ҚАРИЯЛАРҒА КОНЦЕРТ ҚОЙДЫ
Кеше Конгресс-холл сарайында Қарттар күніне арналған концерт өтті. Салтанатты шараға елордадағы қариялар қатысып, көркемөнерпаздардың өнерін тамашалады.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұйытқы болған көңілді басқосуда Астана мемлекеттік филармониясының әртістері ән-күйлерін ұсынды. Көпшілік халық әндерімен қатар, шетел классиктерінің туындыларын да тыңдады. Астаналық ақ жаулықты аналар мен ақ сақалды қарияларға ақжарма тілектер мен лебіздер айтылды. «Бұл ән-думан біздің ойымыздан шықты, көңілімізді бір сәтке көтерді. Өнерлі ұл-қыздарымыздың әсем сазды орындаулары бұдан кейін де жалғасады деген ойдамыз» дейді бір топ қария. Шараны ұйымдастырудың басы-қасында жүрген басқарманың бас маманы Жұмабекен Нұрмағанбетова барлық игі ісіміз қарттар үшін екенін айтады. «Атаулы күнде үнсіз қалғанды жөн санамадық. Қарияларды бір қуантсақ деп ниеттендік. Міне, үлкендердің көңілі хош, риза» дейді ол.