Қарттарға қамқорлық көрсетті

Апта ішінде Астана қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы Алғыс айту күніне орай «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болып, қайырымдылық акциясын өткізді. Жылдағы дәстүрмен ұйымдастырушылар осындағы қариялар мен мүгедектігі бар жандарға қамқорлық танытып, өздерінің сый-сыяпатын үлестірді.
Мерекелік шарада ассамблеяның этномәдени бірлестіктеріне қарасты шығармашылық ұжым концерт беріп, орталықтағы қызмет алушылардың көңілін көтерді. Мерекелік сыйлық ретінде азық-түлік себетін таратты.
«Бұл – еліміздегі этносаралық татулық пен бірлікті нығайтуға арналған шара. Бұған этномәдени бірлестік мүшелері, ардагерлер, студенттер еріктілер қатысып отыр. Біз жыл сайынғы қалыптасқан дәстүрмен осы орталыққа келеміз. Яғни қалалық ассамблея ұжымы болып, түрлі ұлт өкілдерінен құралған өнерпаздарымыз ән салып, би билеп, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды атаулы мерекемен құттықтап отырамыз. Сонымен қатар, біздің тұрақты демеушілік танытатын қалалық кәсіпкерлердің қолдауымен орталықта қызмет алып жатқан әр азаматқа сыйлық берілді» дейді Астана қаласының Қоғамдық келісім КММ бас маманы Ақжалын Сәулебек.
Айта кету керек, мекемеде 300-ден астам жалғызбасты қарттар мен ерекше қажеттіліктері бар жандар тұрады. Оның ішінде орталықта 10-нан астам түрлі этнос өкілдері қызмет алуда.
«Алдымен барша Астана халқын Алғыс айту күнімен құттықтаймын. Екіншіден, жыл сайын қайырымдылық шара өткізіп, орталықтағы қарттар мен өзге санаттағы азаматтарымызды үнемі қолдап жүретін Астана қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы ұжымына көп рақмет айтамыз. Бүгін де керемет концерттік бағдарлама ұсынып, оған қоса 335 адамға сыйлық ұсынып отыр» дейді «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Сәуле Қазыбекқызы.
Ержан ҚОЖАС