Білім

«ҚАРЛЫҒАШТЫҢ» ҰЯСЫ

ERA_0636

Астана қаласының байырғы балабақшасы «Қарлығаш» өздерінің жарты ғасырлық мерейтойына қызу дайындалып жатыр. Елорданың алғашқы мектепке дейінгі мекемелерінің бірінен саналатын балабақша 1964 жылдың 18 қыркүйегі күні алғашқы тәрбиеленушілерін қабылдаған болатын.

Бұл балабақшаның  ұжымы –  тұ­­рақ­ты. Осы мекеменің табалды­рығын жас педагог болып аттап, ешқайда тапжылмастан зейнеткерлікке шыққандар баршылық екен. Атап айтқанда, Е.Машкина, Н.Новикова, Ш.Шәмішова сынды мамандар – балабақшаның ақылшы-ұстаздары. Ал, қазіргі ұжымда 30 шақты қыз­меткер еңбек етеді.

«Біздің балабақша ашылғалы мен бесінші меңгерушімін. Алғашқысы – Евгения Опенько атты педагог болды.  Ғимараттың айналасында жайқалып тұрған жасыл желек – сол кісінің еңбегі. Ал осыдан екі жыл бұрын Алматы аудандық әкімдігі қаржы бөліп, балабақшамыздың ауласын абаттандырып берді. Қанша дегенмен іргесі ерте қаланған балабақша ғой. Сондықтан күрделі жөндеу жұ­мыстарын қажет етеді. Келесі жылы соған да үміттіміз» дейді балабақша меңгерушісі Людмила Рябченко.

«Қарлығаш» балабақшасы 140 балдырғанға арналған. Мұндағы 5 топтың екеуі қазақ тілінде. Мең­герушінің айтуынша, балабақша әу баста тек орыс тілінде тәрбие берген. Соңғы бірнеше жылда қазақ тобына барғысы келетін балалардың саны күрт артуына байланысты қазақ топтарын ашуға тура келген екен. Қазіргі екі қазақ тобында өзге ұлт өкілдерінің балалары баршылық көрінеді. «Баласын қазақша оқытқысы келетін ата-аналар жылдан-жылға көбейіп келеді. Себебі, олар Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде екенін түсінді» дейді Людмила Петровна.

Оқу-тәрбие жұмыстары жолға қойылған балабақшаның балдыр­ғандары да тақылдап тұр. Олар қала өміріндегі түрлі іс-шараларға және мектепке дейінгі мекемелер арасында ұйымдастырылатын байқауларға да белсенді атсалысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Биылдың өзінде балабақшаның тәрбиеленушісі Аня Сауткина ба­лабақшалар арасында өткен олимпиадада жүлделі екінші орынды еншілепті.

Енді балабақша ұжымының жарты ғасырлық өміріндегі жетістіктері 50 жылдық мерейтойларында әс­петтелмек. 20 қыркүйек күні өте­тін мереке барысында концерттік бағдар­лама ұйымдастырылып,  әсерлі кеш өткізілмек. Жан-жақтан қонақ­тар шақырылып, балабақша қабыр­ғасынан құрметті демалысқа шыққан қадірлі педагогтарға құрмет көрсетілетін болады.

 Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button