Басты ақпаратМәдениетСұхбат

Қарлығаш АББАСОВА: Ұнамаған әнді көңілімдегідей орындай алмаймын

Біздің кейіпкеріміздің анасы жеті құрсақ көтерген екен. Әнші Қарлығаш Аббасова – отбасында жетінші бала. Қазақтың әнші қызымен әңгімеміз төмендегіше өрбіді…

015

Өнер анасынан дарыған

– Өзіңіздің әншілік қабі­летіңіз қалай ашылды? Әке­ңіздің сөзі әсер етті ме, әлде өзіңіз ән айтуға қызықтыңыз ба?
– Өнер маған анам жағынан келген, Шолпан деген нағашы апам әнші болған. Өкінішке қарай, бұл күнде апайым
өмірде жоқ. Бауыр­ла­рымның әр­қай­сысының өз сү­йікті кәсіптері бар, олар әруақытта маған қолдау білдіріп жүреді. Кішкентай кезімізде үйде бәріміз ыңылдап ән айтып жүретінбіз. Бірақ, мен айқайлап, бар даусымды салып айтады екенмін. Сонда апайларым мектептен келе жатып, әткеншекке отырып ән айтып отырған мені көріп, «Па, шір­кін! Даусы қандай керемет, осы қыз әнші болады ау!» деп тамсанады екен. Сол да әсер етті ме, кім білсін!
Балабақшадан бері ән айтып, мектеп қабыр­ға­сында мақтаулар естіп, одан әрі қанаттанып, ән салуға құш­тар­лығым ояна бас­тады. Кейде кішкене ауы­рып қалсам да, мұ­ғалімдердің өзі «ол әнші ғой, даусына әсер етер, үйіне қайт­сын» деп жа­на­шыр­лық танытып жататын. Мені сол кезден өнер иесі деп бағала­ғандары сондай, әлі күнге дейін мектеп қа­быр­­ғасында суретім ілу­лі тұр. Өзім әкемнің үмітін ақтағаныма шүкіршілік етемін.
– Отбасында сізден басқа өнер қуғандар бар ма?
– Бауырларымның бәрі әртүрлі кәсіппен айналысады. Ал Ақнұр деген қызымның негізі әншілікке бейімі бар, қазір бес жаста. Ыңылдап ән айтып жүреді, бірақ, әнші болып кетеді деп ойламаймын. Өйткені: «Мама, мен сен сияқ­ты түнде жұмыс істе­мей­мін» дейді. Дегенмен, Алла тағала қызыма өнер берсе, оны неге қолдамасқа, ондай болса мен оны қолдар едім. Өзімді анам қандай жетістікке жет­кізсе, менің де қызым сондай дәре­­жеге жетуі үшін аянбас едім.
– Мағжан Жұмабаев атын­дағы «Қазақ Елі, бір ауыз сөзім саған!» фестивалінің 2011 жылғы жүлдегері атанып, одан кейін Ақтөбе қала­сынан бас жүлде алып, 2013-те Италия, яки Римге барып «Джованни Кантано иль Мондо» байқауында ел намысын қорғап, 2-орын алып келгеніңізден хабардармыз. Ол жерде халық әні «Бұл­бұлым» мен Естай Беркім­баевтың «Сандуғаш» әнін қазы­лар мен көрермен қалай қабыл­дады, қан­ша дегенмен бөтен ел ғой?
– Бұл байқауға бармас бұрын Ақтөбе қаласындағы «Шоғырлы жұлдыздар» байқауына қатыстым, ол жерде көптеген дәстүрлі ән­шілер ішінен кім бас жүлде алады, сол Италияға барады деді. Ал, Италиядағы байқауда көптеген мемлекеттен өнерпаздар болды.
Әр ұлт өзінің дәстүрлі ән­дерін орындады. Ол жерде сахнаға кіріп-шығудан бастап бәрі назарға алынады, мыса­лы, бізде сахнаға шыққанда иіліп сәлем береміз, со­ңынан тыңдаушыға иіліп тағзым ете­міз, ондайды білмейтін елдер де бар екен, сонымен бірге, дауыс диапазо­нына, киім үлгі­сіне қарады. Нә­ти­­жесінде бас жүл­де Румынияға бұйырды, бі­рін­ші орынға Италия лайық деп танылды. Екінші орынды Қазақ­тан­нан – мен, үшінші орынды Ресей алды. Ол жаққа барған кезде қатты тол­ғаныста болдым. Жүлде алуға деген құштарлық, ниет күшті еді. Үміт артып жі­бер­­геннен кейін барымды сал­дым. Мен үшін бұл үлкен қуа­ныш болды. Ол жақта Қа­зақстан мемлекетін біле бер­мейді екен, көшеде болсын, кез­дескен жерде сол елдің адамдары аспапты көрсетіп, «ойнап көрсетші» деп ишара жасайды, «ән айтып берші» дегендей түсіндіреді, тұра қалып айтып берем, сөйтіп қай жерде болсын әнімізді шырқадық. Олар зор сүйсініспен қабылдады.

