Жаңалықтар

ҚАРЛЫҒАШ ТІРЛІК

 Жұмысқа асығыс жиналып жатқанымда қалталы телефон «шыр» ете қалды. Бішкектегі қырғыз танысым екен. Қуанышы қойнына сыймай, үйіне былтыр ұя салған қос қарлығаштың қайтып оралғанын айтты. Жылы ұясын тапқан құстарға ішім жылыса да, беймезгілде телефон шалған беймаза танысымның жаңалығына елең етпедім. Содан жұмысқа жеткенше қырғыздың «Карлыгач учат зымырап» деген әнінің ырғағы тіліме орала берді. Күн құбылып, жылы көктемнен күдер үзгелі қашан. Енді жайдары жаз болса да дейміз ішімізден… Ұшып жүрген қарлығаштарды іздеп, жан-жағыма қарадым. Көзіме түспеді…

Бала күнімізде қарлығаштар біздің үйге де ұя салатын. Әжеміз қарлығаштың сары ауыз балапандары қанаттанып кеткенше есікті жапқызбайтын. Екі құстың ала жаздай тірлігі көз алдымызда өтетін. Қоңыр күзде қарлығаш тірліктің әні тыйылып, құстар бір күнде жоқ болып кететін еді. Бір жылы сексеннен асып, қарлығаштар келмей тұрып, ерте көктемде әжеміз қайтыс болды. Содан бері үйге қарлығаштар жоламай кетті.

Айтқандай, былтыр көктемде ескі үйді бұзып, жаңасын тұрғызды. Жаңа үйдің қабырғасы тұрысымен қарлығаштар ұя сала бастапты. Мен оны жақсылыққа баладым.
Жұмысқа келе сала, үстелімнің үстінде жатқан Астана қаласының мүгедек балалар қоғамының ақпарат парақшасына көзім түсті. Қоғамның төлтаңбасы ретінде қаршадай құс – қарлығаш бейнеленіпті. Осы қоғамның жетекшісі Қамқа Жасановамен болған әңгіме есіме түсті:

– Қанатымен су тасыған қарлығаштай қаншама ана мүгедек сәбиінің тіршілігіне нәр беріп, аялай күтіп жүр. Сал ауруына шалдыққан перзентінің бойына кір жұқтырмай, ішіп-жемнен тарықтырмай мәпелеп бағады. Жылдан жылға үмітін жалғап, мүмкіндігі шектеулі баласының бетіне телміріп, жүрегі езіліп жүрген қайран аналардың еңбегін кім жеңілдетер?! Соңғы жылдары бала 18 жасқа толғанға дейін жәрдемақы төленетін болды. Жалпы, кейінгі кезде мемлекет мүгедектер проблемасына мойын бұрып, көптеген орталықтар ашып, оларды емдеп, оңалту шараларын қолға алып жатыр. Бұрынғыдай «шетелде емдетеміз» деп, алашапқын әбігерге түспейтін болдық. Дәл сондай техника, технологиялар да өзіміздің медицина мекемелерінде де бар. Білікті дәрігерлер де жеткілікті. Науқастарға түрлі жәрдемақы, төлемдер төленіп, дәрі-дәрмектерін жеңілдіктермен беру жолы қарастырылған. Ең бастысы, ана мен бала өз қайғысымен, өз дертімен қоғамнан сырттап, оқшау қалмайтын болды, – деген еді.
Қарлығаштар адам мен табиғат үндесіп, үйлесім орнаған жерде ғана ұя салады дейді. Жарасым жоғалған жерде құс екеш құс та тұрақтамайды екен. Ал, қанатымен су тасығандай жер бетіне жақсылық жасап жүрген жандардың қарлығаш тірлігі де сол жарасымды дүниенің кірпішін қалағандай көрінді маған.

Айгүл УАЙСОВА,
a.uaisova@astana-akshamy.kz

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button