Басты ақпарат

Қарқаралы кезеңі

Ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлын бүкіл қазақ біледі. Ал енді осындай тұлғаның Қарқаралы кезеңі туралы деректер аз. Бар болғаны: «1905-1908 жылдары Қарқаралыдағы орыс-қазақ училищесінің оқытушысы әрі меңгерушісі. 1908 жылы саяси көзқарасы үшін Қарқаралы абақтысына қамалған. 1910 жылы 9 наурызда Орынборға жер аударылған». Әрі қарай, «Қазақ» газетін шығарған деп жалғасады.

[smartslider3 slider=2582]

Ал біздің ойымызша, бұл әрі дәл, анық деректер емес. Осы жолдардың авторы тура елу жыл бұрын, Әлекеңдер, Ақаңдар бастатқан Алаш көсемдері ақталмай тұрған кезде Омбыдағы, Алматыдағы архивтерден тап­қан  деректеріміз Ақаңның Қарқаралыда қызмет атқарған кезінде саяси қайраткер ретінде қалыптасып, көзге түскенін көрсетеді. Дәлірек айтқанда, бірінші «Орыс революциясы» деп аталған кез, Ресейдің шет аймақтарындағы бұратана саналған ұлттардың оянып, өздерінің азаматтық құқықтарын іздей бастаған шағы еді ғой. Соның ең бір атаулы, айшықты көрінісі – Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, қол қойылып, Қарқаралыдан Петербургке жолданған петициялар» болатын. Бұлар туралы Қазақстан тарихында бірталай ақпарат берілді, оған тоқталмаймыз. «1905 жылы жазылған Қарқаралы петициялары дүниеге «Алаш қозғалысының саяси күрес жолындағы тілашар ретінде» келгенін көрсетті дейміз. Әрине, одан бұрын қазақтар орыс отаршылығына қарсы күрескен жоқ деген ұғым тумасын. Айт­пағымыз, осы петицияларда тұтас ұлт тағдыры мен келешегінің мәселелері саяси сауатты, мақсатты бағдарлама ретінде, аты аталып, түсі түстелген құжат ретінде, ақы иесінің тікелей өзіне, яғни: біріншісі – Ресей патшасына, екіншісі – Ресейдің атқарушы Үкіметіне, үшіншісі – Ішкі істер министріне, саяси, экономикалық, әлеуметтік проблемаларды жеке-жеке атап көрсетіп, солардың шешілуін талап етуінде болатын. Бұл құжаттардың сол кездің өзінде-ақ Ресейдің бүкіл аймақтарына тарайтын баспасөзінде жарық көріп, қазақ деген ұлт бар екендігі, оның жағдайы туралы хабар таралуы Алаш көсемдерінің аса көрнекті жеңісі еді.

Тәуелсіз Қазақстан жағдайында, аталарымыздың ерлігі деп, тарихи саяси құжат деп өзіміз бағалап отырған петицияларды Ресейдің үкіметі қалай бағалап еді? Бұл құжат Ресей тағын шайқалтып, 17 қазан Манифесін тудырған зор толқынға себеп болған дүмпулердің бірі ретінде бағаланды. Сондықтан да оны жазғандар, жазуды ұйымдастыр­ғандар, таратуға, жариялауға қатысқандар «мемлекеттік қылмыстылар» деп танылды. Міне, «Қарқаралы петициясы» деп айтып қана өте шығатын емес, бұл құжаттың самодержавиені сескендірген қуаты осындай болғаны әлі күнге толық бағасын алмай келеді-ау!. Архив құжаттарын қарап отырсаңыз, бұл оқиғаның салдарынан туған үрейлі пікірлер, қатынас қағаздар, бұйрықтар мен жарлықтар «Ресей императорының өміріне тікелей қарулы қастандық жасалғандай» әсер қалдырады.

«Қарқаралыдағы 50 адамдық әскери команданы күшейтіп, қаруландыруға» қосымша қаржы сұралады. «Құжатқа қол қойғандардың ең болмаса бес-алтауын қамау» туралы айтылады. «Петицияны Омбыға кім әкетті? Онда Бөкейханов күтіп отыр, хатты оған жеткізбеу керек!» деп байбалам салынады.

Ал петицияны жазушылардың бірі – Жақып Ақбаевқа тағылған айыптың ауырлығын айтпай-ақ қояйын.  Ол сот үкімімен 1906 жылғы тамызда ақталса да, 1909 жылы жылы 19 наурызда генерал-губернатордың пәрменімен Семей облысының, оның ішінде Қарқаралы уезінің шегінен аластатылып, Жетісу облысының Қапал уезіне жер аударылды. Тіпті, «Шешемнің ауырып жатқаны туралы хабар алып отырмын, Қарқаралыға барып қайтуға рұқсат беріңіз» деген өтінішіне: «Жоқ, жіберуге болмайды. Қарқаралыда оның жақтастары аман қалып отыр, солардың ішіндегі ең көрнектісі Ахмет Байтұрсынов – орыс-қазақ училищесінің бұрынғы меңгерушісі» деп бұрыштама қойылған. «Ақбаевтың Қарқаралыда бір күн болуының өзі қауіпті!» деп жазылған.

