ЖаңалықтарҚала тіршілігі

ҚАРИЯЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Жеңіс күні және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 20 жыл толуына орай, Сарыарқа ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Көктал тұрғын алабында мерекелік іс-шара өтті.

Алдымен Сарыарқа ауданы әкімінің атынан соғыс және еңбек ардагерлеріне арналған мемориалдық тақтаға гүлтәж қойылды. Шара барысында Экономика, технология және тағам өндірісін стандарттау колледжінің студенттері Сап және ән байқауын ұйымдастырды.
Байқауды тамашалауға Көктал тұрғын алабының соғыс және еңбек ардагерлері құрметті қонақтар ретінде шақырылды. Олардың басым бөлігі – қаладағы Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеменің тұрғындары. Колледж директоры Серікбол Шалғымбаев соғыс және еңбек ардагерлерін құттықтағаннан кейін байқауға колледж атынан қатысқан 8 оқу взводы салтанатты шерумен ән айтып өтті. Оларды колледждің алғашқы әскери дайындық жетекшісі Кенжебек Жұмашов және алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы Ғұмыр Есеналин жан- жақты дайындап, жүргізген болатын.

Әділқазылар колледж студенттерін елжандылыққа тәрбиелеу, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне мақтаныш сезімдерін қалыптастыру, Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің ерліктеріне құрметпен қарап, оларға деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында ұйымдастырылған шараның алдағы уақытта жалғасын табатынына сенім білдірді.

Аталмыш колледж ұжымы бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған қайсар жандарға осылайша құрмет көрсетті.Шара соңы Экономика, технология және тағам өндірісін стандарттау колледжінің студенттері мен «Наз» мемлекеттік би театры әртістерінің күшімен әзірленген мерекелік концертке ұласты.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button