Сұхбат

Қаршыға ҚҰЛМҰҚАНОВ, Астана қаласы №2 балалар ауруханасының бас дәрігері: БАЛАЛАР мен ЖАСӨСПІРІМДЕР ТЕГІН ТЕКСЕРІЛЕДІ

– Алло, сәлеметсіз бе, тікелей тілдесу ме екен?! Жақында келінім қаламыздағы №2 балалар ауруханасы­на баласымен жатып шықты. Кішкентайын дәрігерлер тегін емдепті, ал өзі осында жатқан әр күні үшін ақша төледі. Осы дұрыс па?

– Баласы қанша жаста?

– Үштен асқан.

– Онда дұрыс. Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі «Халықтың денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің «Балалардың құқығы» атты 89-ба­бына сәйкес, үш жасқа дейінгі бала­лар және одан үлкен жастағы, ауыр жағдайдағы балалар тегін емделеді. Сондай-ақ, осындай жағдайда болған балаларға күтім жасаған адамдар медициналық мекемеде тегін жата алады.

Жалпы, ауруханамызда емделетін жасөспірімдердің барлығы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде толығымен ақысыз тексеріледі және емделеді. Ал, үш жастан асқан балалардың жағдайы орташа бол­са күтуші жатар орынға емес, коммуналдық қызмет үшін ақыға белгіленген көлемде ақша төлейді.

– Мен, Балым Исмагулова – екі баланың анасымын. Қазіргі күнде бала күтіміндегі демалыста отырмын. Жуырда Абылайхан даңғылынан жаңа балалар ауруханасы ашылады дейді. Осы екі аурухананың айырмашылығы қандай болады және ол жерде қандай ауруларды емдейді?

– Иә, бұл жаңа ғимаратқа үстіміздегі жылдың соңында көшеміз деген үміттеміз. Ол ауру­хана «Бір ауысымда 250 келушіні қабылдайтын емханасымен 350 орынды көп салалы қалалық ба­лалар ауруханасы» ШЖҚ МКҚК деп аталады. Қазіргі ауруханадан басты айырмашылығы – ол жаңа заман талабына сай медициналық құралдармен жабдықталған және онда жақ беттік хирургия, күйік, неврология, реабилитология бөлімшелері жұмыс істейтін бо­лады. Сондай-ақ, қалалық жасөспірімдерге арналған амбулаторлық хирургия орталығы емхананың бөлімшесінде орналасады. Жаңа аурухана Абылайхан даңғылы мен 12 магистральдың қиылысында орналасқан. Мұнда жедел жәрдем арқылы және емханалардың жол­дамасымен келген жасөспірімдер емделеді. Күндізгі стационарды 30 орынға дейін ұлғайтудамыз. Бұл ауруханада өзіміздің мекемедегі тәжірибелі мамандар, шетелден біліктілігін арттырып келген ма­мандар, жас мамандар қызмет атқарады.

– Қаршыға Кәкешұлы, біз Алматы ауданының оңтүстік-шығыс ауданында тұрамыз. Бірақ, балаларымызды сіздің аурухананың емханасына тіркеп, қаратып отырғымыз келеді. Оған мүмкіншілік бар ма?

– Ауруханамыздың емханасы консультативтік және диагностикалық көмек көрсетуге арналған, сондықтан біз сіздің балаларыңызды тіркеуге алмаймыз. Сол себепті біздің емханаға өзіңіз бекітілген медициналық мекемеден жолдама алу арқылы келіп кеңес алуға, толық тексеруден өтуге, ем тағайындауын алуға мүмкіндігіңіз бар.

– Астанадағы №2 қалалық балалар ауруханасында балалар гинекологы бар ма? Жалпы жасөспірімдер арасын­да, соның ішінде жасөспірім қыздардың жыныстық дамуы жөнінде сауаттандыру жұмыстары қалай жолға қойылған?

– Біздің емханада 2 гинеко­лог маман жұмыс істейді. Қыз балаңызбен бірге келіп, осы ма­мандардан кеңес алуларыңызға болады. №1 қалалық аурухананың гинекология бөлімшесінде жасөспірім қыздарға жедел жәрдем көмегі көрсетіледі. Мектептегі медицина қызметкерлерінің шақыруымен біздің мамандар ата-аналар мен балалар арасында кездесулер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, әрқашан түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады. Сонымен бірге «Медицина для Вас» деген газетте біздегі бала­лар гинекологы Г.Төкенованың балалар гинекологиясының өзекті мәселелері жөніндегі 12 мақаласы жарияланды.

– Айтыңызшы, Астанада жылдың кез келген уақытында науқастанған баланың сабақтан қол үзбей емделетін сауықтыру орны бар ма?

– Өкінішке қарай бүгінгі таңда Астана қаласында мұндай сауықтыру орындары жоқ. Деген­мен, қажет болған жағдайда мек­теппен келісу арқылы балалардың ауруханамызда емделген уақытта сабақтарын жалғастыруына мүмкіндік жасаймыз.

– Мемлекет басшысы еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Соның арқасында бүгінде адамдардың өмір сүру ұзақтығы артып отыр. Ал, ана мен бала өлімін азайту бағытында №2 қалалық балалар ау­руханасында қандай шаралар жүзеге асырылуда?