Ахмет Байтұрсыновқа тағылған айыптың негізгісі де – осы мәселе.

1909 жылғы 1 шілдеде Ахаң Қарқаралы түрмесіне қамалады. Архив деректерінде көрсетілгендей: «Байтұрсыновтың Қарқаралы түрмесінде жатуы жергілікті халықтың жаппай наразылығын туғызып, уездегі өкімет билігіне қауіп төндіруі мүмкін» деп жедел түрде Семейге жеткізу жөнінде бұйрық беріледі. А.Байтұрсыновтың қылмысы былайша санамалап көрсетілген: 1) Қарқаралы оязы халқының арасында үкімет билігіне қарсы үгіт жүргізеді, 2) Семей облысы шегінен қуылған Ж.Ақбаевты қайтару туралы жиындар ұйымдастырған, 3) Мектепте орыс балалары аз, 4) Губернатор биыл келгенде: «Оқушылардың кемінде тең жартысы орыс балалары болсын» деген, Байтұрсынов мұны орындаған жоқ», 5) 1905 жылы Бөкейханов пен Ақбаевқа қосылып, императордың атына петиция ұйымдастырған, 6) Орыс-жапон соғысы кезінде патриотизм танытқан жоқ.

Әлекең Ақаңды босатуға күш салып, мемлекеттік думаның депутаты, партиялас жақсы танысы кадет Н.Скалозубовтың көмегіне жүгінеді.  Скалозубов 1909 жылғы 17 қарашада Ішкі істер министрінің орынбасары П.Г.Курловқа хат жазады: «Семей және Өскемен түрмелерінде қазақтың көрнекті интеллигендері бірнеше ай бойы сотсыз жатыр. Мысалы, Ахмет Байтұрсынов – Крыловтың мысалдарын қазақшаға аударған ақын. Қарқаралыдағы орыс-қазақ мектебін басқарған. Семей губернаторы оған ұлы мәртебелі императорға қазақ халқының атынан петиция жазды деп кінә тағады».

Петербургте шығатын «Современное слово» газетінің 19 қарашадағы санында басылған «Қазақтың халық ақыны түрмеде отыр» деген мақаланың авторы осы Н.Скалозубов екен. 1910 жылғы 4 ақпанда Ресей ішкі істер министрінің орынбасары П.Курлов: «Ж.Ақбаевты және оған қоса А.Байтұрсынов­ты, Ә.Бөкейхановты, Ыбырай Ақбаевты, Хасен Ақаевты, Бодаубек Райымбековті, Сүлейменовті, Бәйтеновті Қыр өлкесінен тыс, Жетісу және Торғай облыстарының аумағына екі жылға жер аударуға, мерзімі 1910 жылғы 10 қаңтардан» деп қаулы шығарады.

 Ахаңның Қарқаралыдағы ағартушылық қызметі туралы да айтуға болады. А.Байтұрсын – «Мектеп мұғалімі һәм жетекшісі» деген қызмет шын мәнінде бүкіл уездегі мектептердің, ағарту мекемелерінің жұмысын үйлестіру, әдістемелік, ұйымдас­тыру қызметін атқару. Қазіргіше айтқанда, уездік оқу бөлімінің басшысы. Архив құжаттарында, мысалы, «Ахмет Байтұрсынов­пен қандай байланысың бар?» деген сұраққа: «Байтұрсынов қу, Едірей, Темірші… болыс­тарына мектеп жұмысымен келіп тұрды, мұғалімдердің сабақтарын тексерді. Мектептің құрал-жабдықтарына көмектес­ті, саяси мәселе жөнінде сөз қозғамайтын» деген жауаптар жазылған. Ақаңның үйін тінткенде Ресейде шығатын оппозициялық газеттер табылған.

Қорыта келгенде, Ақаңның ұлы ұстаз, Алаш көсемі ретіндегі күрескерлік өмірбаянында Қарқаралы кезеңі елеулі орын алғанын айтуымыз керек. Қарқаралының іргесіндегі Ақтерек (Бидайық) мектебінде Ақаңның алдынан  оқыған қазақ азаматтары туралы да деректер аз емес.

Сонау 1905-1911 жылдары халқының азаттығы үшін күресін Қарқаралыдан бастаған ұлт ұстазына Қарқаралы өңірінде лайықты белгі қойылып, облыстағы мектептерге есімін беру туралы бұрын да мәселе көтерген едік.

Зарқын ТАЙШЫБАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ профессоры

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button