Sport

ҚАРСЫЛАСЫМЫЗ – «КУБА ҚАБЫЛАНДАРЫ»

IMG_0069

WSB халықаралық турнирінің жартылай финалында «Астана арландары» Ресейдің боксшыларын айқын басымдылықпен ұтып, ақтық айқасқа жолдама алды.

АИБА аясында биыл бесінші рет өтіп отырған жарыста «Астана арландары» 2013 жылы жеңімпаз атанған болатын. Осы байрақты бәсекенің алғашқы турнирінде астаналық боксшы Қанат Әбутәліпов чемпион атанып Лондон олимпиадасына жолдама ұтып алғаны есімізде.
Астана қаласындағы «Дәулет» спорт комбинатында керілген шаршы алаңда екі күн қатарынан бокс бәсекесін тамашаладық. Ресей бокс­шыларымен өткен жекпе-жектер біздің жігіттердің басымдығымен өтті. Есеп 9:1! Теміртас Жүсіпов (49 келі), Олжас Сәттібаев (52), Қайрат Ералиев (56), Закир Сафиу­ллин (60), Самат Бәшенов (64), Данияр Елеусінов (69), Мейірім Нұрсұлтанов (75), Василий Левит (91) өз қарсыластарын ұпай санымен жеңсе, ең ауыр салмақта Иван Дычко ресейлік Руслан Шамаловты екінші раундта нокаутқа түсірді. Біздің боксшылардан тек Нұрдәулет Жарманов (81 келі) қана қарсыласына жол беріп қойды.
Сонымен биылғы жарыстың негізгі бәсекелері аяқталып, шешуші айқастың да кезегі келді. Енді чемпиондық атақ үшін «Астана арландары» былтырғы маусымда топ жарған «Куба қабыландары» боксшыларымен қолғап түйістіреді. Финалдық жекпе-жектер қай қалада және қашан өтетіні жақын арада белгілі болады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button