Қарттар үйі неге көбейіп барады??

– Біз әкені ардақтаған, ананы аялаған, үлкенге деген құрметі сейілмеген мейірімді халық едік. Бүгінгі тәліміміз азайып, тәрбиеміз шұбарлана бастаған тасбауыр қоғамда сан ғасырлар бойы, ұлттық болмысымызға ұйытқы болған ұлық қасиеттерімізден ажырап барамыз. Қоғамда қартайған ата-анасына жатсына қарайтын безбүйрек ұл мен кесірлі келін, тасжүрек немерелер көбейіп барады. Соның кесірінен қартайған кісілер, бойдан қуат, білектен күш кеткен егде шағында іштен шыққан өз баласына өгей болып қарттар үйін паналауда.
«Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деген құндылықтың мәнін ұқпаған жетесіз ұрпақ көбеюде. Өз баласы өзекке теуіп, өксігі ұлғайған, шерменде қарттардың барлығы асыраушы балалары жоқ тұл адамдар емес.
Қарттар үйін паналағандардың ішінде балалары лауазымды қызмет атқаратын, кәсіппен айналысатын, ұрпақтары бақуатты тұратын бейбақтар да бар.
Қарттар үйін паналауға мәжбүр болған қариялардың дәрі-дәрмегі, тағы басқа материалдық қажеттілігі үшін, өмірдегі ең қымбатты ата-анасын керексіз қылған көкек балаларының табысынан ұстап отыруды ұсынамын.
Еліміздегі 45 қарттар үйлерінде 5,9 мың егде жастағы адам бар.
Көптеген жеке орталықтарда орын тапшылығы байқалады.
Қарттар үйлерінің көбеюіне әсер ететін негізгі мәселелер:
- Отбасы құндылықтарының дағдарысы және әлеуметтік жауапкершіліктің төмендеуі.
Көптеген отбасылар ата-аналарына қамқорлық жасаудан бас тартып, олардың баспаналарын заңсыз иемдену жағдайлары жиілеп кетті. Кейбір жағдайларда мұндай құқық бұзушылыққа нотариустардың қатысуымен жалған құжат жасау арқылы қол жеткізіледі, нәтижесінде егде адамдар баспанасыз қалады. Бұған қоса, әлеуметтік және экономикалық қиындықтар, отбасындағы түсініспеушілік қарттар үйіне түсуіне себепші болуда.
Құндылықтардың құлдырауы, білім беру жүйесіндегі кемшіліктер.
Қазіргі білім беру жүйесі тұлғаның жеке жетістіктеріне басымдық бергенімен, оның моральдық-адамгершілік қалыптасуына, отбасы құндылықтарына, үлкенді құрметтеудегі жауапкершілікке жеткілікті назар аударылмайды. Әлеуметтік желілер мен батыстық мәдениеттің ықпалы кесірінен жастар жеке басының мүдделерін бірінші орынға қояды, бұл отбасы мен қоғам алдындағы жауапкершілікті төмендетеді.
Нәтижесінде, үлкендерді сыйламау, отбасылық байланыстардың әлсіреуі, ата-ана алдындағы жауапкершіліктің төмендеуі қалыпты құбылысқа айналып барады. Бұл – ұлт болашағына, әлеуметтік тұрақтылыққа төнген қауіп.
Қарттар үйлерінде қатыгездік көрсету оқиғаларының көбеюі де ойландырады.
Жақында Павлодар облысының Ақсу қаласындағы пансионатта қарт адамдарға қатысты адам төзгісіз жағдайлар тіркелді. Қарттарды ұрып-соғып, қолдарын бұрап, қыстың суығында киімсіз далаға шығарып тастаған.
Тереңдей қарасақ, бұл – қайталанбайтын жеке жағдай емес, етек алып отырған проблема.
Қарттар үйіндегі қызметкерлердің біліксіздігі, моральдық- этикалық қағидаларды сақтамауы және бақылаудың жеткіліксіздігі осындай оқиғалардың жиілеуіне себеп болып отыр.
Қарттар үйіндегі қариялардың зейнетақыларының 70%-ы мемлекеттің қажеттіліктеріне жұмсалады, ал оларға тек 30%-ы ғана қалады.
Осы мәселелерді шешу үшін мыналарды ұсынамын:
- Отбасы құндылықтарын нығайтуға және қарт азаматтарды қолдауға бағытталған кешенді бағдарлама әзірлеу және қабылдау.
- Қарттар үйлерінде көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, мекемелердің қызметін қатаң бақылауға алу және қоғамдық мониторинг енгізу.
- Қарт азаматтардың мүліктік құқықтарын қорғау шараларын күшейту, тұрғын үйді алаяқтық жолмен тартып алу жағдайларына қарсы қатаң заңнамалық нормалар енгізу.
- Қарттар үйіндегі медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту.
- Балабақшалар мен мектептерде отбасы құндылықтарын, үлкендерге құрмет пен жауапкершілікке тәрбиелеу сабақтарын енгізу.
Ата-анасын қарттар үйіне тапсырған жеке тұлғалардың еңбек табысының бір бөлігі ата-анасына тиесілі болғаны әділеттілікке сай келеді.
Аманжол ӘЛТАЙ,
Мәжіліс депутаты