Мәдениет

Қарттар құрған хор

Кеше елордадағы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Елорда» халықтық ардагерлер хорының құрылғанына 15 жыл толуына орай есеп беру концерті өтті.

Алматы аудандық әкімдігі және аудандық Ардагерлер кеңесінің қолдауымен өткен бұл іс-шарада әсем әндер шырқалып, мазмұнды өлеңдер оқылып қана қоймай, «Өнерді асқақтатқан «Елорда» халықтық хоры» кітабының тұсаукесер рәсімі де қоса өтті.

Хордың құрылу тарихына келсек, 2008 жылы «Алаш аманаты» қоғамдық бірлестігінің жанынан ардагерлер ансамблі құрылып, 2021 жылы «Елорда» халықтық хоры атағына ие болды. Бастапқыда хордың 7-8 мүшесі болса, бүгінгі таңда олардың қатары көбейіп, 30 адамнан асыпты.

– Ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді ұлықтап, оны ұрпақ санасына сіңіру, сондай-ақ қарттардың зейнетке шыққаннан кейінгі уақытын мағыналы өткізу мақсатында құрылған «Елорда» халықтық ардагерлер хорында бүгінгі таңда 60-85 жас аралығындағы, әр саладан зейнетке шыққан 30-дан астам ата-әжелер өнер көрсетеді. Олар халқымыздың байырғы әуендерін насихаттау үшін мектептерге, әртүрлі мәдени ошақтарға да барып концерт қойып, жұрттың ыстық ықыласына бөленіп жүр. Биыл сонау Алтайға дейін барып өнер көрсетіп қайтты. Оларға арнаулы қаражат бөлінбесе де, өздері ұйымдасып елорда ардагерлерін жақсы қырынан таныта білді. Осы орайда бұл ардагерлер өнер ұжымын қолдап-қуаттап отырған Алматы ауданы әкімдігіне, сондай-ақ Астана қалалық Ішкі саясат және Мәдениет басқармаларына, қалалық Ардагерлер ұйымына айрықша алғыс айтамыз. Айтар бір ұсынысым, халықтың рухани мәдени тұрмысын байытуға үлес қосып жатқан осындай ұжымдарға әкімшілік тарапынан қаржы бөлу жағын да қарастырған орынды секілді, – деді Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Астана қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі Марат Мұстафин.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button