Сұхбат

Қарттарым, аман-саумысың?

Елорданың Ардагерлер кеңесінің құрамында өмірдің қиындық қылбұрауына шыдаған, бірі ілгері, бірі кейінді күй кешіп жатқан 54 мың қарт адам бар. Олардың ахуалы мен арман-арзуы қандай? Осы сұрақтардың жауабын білу үшін Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекен ӘЛІМЖАНОВТЫ әңгімеге тарттық. 

– Бекен Өкенұлы, әлгі 54 мыңның ішінде Ұлы Отан соғысында жанқиярлықпен соғысқандармен бірге Жеңіс күнін жақындатқандар да бар. Оларға қандай қамқорлық жасалып жатыр?

– Рас, жыл өткен сайын соғыстың тауқыметін тартқандардың қатарлары жел жыққан қамыстай сиреп барады. Егер, статистика тілімен сөйлесек, Ұлы Отан соғысының 300 ардагері мен мүгедектері, 4561 соғыс жыл­да­рындағы тыл еңбеккерлері, 348 со­ғыста опат болғандардың жесірлері мен балалары, 1173 фашистік конц­­ла­­герлердің тұтқындары мен саяси реп­­рессиялардың құрбандары, 300-ден астам Ленинград қоршауында болған адамдар бар. Ал қалғанын тың игерушілер мен басқа да санаттағы зейнеткерлер толықтырады.
Ардагерлер ұйымдарының бас-ты жұмысының бірі – осы қарт адамдардың материалдық әлеуетіне, тұрғын үй-тұрмыстық жағдайына, медициналық қызмет көрсетуіне, емдеу мен сауығуына қамқорлық жасалуына бас-көз болу. Осы жерде қала әкімдігі, қалалық басқармалар мен ведомстволардың алабөлек қамқорлығы мен коммерциялық ұйымдардың үлкен көмегін көріп жатқанымызды айта кету керек.
«ҚазМұнайГаз», «Цесна» корпорациясы, «КазТрансОйл» сияқты компаниялар қарияларға үнемі қайырымдылық, демеушілік жасайды.
Салыстырмалы түрде айтсақ, астаналық ардагерлердің жағдайы басқа өңірлерге қарағанда едәуір жақсы. Оларға мерекелік күндер қарсаңында ақшалай көмек көрсетіліп, коммуналдық төлемдер бойынша, қалалық қоғамдық көлікте жүру, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету үшін жеңілдіктер беріледі. Былтыр 9 мамырға орай әкімдіктің қаулысымен және мәслихаттың шешімімен Ұлы Отан соғысына қатысушыларға 150 мың теңге, соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлеріне 10 мың теңгеден бөлінгені белгілі. Биыл тағы да осындай бір реттік көмек жасалды. Біздің қалада ғана барлық зейнеткерлерге қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру қарастырылған. Ұлы Отан соғысының барлық ардагерлері тұрғын үймен қамтамасыз етілген, пәтерлерін жөндеу үшін көмек көрсетіледі.

– Соғыс ардагерлерінің көрген-білгендерін естелік қылып қал­ды­­рып,­ ұрпақ тәрбиесіне қаде­леу­де қан­­дай шаралар жүр­гі­зі­ліп жатыр?

– Ондай шаралар мереке қар­са­ңын­да екі күннің бірінде болады, бірақ жыл бойы өткізілсе де артық етпес еді. Ардагерлер мектеп, ЖОО мен колледж-дерде жастармен жиі кездеседі. Сонымен қатар Сталинград шайқасының 70 жылдығына арналған дөңгелек үстел отырыстары өткізілді, осындай шараларды Курск шайқасының 70 жылдығына орай өткізуге дайындық жүргізілуде.

Қазіргі уақытта Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына дайындық жұмыстары басталды. Қоғамдық музейлер мен әскери даңқ бұрыштарының көрме-байқауын өткізіп, соғыс батырларына арналған ескерткіштер мен естелік жерлердің маңын абаттандыруды жоспарлап отырмыз. Бұқаралық ақпарат құралдарында біздің жерлестеріміз – Кеңестер Одағының батырлары мен басқа да ордендерге ие болған соғысқа қатысушылар туралы очерктер мен мақалалар жарияласақ дейміз.

– Ардагерлер ұйымының қатары қалай толығып отырады?

– Елорда Алматыдан Астана қаласына ауысқасын ардагерлер ұйымының сандық құрамы ұлғаюымен қатар, интеллектуалдық дәрежесі де өзгерді.

