Қарттарым, аман-сау жүрші
Біз тұратын көп қабатты үйдің ауласынан үнемі немерелерін ертіп алып серуендеп жүретін ақ жаулықты әжені жиі көремін. Кейде ол бал тілді бүлдіршіндердің ортасында шат-шадыман күй кешіп, масайрап отыратыны бар. Осындай бір көңілі көтеріңкі кезде қарияға жақындап, әңгімеге тарттым.
– Өміріме дән ризамын, осы күнге жеткізген құдайға мың тәуба! – деп әже бірден әңгіме тиегін ағытты. – Есімім – Гүлдария. Өзім мына Қорғалжын ауданының тумасымын. Шалым Ұлы Отан соғысына қатысқан, еліне елеулі азамат еді, дүние салғанына бес-алты жыл болды. Екеуміз үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірдік. Қазір ұлдарымыз – ұяға, қыздарымыз қияға қонды. Олардан он төрт немере, төрт шөбереміз бар. Мына кішкентайлар сол шөберелерім ғой…
Мен осы сәт сексеннің сеңгірінен асқан ақ шашты әзіз ананың бақытты жүзіне қызыға қарадым. Өз балапандарын ұядан аялап ұшырғаны былай тұрсын, немерелерін де аяқтандырып, отау тіктіріп, енді шөберелерін емірене иіскеп отырған қарияның «өміріме дән ризамын» деп ағынан жарылуында көп мән жатыр-ау?! Демек, отағасы екеуі отбасында перзенттеріне тәлімді тәрбие, ұлағатты ұғым сіңіріп, енді, міне, қартайғанда соның жемісін теріп отыр. Түн ұйқыны төрт бөліп төккен тер, арқа еті арша, борбай еті борша болып атқарған еңбек ақталды деген сөз. Қазақтың осындай жүзінен бақыт нұры төгілген, жаулығы қарқарадай әжелерін көрудің өзі бір ғанибет емес пе?!
«Қартың болса үйіңде, жазып қойған хатпен тең» дейді дана халқымыз. Үлкендердің үнемі қасы мен қабағына қарап, сәл де болса солардың көңілін аулап, өмірден көрген-түйгені мол жандардың ризашылығына бөленіп, батасын алып жүретін бала мен келіндерге, «әжетайым-ау» деп мойнына асылып жатқан шөберелерге қалайша сүйсінбессің?!
Бірақ, бес саусақтың бірдей еместігі сияқты, өмірде бәрі бірдей бола бермейді. Кезінде тәрбиедегі кеткен ағаттықтың салдарынан жас ұлғайып, еңбектің зейнетін терер шақта жалғыздықтан жабығып, соқа бастары сопайып қалған қариялар да бар. Әрі олар Астана қаласында да аз емес. Солардың бірі – айналымға келмейтін бір бөлмелі үйде жалғыз өзі тұрып жатқан Рысты Темірханова есімді кемпір. Бойда күш-қуаты бар кезде құдайдан сұрап алған жалғыз ұлды қатарынан кем қылмай жетілдіремін деп, оқытты-тоқытты. Енді, міне, кәрілік келіп, еңкейген сәтте оның өлі-тірісінен де бейхабар. Осыдан он алты жыл бұрын жұмыс іздеп Алматы жаққа кеткен екен, содан бері хабар жоқ. Ал, өзі құрқылтайдың ұясындай «құжырада» тіршілік кешкеніне отыз жылдан асыпты. Әрине, халықты әлеуметтік қорғау бөлімінен қолдау көріп, көмек берілетінін жоққа шығарған жоқ. Дегенмен, оның өзі теңізге тамған тамшыдай ғана.
Азын-аулақ зейнетақысын мына қымбатшылық қос өкпеден қысқан заманда тамағына әрең жеткізіп, «шықпа жаным, шықпалап» отырған оның бұл тағдырына кім кінәлі? Әлде, мәпелеп өсірген жалғыз ұлының санасына ұлттық құндылықтарды сіңіре алмаған өзін айыптаймыз ба? Немесе жасы жеткенде еріксіз жылатып қойған қатал тағдырдан көреміз бе? Қалай дегенде де, жүзіндегі көп сырды арасына бүккен қатпар-қатпар әжімдері оның бастан өткерген талай тауқыметті күндерінің куәсіндей әсер қалдырды.
Алматы ауданында ғана жүз жетпіс жеті кәрі адам есепте тұрады екен. Осындай сырқат, жүріп-тұруы қиын адамдардың арнаулы қызметкерлер азық-түлігін апарып, үйлерін тазалап, тамағын әзірлеп беріп тұратын көрінеді. Бұған қоса, жалғыз басты зейнеткерлерге жеңілдікпен түрлі азық-түлік беріліп, атаулы мерекелерде материалдық көмектер көрсетіліп тұрады. Алайда, мұның бірі де олардың көңілдеріндегі қаяуды, көздеріндегі мұңды сейілте алмасы анық.
