Жаңалықтар

Қарияларға құрмет көрсетті

Кеше Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова Астанадағы қарттар үйіне барып, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін Жеңіс күнімен құттықтады. Игі шараға елорда әкімінің орынбасары Андрей Лукин, Республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев және Парламент депутаттары қатысты.

– 1945 жылдың 9 мамыры шежіре парақтарына жазылып, тарихқа айналды. Сіздер майдан шебінде ел іргесін қорғап, жауды жеңдіңіздер. Соғыстан кейін қираған шаруашылықты қайта қалпына келтірдіңіздер. Осылайша патриотизмнің нағыз үлгісін көрсетіп, тәуелсіз Қазақстанның берік негізін қаладыңыздар. Сол үшін сіздерге мәңгі қарыздармыз. Өскелең ұрпақ ерліктеріңізді ешқашан ұмытпайды, – деді Тамара Дүйсенова.
Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеменің директоры Кенжеболат Бәпішевтің айтуынша, бүгінде мұнда 304 кісі тұрады. Оның 4-еуі – Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 16-сы – оларға теңестірілген азаматтар, ал 34-і – тыл еңбеккерлері. Қариялар жыл сайын Жеңіс күнін тойлап, «Ардагер» аллеясына көшет отырғызуды үрдіске айналдырыпты. Бұл жолы да ізгі дәстүр ұмытылмады. Салтанатты жиыннан кейін қонақтар мен жауынгер ата-әжелер ағаш егуге кірісті. Алғашқы шыбықты министр мен Ұлы Отан соғысының ардагері Олег Линник қадады.
Кездесу соңында сарбаздар мен студенттер аспанға Жеңіс шарларын ұшырды. Ал «Наз» мемлекеттік би театрының әртістері, үрмелі оркестр және №17 мектеп-гимназияның шәкірттері мерекелік концерт қойды.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button