Жаңалықтар

Қарулы күштер қатарына қосылады

ҚР Қарулы күштерiн жас жауынгерлермен жасақтау iсi басталып кеттi. Әскерге қызмет етуге шақырылған 18-27 жас аралығындағы бозбалалардың Отан алдындағы борышын атқаруға денсаулығының жарамдылығын тексеретiн бiр қалалық және екi аудандық медициналық комиссия құрылды. Көктемгi шақыру жұмыстарының барысы туралы Астана қаласы Қорғаныс iстерi жөнiндегi департаментi бастығының орынбасары Еркiнбек Байболовқа жолығып, бiлген едiк.

Президент Жарлығына сәйкес 2012 жылғы 2 сәуiрде азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке көктемгi шақыру басталды. Астана қаласы Қорғаныс iстерi жөнiндегi департаментi және оған бағынышты Сарыарқа, Алматы аудандарындағы Қорғаныс iстерi жөнiндегi басқармалары көктемгi шақыру жұмыстарын қызу бастап кеттi. Жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмiмен әскерге шақыру барысында азаматтардың денсаулығын тиянақты тексеруден өткiзетiн медициналық комиссиялар құрылды.
– Биылғы көктемгi шақырудың негiзгi ерекшелiгi қандай?
– Шақырылушылардың бiлiм деңгейлерi мен денсаулықтарына қойылатын талаптың артуын басты ерекшелiгi деп айтуға болады. Сондай-ақ, азаматтардың моральдық-психологиялық ахуалына да барынша мән берiлмек. Әр азаматпен психологтар әңгiмелесiп, керек болған жағдайда ата-аналарымен де кездеседi. Бiз үшiн бозбалалардың әскер қатарында қызмет етуге жан-жақты дайындығы аса маңызды.
– Қандай азаматтар әскери қызметке шақыруды кейiнге қалдыра алады?
– Азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейiнге қалдыру шешiмi арнайы комиссиясының ұйғарымы бойынша қабылданады. Ол отбасы жағдайына, бiлiм алуды жалғастыруына, денсаулығына және басқа себеп-терге байланысты берiледi.
– Көктемгi шақыру ҚР Қарулы күштерiнiң мерейлi датасымен қатар келiп тұр екен…
– Иә, ағымдағы жылы ҚР Қарулы күштерiне 20 жыл толады. Айтулы датаға сәйкес, барлық әскери бөлiмдерде түрлi шаралар өтедi. Биылғы шақырылушылар сол шараларға тартылады. Осындай шара сәуiр айының соңында өтедi. Бұл – әскер қатарына шақырылғандарды салтанатты түрде шығарып салу рәсiмi. Оған Астана қаласының әкiмдiгi және «Нұр Отан» ХДП тарапынан қолдау көрсетiлiп, әдеттегiден гөрi кең көлемде, жаңа сипатта болады деп жоспарлап отырмыз.

Әзiрлеген Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button