Тіпті, өткен жылдары қалада осындай жалғыз ілікті қарияның үйінде жан тапсырып, бір аптадан кейін ғана кездейсоқ анықталғаны туралы естір құлаққа ауыр оқиғаның болғандығы да жасырын емес. Мұны айтып отырғанымыз, қазір көрші-көлем, жолдас-жора, ағайын-туыстардың бір-бірінен қол үзіп, өз бастарын ғана күйттеп кетушілігі байқалады. Қымбатшылықтың өкпені қысқан шағында наны мен сүтін әкелу, бір шәугім суын қайнатып ішу мұң болып отырған бейбақтарға қамқорлық жасар жақын-жуығы қайда? Бұрын көп болып, жалғызды жабырқатпай, жетімді жылатпай қамқор болатын дәстүріміз қайда? Қарға тамырлы қазақ емеспіз бе? Осы жалғыз басты қариялардың нағашы, жиен, бөле, немере туыстары қайда? Олар неге жанашырлық байқатпайды?
Дегенмен, жасы ұлғайғандардың жетім көңіліне өздері біліп шуақ төге алмай отырған адамдарды үгіттеп, немесе «ұялтып» қамқорлық жасату мүмкін бе? Ата-бабамыздың қайырымдылық, ізгілік жолын ағайын-туыстар арасында қайта жаңғырту мына жаһандану заманында әзірге қиындау сияқты көрінеді.
«Жаһандану заманы» демекші, жасы жеткен жетімдерді «Қарттар үйіне әкеліп тапсыру жайы да қазаққа жат болмай қалды. Астанадағы қарттар мен мүгедектерге арналған әлеуметтік-медициналық мекемесінде үш жүз он төрт қария тұрып жатыр. Әрқайсысының тағдыры – әртүрлі. Осы жерге тап болу жолдары да сан қилы шытырман оқиғаларға толы. Алайда, «басқа түссе, басбақшы» дегендей, бір үйде төрт қабырғаға қарап қалған мұңлықтар мына жерде бір-бірімен шүйіркелесіп, шер тарқатады екен.
Ермек Елемесов ақсақал да мұнда қалай келгенін бүкпесіз айтып берді. «Кемпірім қайтыс болғаннан кейін күйім кетті. Ас пісіріп ішуім мұң болды. Сосын бір жамағайыныма: «мына менің бір бөлмелі үйіме сен кір де, мені «қарттар үйіне» апар» деп өтініш жасадым. Шүкір, қазір жағдайым жақсы».
«Сонда әлгі үйіңізге кіргізіп кеткен немере ініңізбен бірге тұруға болмады ма?» деген сауалымызға қария: «ол үнемі арақ ішеді, шырағым» деп жауап берді.
«Қарттар үйінің» психологы Еркін Дәуешұлының айтуынша, Нұрым Кенжебек ақсақалды келіні мен баласы «біз сені шипажайға алып келдік. Осында бір ай демалған соң алып кетеміз» деп алдап әкеліп, тастап кеткен. Ол байғұс «балаларым келіп алып кетеді» деген үмітпен бір-екі жыл екі көзі төрт болып тосып жүрген. Қазір, міне, сегіз жыл өткенде енді түсіне бастағанға ұқсайды. Томаға-тұйық, көп сөз айтпайтын көрінеді.
Бұл үйде кім тұрмайды десеңізші, кезінде басшылық қызмет атқарғандар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, генералдар, тіпті, Еңбек Ерлерінің әйелдері де осында. Бұл жерде егде тартқанда бір-біріне сүйеу болып, жұп құрып жатқан қариялар да бар. Сексенді еркін еңсерген Андрей мен Татьяна Криворучкалар – солардың бірі. Тәрбиеленушілердің қай-қайсы да мұнда барлық жағдай жасалғандығы туралы айтып, «төрт мезгіл тамақ береді, түрлі байқаулар ұйымдастырылады, бос уақытымызды көңілді өткізуге мүмкіндік толық» деп ағынан жарылады.
Десе де, қарттар үйінің аты – қарттар үйі. Осы жерде елордалық Бейшенгүл Тоқмағанбетова әжейдің мына пікірімен толық келісуге болады. «Қолдан келсе, адам жақсы қартая білуі керек. Жас кезде суығына тоңып, ыстығына күйіп, баланы өсіру парыз болса, егде тартқанда баланың ата-анасына қамқорлық жасауы – қарыз. Олар сол қарызын өтеуі қажет. Осыны ұқтырып тәрбиелегенде ғана адамның арманы орындалады деп ойлаймын. Менің жиырма үш немерем, бес шөберем бар. Солардың бір күн даусын естімесем, отыра алмаймын» деуінде үлкен мағына жатыр деп білеміз.
Дегенмен, қолға қалам алуымыздың негізгі себебі – үлкен кісілерге жасалып жатқан жағдайды айту немесе оларға көрсетілетін қамқорлықты тәптіштеу емес, көкіректі кернеген ойды бөлісу, ортаға тастау еді.
Бойларынан даланың иісі бұрқыраған, кеудесі шежіреге толы көнекөз қарияларымыздың қарашаңырақта алаңсыз, аман-есен ғұмыр кешкеніне не жетсін?!
Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