Елорда тынысы

Қарқынды әрі теңгерімді даму керек

Мемлекет басшысы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шағын құрамда өткен сессиясына қатысты. Жиынға Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, сондай-ақ ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов қатысты.

Сессия барысында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті аспектілері талқыланды. Сонымен қатар ұйым қызметінің басты бағыттары бойынша биыл атқарылған жұмыстардың қорытындысы жасалып, алдағы кезеңнің жоспары айқындалды. Бұдан бөлек, мемлекеттер басшылары жаһандық күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бүгінгі сессия халықаралық ахуал күрт нашарлаған өте қиын жағдайда өтіп жатқанына назар аударды. Еуразия құрлығындағы және ҰҚШҰ жауапкершілігіне кіретін аймақ төңірегінде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Мемлекет басшысының пікірінше, Таяу Шығыстағы оқиғалардың тізбегі де ерекше алаңдаушылық туғызады.

– Қақтығыстан бейбіт халық зардап шегіп отыр. Қаншама жазықсыз адам, балалар қаза тапты. Мұндайға бейжай қарау мүмкін емес. Қазақстан Газа тұрғындарына бір миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсетті. Қаржы БҰҰ құрылымы – UNRWA/БАПОР ұйымы арқылы жіберілді. Қақтығыс кезінде бұл ұйымның қызметкерлері өте көп шығынға ұшырағанына қарамастан, жұмысын ерлікпен жалғастырып жатыр. Таяу Шығыстағы қақтығыс, шын мәнінде, жаһандық ауқымдағы ақпараттық-идеологиялық текетіресті әбден ширықтырып жіберді. Газа секторы төңірегінде болып жатқан оқиғалар әлемдік қоғамдастықты екіге жарды. Соғыс өрті барлық ел мен континентті шарпымай тұрғанда тоқтағаны жөн, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның уақытша бітім жасау туралы соңғы келісімді құптайтынын мәлімдеді.

– Біз әуел бастан қақтығысушы тараптардың гуманитарлық үзіліс жариялауы керек екенін айттық. Олар осы уақытты қалыптасқан жағдайды реттеудің ұзақмерзімді шараларын әзірлеуге пайдалану үшін бар күш-жігерін жұмсауы қажет. Бұған қоса, БҰҰ аясында палестиналықтарға «Екі халық үшін екі мемлекет» формуласына сай толыққанды мемлекет құру құқығын берген жөн. Осындай қиын жағдайда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарын мүлтіксіз орындап, халықаралық құқық нормаларын сақтау маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Қазақстан ­Президенті Ауғанстандағы күрделі ахуалға назар аударып, халықаралық қоғамдастықты ауған халқына көмек беру ісін жалғастыруға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ аясындағы серіктестердің әдеттегі қауіп-қатер деңгейінің ұлғаюына, соның ішінде есірткі, қару-жарақ айналымының, трансшекаралық қылмыс пен заңсыз миграцияның өсуіне қатысты алаңдаушылығына түсіністікпен қарайтынын мәлімдеді. Қазақстан Ұйымға мүше мемлекеттермен бірге осы сын-қатерлерге алдағы уақытта да төтеп беруге әзір.

– Біз ҰҚШҰ қызметінің әдіс-тәсілі мен стратегиясын жолға қоя отырып, заманауи қауіп-қатер мен сын-тегеуріндерді міндетті түрде ескеруге тиіспіз. Сонымен қатар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатер төніп келе жатқанын, егер ондай қауіп болса да, оны үнемі айта берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Түптеп келгенде, қауіп-қатер әрдайым болған. Халықаралық қоғамдастықтың болмысы осындай. Бұл тақырыпты қайта-қайта көтеру, бізді әлдекімнен қорқатындай көрініс қалыптастырады. Мұндай мәлімдемелер мүлде қате түсінікке алып келуі мүмкін, тіпті қазірдің өзінде солай болып көрінеді. Қатысушы мемлекеттердің абырой-беделін және олардың әскери-саяси әлеуеті мен қуатын ескере отырып, Ұйымның риторикасы қатал, әйтсе де белгілі бір деңгейде қисынды болуға тиіс. ҰҚШҰ беделді әскери-саяси ұйым ретінде өзінің жетістіктерін паш етті. Бірақ алдымызда ұйымға мүше мемлекеттердің конструктивті мүддесіне сай келуге тиіс жаңа міндеттер тұр, –  деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Ұйымды қарқынды әрі теңгерімді дамытуға, барлық мүше мемлекеттің ұлттық мүдделерін ескере отырып, ұжымдық қауіпсіздікті нығайтуға ниетті екенін мәлімдеді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button