– Біздің ауруханада нәрестелердің өлімін азайту үшін барлық жағдайлар жасалуда. Бұл бағытта біз мамандарымыздың біліктілігін арттырып, жағдайды үнемі қадағалап отырамыз. Дегенмен, өкінішке қарай кейбір кездерде нәрестелер ауруханаға өте ауыр жарақаттармен, асқынған ауру­лармен және уақытынан кеш түсіп жатады. Мұның өзі аурудың бетін қайтаруда қиындықтар тудыра­тыны белгілі. Сондықтан, Елбасы айтқандай, әрбір қазақстандық са­лауатты өмір салтынсыз, тамақты тарта ішпейінше, қимыл-қозғалыссыз және спортсыз ұзақ өмір сүру мүмкін емес екенін білуге тиіс. Балаларын да осы бағытта тәрбиелеп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға үйретуі керек. Қысқасы, салауаттылық салтымызға айналса игі.

– Аты-жөнім Наргиз Төлеуқызы Әбдірахманова, кішкентай екі балам бар. №2 қалалық балалар ауруханасына жиі келеміз. Қабылдау бөлімінде қашан келсек кісі көп болады. Бар уақытымыз кезекте тұрумен өтеді. Бұл неге байланысты?

– Иә, сұрағыңыз орынды. Біздің аурухананың 3 қабылдау бөлімі және жарақат пункті бар. Тәулік бойы 150, тіпті кейде180 науқасқа қызмет көрсетіп, кеңес беріп және ем тағайындаймыз. Осы келгендердің ішінен 20-30 бала ғана ауруханаға жатқызуды қажет етеді. Біздегі қабылдау бөлімдері тек қана жолдамасы бар және жедел жәрдеммен келген науқас балаларды қабылдайды. Сондықтан ата-аналар баласы ауырған жағдайда алдымен учаскелік дәрігерді үйге шақырып не болмаса тіркелген емханадан кеңес алып, содан кейін барып ем алуы қажет. Осындай тәртіпке көшетін болсақ қана қабылдау бөлімдеріндегі кезек азаяр еді, біздің дәрігерлер жататын науқастарға көбірек көңіл бөлер еді деп ойлаймын. Өкінішке қарай ата-аналардың көбі өздерінің балалары бекітілген дәрігермен үнемі байланыста болудың тиімділігін әлі де түсінбейді. Сондықтан да Елбасының «әркім өз денсаулығына алдымен өзі жауап­ты» деген сөздерін жадымыздан шығармасақ екен деймін.

– Қызым 9 жасында гломерулонефрит болып ау­ырды. Қазір жағдайы жақсы, бірақ, болашағына қатты алаңдаймын. Бүгінде қызым 15 жа­ста. Барып қаралайық десек, өзіміз бекітілген емханада ма­ман дәрігер жоқ. Айтыңызшы, Сіздерде жақсы нефролог бар ма?

– Қызыңыз он бестен асты ма?

– Жоқ, он беске қазан айында келеді.

– Осы жасқа дейінгі балалар ғана бізге көрінеді. Бізде нефролог дәрігер бар. Сондықтан, біздің мекеменің маманынан кеңес алуыңызға болады. Біздің емханада тіркелген болсаңыз, қажет болған жағдайда басқа да мамандардың көмегіне жүгіне аласыз.

– Қаршыға Кәкешұлы, мы­наны білгім келеді: бүгінгі күні балалар арасында қандай аурулар жиі кездесуде және оның себебі неде?

– Негізінен, біздің аурухана­да тыныс жолдарының ауруы, жарақаттар мен уланулар, ас қорыту мүшелерінің аурулары жиі орын алып келеді. Ең бастысы әр адам, соның ішінде балалар жеке бас гигиенасын сақтаса және сау тағаммен уақытылы тамақтанса, мұндай аурулар азаяр еді. Бұл ретте Елбасы медицина саласына, халықтың денсаулығына жіті на­зар аударып келеді. Жақында ғана жарияланған «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында да әрбір қазақстандық үшін басты құндылық – өзінің денсаулығы екенін ескере келе, өзінің жеке басының денсаулығын алдымен адамның өзі ойлауы керектігін баса айтты.

Біздің ауруханада салауатты өмір салтын сақтау дәрігері жұмыс жүргізеді. Ол әр бөлімшеге барып, дәрігерлер мен науқастарға салау­атты өмір салты туралы әңгімелер, кеңестер, тренингтер өткізіп отырады. Бізге қарасты №28,30 мектептердің оқытушылары мен оқушыларына да салауатты өмір сүрудің пайдалы тұстары тура­лы, яғни темекінің, ішімдіктің, нашақорлықтың зияндары ту­ралы лекциялар оқып, насихат жұмыстарын жүргізіп келеді. Ра­сында да, егер әр адам «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздесе», аурудың алдын алып, салауатты өмір салтын ұстанса, балаларына уақытылы көңіл бөліп отырса, бәрі де дұрыс болар еді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

2 пікірлер

    1. Құрметті Мөлдір! Кішкентай бала жайдан-жай тыпыршып жыламайды. Сондықтан уақытты оздырмай, сәбиіңізді дәрігерге көрсеткеніңіз жөн! Түнгі мезгілде мазасызданса, жедел жәрдемді шақырғаныңыз дұрыс немесе мүмкіндігіңіз болса, қаланың №2 балалар ауруханасына («Мастер» сауда үйі жақта) апарып көрсетіңіз. Ондағы мамандар кез келген уақытта балаңызды қабылдап тексеріп, әрі қарай не істеу керектігін айтады. Ал күндізгі уақытта өзіңіз тіркелген емханаңыздың учаскелік педиатр-дәрігерінің қызметіне жүгініңіз.

Пікір үстеу

Back to top button