Біздің ұйымдардағы ардагерлердің қатарында еліміздің экономикасы, әлеуметтік саласы, ғылым мен мәдениеттің дамуына, Қазақстанның тәуелсіздікке жетуіне айрықша үлес қосқан және қосып келе жатқан рес-публика Жоғарғы Кеңесінің және еліміздің Парламентінің бұрынғы депутаттары, министрліктер мен республикалық ведомстволардың, ірі өндірістік, ауыл шаруашылық кәсіпорындар мен құрылыстардың басшылары, ғалымдар, мәдени-ағарту және медицина мекемелерінің қайраткерлері бар. Олар жас егделігіне, қарттық жеңіп, меңдейтін түрлі ауру-сырқауларына қарамастан бүгінгі күні қоғамдық-саяси жұмыстарға, бірінші кезекте сайлау науқандарына, келешек ұрпақты отансүйгіштік пен адамгершілікке тәрбиелеуге белсене атсалысуда. Қалалық ардагерлер ұйымының нақты ұйымдастырушылық құрылымы бар. Қала аумағында 3 аудандық ардагерлер кеңесі мен 372 бастауыш ардагерлер ұйымы жұмыс істейді. Бірақ олардың жұмысын әлі де бір ретке келтіру керек, ардагерлерге заңдық мәртебе беру керек.

– Сонда сізді не алаңдатады?

VI Республикалық Ардагерлер ұйымдарының съезінде Елбасы Н.Назарбаев: «Сіздердің қоғамдық ұйымдарыңыздың рухани маңыздылығына еш шүбә жоқ. Бірақ ардагердің асқақ атын заңмен қуаттайтын кез келді» деп айтып еді. Қазір Парламент Мәжілісінде «Ардагерлер туралы» заңды талқылау қайтадан қолға алынды. Заңда ардагерлер ұйымының аппаратын толып жатқан үкіметтік емес ұйымдармен қатар қоймай, мәртебесін, қаржыландыру жолын айқындап берген дұрыс па деймін. Зайырлы қоғамда әр қарияға тиісті моральдық, материалдық көмек жасалуы керек. Ал оны күшейту үшін бастауыш ардагерлер ұйымына басымдық беру керек. Өкінішке қарай, бастауыш ардагерлер ұйымы тек жекелеген адамдардың қоғамдық белсенділігінің арқасында қызмет етіп отыр. Кейбіреулерінің кеңсесі жоқ. Төрағалары құжаттарды үйінде сақтайды. Кадр мәселесі қиын. Осы жылдың қазанына дейін барлық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағалары сайланады. Олардың жұмыстарын тиімді ұйымдастыру үшін Қалалық ардагерлер кеңесі арнайы нұсқаулық-әдістемелік кітапша да шығарды.

Әрине, осы тектес азын-шоғын түйткілдермен қатар, мақтанатын да жеріміз бар. Дария кеуде, тау мүсін, өмірден көрген-түйгені көп қарияларды қалайша қаусатып бос қоюға болады?

Осы ораймен қарт адамдарды қоғамдық жұмыстарға көбірек тартуға тырысамыз.

Мысалы, бізде ардагерлер Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру жұмыстарына да белсене атсалысуда. Дайындығы жоғары зейнеткерлерден тұратын арнайы насихат тобы құрылып, бекітілген.

Қалалық кеңес жанында қазақша, орысша ән шырқайтын екі хор ұжымы жұмыс істейді. 4 мамыр күні Оқушылар сарайында ардагерлер көркем өнерпаздарының концерті ұйымдастырылды. Ардагерлер арасында үнемі өткізілетін шахмат пен дойбы жарыстарынан басқа, биыл алғаш рет шаңғы мен жүзуден жарыстар өткізіледі. Қазір өздеріңіз білесіздер, зейнетке шығу жасын ұлғайту туралы қоғамда қызу талқылау жүріп жатыр. Қалайық, қаламайық, біз азаматтарымыздың орташа ғұмыр жасын ұлғайтуға жағдай жасауымыз керек. Яғни, өкіметке антиэйджингтің кешенді шарасын қолға алатын уақыт келді ғой деп ойлаймын. Жапония, Швеция сияқты алдыңғы қатарлы мемлекеттерде қарт адамдардың мүмкіндіктерін пайдалану, қоғамнан кіндігін ажыратпау әлдеқашан жолға қойылған. Қарт адам үйде омалып отырмау керек. Жатса жамбас тесіледі, жалықса сары тап болады. Осы орайда үш мини-орталық ашуға көмектескен Алматы ауданы әкімдігінің әрекеті басқа аудандарға үлгі болса екен деймін. Майлин көшесіндегі 16-үйде «Жеңіс», Мұстафин көшесі, 15/3-үйде «Достар», Брусиловский көшесі, 2-үйде «Айдар» деген үш шағын орталық ашылды. Қарт адамдар осы жерде демалып, шахмат, дойбы ойнайды, ән шырқайды, бір-бірлерімен араласады.

Ә.АЛАШ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button