ЖаңалықтарТағзым

Қарияларға қайырымдылық көрсетті

Жеңістің 71 жылдығына орай Астанада «Ерлік  ешқашан ұмытылмайды»  ұранымен акция өтті.  

ERM_1774

Тағылымды іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырды. Ерікті жас­тар Ұлы Отан соғысына қатысқан 50 ардагер мен тыл еңбеккерлерінің үйін аралап, ата-әжелерге қанды шайқаста жауға берілмей, баба жерін қорғап қалған ерліктері үшін зор алғысын білдірді. Мұнымен қоса әр қарияға үш қорап сый берілді. Оның ішінде үйге қажетті азық-түлік, жеміс-жидек, көкөніс, тәтті-дәмділер, сондай-ақ, тұрмыстық тауарлар бар. «Мұның бәрі жоқ емес, шүкір, бар ғой үйімізде. Бірақ сіздер әкелген дәм бөлек. Ертең әкеміз дастарқан басында шайды рахаттана ішіп, алма, кәмпитті «маған осының бәрін жастар әкелген» деп қуанышпен еске алып жейді» дейді Жанияз атаның қызы. Шалбол әулетінен шыққан Жанияз ата костюмінің төсі медальге толған. 92 жастағы ақсақал зор денелі, нағыз батыр кейпінен айнымаған, кеудесін тік ұстап, әр сөзін нық сөйлейді. «Мені құрметтеп, осындай сыйлық әкелгендеріңе рақмет, айналайындар! Аман жүріңдер! Сыйлы болыңдар!» деп батасын беріп, «Келешегіміз жастар Отанын сүйе білу керек, еңбекқор болып, білім алыңдар! Біздің қиындықпен сақтап қалған жерімізді ешкімге бермей ие болыңдар!» деп өсиет айтты. Он күн бойы елу қарияның жағдайын білген жастар, ардагерлерге қызық­тырған сұрақтарын қойып, аталардың өз аузынан шерлі жылдар тарихына қанықты.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button