Елбасымен кездескен ерекше сәт

– Президент шыршасына қатысып, Елбасымен кез­дес­кеніңіз туралы айтып беріңізші. Бұл кез келген адамның басында болып жатқан жайт емес қой.
– Жалпы өнерге келуіме се­бепші болған адам – анам. Анам кіш­кентайымнан қолымнан жетектеп осы қызым әнші болса екен деп, әкем екеуі маған үміт артты. 1994 жылы «Әнші балапанға» қатысып, 34 үміткердің арасынан бас жүлдені жеңіп алдым. Сол кезде әкемнің қуанышында шек болмады. Үйге кісілер келсе ән айтқызып, келешегімнен үміт күтіп, «Қызым әнші болады, Роза апаларының ізін қуады» дейтін әкем көп ұзамай қайтыс болды. 1996 жылы дарынды балаларға арналған Елбасы шыршасы өтті, сонда маған шақыру келді, мектебіміздің директоры үйімізге шақыруды әкеліп, бәріміз қатты қуанғанымыз әлі есімде. Ол жерде де көптеген балалардың ішінде 4-5 баланы Елбасыны қарсы алуға таңдап алғанда, арасында мен де болдым. Анам шығарып берген төрт жолдық таныс­тыру өлеңім бар еді жаттап алған, соны айтып бердім. Елбасының қолынан ұстап, Сара апай бетімнен сүйіп, үлкен қуыршақ сыйлағанда шексіз бақытқа бөлендім. Бұл мен үшін өмірімдегі ерекше сәттер болғандықтан, осы күнге дейін сұхбат берген сайын бәріне айтып жүрем.
– Ұстаздарыңыз Ербол Сарин, Қайрат Байбосыновтан сабақ алған екенсіз, өзіңіз шәкірт тәрбиелеу ісіне қашан ден қоймақшысыз?
– Астанаға келгенде мен эстрадалық ән орындаймын деген мақсатпен келген едім. Бірақ, 2002 жылы эстрада жанры болмады, 2003 жылы ашылды, сосын бір жылым құр кетпесін, қайсысына алады, соған оқимын деп шештім.
Ұстазым Ербол Сарин өзім үйретем деп, домбыра шебер­лігіне үйретті, дауыс диапазонымды қойып, өнерге деген жолымды ашты. Осы кісіге алғысым шексіз. «Шабыт» фестиваліне қатыстым, одан кейін Кенен Әзірбаев, Нұрғиса Тілендиев, Мағжан Жұмабаев атындағы байқауларға қатысып, жүлделер алуыма ағайымның еңбегі зор деп білемін. Сонымен бірге, өз басым қазақтың жезтаңдай әншісі Қайрат Байбосыновтан тәлім алғанымды да мақтанышпен айта аламын. Адам бірінші ұстаз болмас бұрын, алдымен өзін тәрбиелеу керек, менің көргенімнен көретінім әлі алда. Алла жазса, ұстаз да боламын.
Ол үшін ұстаздық дәрежеге көтеріліп, сол биікке лайықты тұлға ретінде қалыптасуға тиіспін. Әр оқушы өз ұстазымен мақтанып жүруі керек қой. Кішкене бір дәрежеге жетсем, шәкірт тәр­биелеймін деген ойым бар.

Талантты танымал еткен ән

– Мағжан Жұмабаевтың сөзіне жазылған Жоламан Тұр­сынбаевтың әні «Айдын шалқар көлім-ай!» сізді танымал етті, жалпы әнді қалай табасыз, әдейілеп ән ұсы­натындар бар ма?
– Эстрада жанрында ән таң­дап, оранжировка жаздырып бастағаным – «Айдын шалқар көлім-ай» әні. Қай жерде орындасам да, халық жақсы қабылдайды. Жоламан Тұрсынбаев ағама алғысымды айтам, осы әнді маған ұсынғанына өте қуаныштымын, бұл әнді өзімнің бойтұмарым деп есептеймін. Әрине, көптеген әнді ұсынып жатады. Бірақ, әуелден бір қанға сіңген мінезім – әнге дайындалғанда ол ән ұнамай тұрса, көңілімдегідей орындай алмаймын. Кейде біреулер бір әнші туралы: «Осының басқа әні жоқ па, осы әнді айта береді» деп жатады, ол олай емес, ол ән әншінің бағын ашқан, әншінің жүрегіне сіңген ән болғандықтан да әнші сол әнді жиі орындайды.
– «Отаным» әні халыққа ұнады, келешекте осы бағытта ойға алған жоспарыңыз бар шығар?
– Әбдірахман Асылбектің сөзіне жазылған Байдалы Рыспамбеттің әні «Отаным» тәлімі бар нағыз патриоттық әндердің бірі. Сонымен бірге, Жақсыгелді Сейіловтің «Ана туралы баллада» әні бар. Жеңістің 70 жылдығына өз үлесімді қоссам деген ниетпен осы әнге өңдеу жасатып, бейнебаян түсірттім. Алматыда Мақсат, Еркін деген ағаларым түсірді, рөлдерді сомдаған апалар, балаларға ризамын.
– Өзіңіздің де жаңа бейнебаян түсіретін ойыңыз бар шығар. Бұл қымбатқа түсе ме?
– Әрине, ондай ой бар, әзірге қаржы жинап жатырмын. Бәрі бір қаржыға келіп тіреледі ғой. Негізі оның бағасы бейнебаянның сапасына байланысты. Бұрын бейнебаян түсіргенше ол жағын түсіне қоймайтынмын. Ол да оңай нәрсе емес екен. Арзаны да, қымбаты да болады екен. Өз басым орташа, әсерлі бейнебаян түсірдім. Болашақта бірнеше бейнебаян түсірсем, өзімнің концертімді берсем деген жоспарым бар, бірақ биыл емес. Оған үлкен дайындық керек. Кішігірім өнер жобасы болса да дайындықпен келу керек.

Сұхбаттасқан:
Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button