыр һәм өкінішті. Мен кейде Қарттар үйіне қазыналы, дуалы қариялар тек бас қосу үшін ғана жиналса ғой армандаймын. Әңгіме-дүкен құрып, кеңес жасап, уақыттарын қызықты, мағыналы өткізу үшін ғана келсе ғой. Және осы бағытта жұмыс та жасап жатырмыз. Қазірдің өзінде күндізгі уақытта ғана келіп, осындағылармен сөйлесіп, қойын-қолтық араласып, кеш бата бала-шағаларының ортасына баратындар жетерлік» дейді Кенжеболат Балишев.

Ортақ үйде – өмірден опық жегендер

Мекеменің психологы Еркін Дәуешұлы да қарттардың ішкі тынысынан сыр тартқан. «Несін жасырамыз, Қарттар үйі қамқорлығындағылардың басым көпшілігі өмірде қате басып, опық жегендер. Алайда, заман құбылысы, қоғам түйткілдері мұндағыларды алаңдатады. Ойларын қосып, пікір айтқылары келеді. Мен шама-шарқымша көзі ашық қариялардың ұсыныстарын, ақылдарын қағазға түсіріп, баспасөзге беріп тұрам» дейді ол.

Нақтылы көрсеткіштерге жүгінсек, мекеме қанатының астына алған үш жүз отыздай азаматтың жетпіске жуығы мұсылман бауырларымыз. Жүзге тарта мүгедек бар. Қалғандарын қарттар толықтырады. Психологтың айтуынша, тұрақ тапқандардың дені ағайын-туыстан ада қалған, ұл-қызынан мейірім таппаған.

Қарттар үйінде ащылау бір шындықтың бары рас. Бір кездері жай-күйі болмай, әбіржіп, кезбе халге түскен адамдар мұндағы «семіздікті» көтере алмай, түрлі оғаш мінездер шығаратын көрінеді. Алайда, егде тартқан жанды тәрбиеге көндіру қиынның қиыны. Сондықтан мекеме қызметкерлерінің жұмысы оңай емес екенін түсінуіміз керек. Ал әлгі «семіздіктің» төркінін Еркін Дәуешұлының мына сөзінен ұғынуға болады: «Мұнда жасалған жағдай кейбір демалыс орындарында жоқ».

Қалқаман атайдың ғибраты

Темекісін құшырлана сорып, ауыр ойда тұрған атаймен сөйлесудің сәті түскен. Қалқаман Жүнісұлы. «Тәңір қосқан қосағым бірнеше жыл бұрын о дүниеге қайтты. Бала-шағамыз жоқ еді. Менің мейірбаным осы мекен болып тұр» дейді ол. Ұзақ жылдар тракторшы, шопан болған екен. Бүгінгі буынға айтары да көп. «Елде болып жатқан әр өзгерісті, жаңалықты құр жібермеймін. Теледидардан, газеттен, журналдан көріп, оқып отырамын. Жақында Президент әлгі «еңбек қоғамына жиырма қадам» мақаласын жариялады ғой. Көп ойландым содан соң. Бүгін техниканың заманы десек те, кәсібі барлардың дәурені туады екен ғой. Кейінгі жастарға айтарым да сол менің, бір істің құлағын ұстау қажет. Несібеңді айырып, нәпақаңды үзбейді» деп бір ақтарылды қария.

«…Ерейментауды сағынам. Кіндік қаным тамып, талай ғұмырыма куә болған өлке ғой. Қатарластарым сиресе де, бар әлі. Бір барып қайтатын уақыт болған тәрізді». Қалқаман атай осыны айтты да, тағы бір тал шылымын тұтатып жатты. «Жаман әдет болса да, орыстардың үйреткені ғой» дейді онысын…

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button