Басты ақпарат

Қарулы күштеріміздің қарымы қандай?

Мемлекет басшысы 2022 жылғы 19 қаңтар күнгі ҚР Қорғаныс министрлігінде сөйлеген сөзінде геосаяси жағдайды және өңірлік деңгейдегі қауіп-қатерді ескере отырып, Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыруды талап еткен болатын. Сондай-ақ ол қорғаныс ведомствосының алдына әскери-көліктік авиация паркін толықтыру, 2022 жылға арналған қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алу жоспарын қайта қарау, Қарулы күштердің кадрлық әлеуетін арттыру сияқты қадау-қадау міндеттерді қойған еді. Осы тапсырмалардың орындалу жағдайын білу мақсатында редакция атынан ҚР Қорғаныс министрлігіне сұрау жолдаған едік, соған жақында ресми жауап алдық. Енді солардың бәрін сала-сала бойынша бөліп, жеке-жеке саралап көрейік. Сонымен қатар соңында тәуелсіз сарапшыға да сөз береміз.

[smartslider3 slider=2753]

 Дамудың басым бағыттары

Мемлекет басшысы – Қарулы күштердің Жоғарғы бас қолбасшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан армиясын реформалау бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Осыған орай, Қарулы күштердің құрылымы мен құрамын жаңғырту, әскери дайындықты жетілдіру, заманауи қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыру, цифрландыру ісін одан әрі жалғастыру, әскери инфрақұрылымды дамыту, әскери қызметтің беделін арттыру жөніндегі басым бағыттар айқындалды.

Армияны одан әрі дамыту мемлекеттің қауіпсіздігіне төнетін жаңа сын-тегеурін мен қауіп-қатерді ескере отырып жүргізілетінін ескеру керек. Осыған сәйкес, Қарулы күштер қызметінің жаңа бағыттары ретінде Арнайы операциялар күштері, басқа да жауынгерлік бөлімшелер мен аумақтық қорғанысты дамытуға басты басымдық беріліп отыр.

Өткен қаңтар айында Президент Жарлығымен Арнайы операциялар күштері құрылғаны белгілі. Жаңа әскер тегінің ұйымдық-штаттық құрылымы дайындалды. Жауынгерлік бөлімшелердің құрамы анықталды. Оның құрамына әскери басқару органы, арнайы мақсаттағы жасақтар мен барлау полктері, арнайы дайындық орталықтары кірді. Әскери авиация тікұшақтарын, ұшқышсыз басқарылатын аппараттары мен жауынгерлік кемелерді жедел қолданысқа беру жоспарланған.

Қазіргі уақытта жедел барлау жүйесін қайта форматтау, радиоэлектрондық барлау және радиоэлектрондық күрес бөлімшелерінің жоғары тиімді техникалық құралдармен жарақтандырылу деңгейін арттыру жұмысы жүргізілуде.

Арнайы операциялар күштері қалыптасқан соң бейбіт және соғыс уақытында дербес немесе басқа мемлекеттік органдардың арнайы мақсаттағы күштерімен бірлесіп, кез келген стратегиялық бағыттағы арнайы операцияларды жүргізуге қабілетті болады.

Қару-жарақ қалай жаңартылмақ?

Қорғаныс министрлігінде Қазақстан армиясын заманауи, жоғары технологиялық қару-жарақпен және әскери техникамен жабдықтау жұмысы жүргізілуде.

Жеке құрамды, ауыр қару-жарақты, арнайы техникалар мен өзге де жүктерді Қарулы күштердің қажеті үшін алыс қашықтыққа тасымалдау, сондай-ақ арнайы операциялар мен өзге де жалпы мемлекеттік тапсырмаларды орындау үшін орта және үлкен жүктерді көтеретін әскери-көліктік ұшақтарды сатып алу жоспарлануда. Сонымен бірге өткен 2021 жылы Airbus Defense&Space компаниясынан С-295М және А400М ұшақтарын сатып алуға шарт жасалғанын айта кету керек. Ұшақтарды жеткізу, шартта көрсетілген міндеттемелерге сәйкес, 2024 және 2026 жылдарға жоспарланып отыр. Бұдан өзге, болашақта бірнеше L-410 жеңіл әскери-көліктік ұшақтарын сатып алуға шарт жасасу жоспарлануда. Бұл ретте мемлекеттік қорғаныс тапсырысы шеңберінде алыс-жақын шет елдерден соңғы қарулы қақтығыстарда өзін жақсы қырынан көрсеткен қару-жарақ пен әскери техника үлгілері сатып алынуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында әскери ведомство, отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенімен өзара ықпалдаса отырып, әскерді техникалық тұрғыдан қайта жарақтау шараларын қабылдап жатыр.

Бүгінде отандық кәсіпорындарда өндірілген «Арлан» брондалған дөңгелекті машиналары, зымыран-артиллериялық корабльдері, «Нұр» радиолокация­лық стансалары жауынгерлік кезекшілікті лайықты атқарып келеді. Бұл тізімді жаңа үлгідегі байланыс құралдарымен, оптикалық көздеуіштермен, автомобильдік техникалармен де толықтыруға болады. Мұнан өзге, осы отандық қорғаныс өнеркәсібі кешеніне қарасты кәсіпорындарда қару-жарақ пен әскери техникаларды күрделі жөндеу мен жаңғыртудан өткізу мүмкіндігі барын да айта кеткен жөн.

Әскери қызметтің мерзімі өзгере ме?

Қоғамда мерзімді әскери қызметтің уақытына қатысты әңгімелердің ұдайы көтеріліп тұратыны жасырын емес. Жалпы жастарды әскерге шақыру тәртібі «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының заңымен белгіленген. Осы заңнамалық актіге сәйкес, әскерде қызмет ету мерзімі – 12 ай.

Әскерлердің жауынгерлік қабілетін тиісті деңгейде ұстап тұруға, кіші әскери мамандарды даярлауға және оларды кейіннен тиімді пайдалануға кететін мемлекеттің шығындары – бұл сұрақтың орындылығының негізгі критерийі. Бұл жерде мәселе әскерлерді жарақтандыру үшін жеткізілетін қару-жарақ пен әскери техниканың күрделенуіне, әскери салаға ақпараттық технологиялардың дендеп енгізілуіне және әскери даярланған резервтің жинақталуына да байланысты.

Жалпы кез келген идеяны практикалық тұрғыда жүзеге асыру үшін оған үлкен көлемдегі дайындық жұмыстары жүргізілетіні белгілі. Сол себепті бұл сұрақ ведомствоаралық деңгейде жан-жақты зерделеуді талап етеді. Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан да қолдау табуы керек. Сонымен бірге мұндай мәселелердің қоғамда кеңінен талқылауға түсетінін де ұмытпаған жөн.

Кадр саясатындағы кілтипан

Қазіргі таңда Қарулы күш­тердің 2022-2025 жылдарға арналған кадр саясатының тұжырымдамасы әзірленуде. Бұл құжат шеңберінде кадр саясатын дамытудың болжамы (үш жылдық кезеңге), сондай-ақ Қарулы күштердің кадрлық әлеуетін арттыру мәселелерін іске асырудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері айқындалады.

Кадр саясатының негізгі мақсаты жоғары білікті әскери ұжымды қалыптастыру, Қарулы күштердің алдына қойылған міндеттерді тиімді, сапалы және жедел шешуге мүмкіндік беретін деңгейдегі жеке құраммен жасақтауды қолдау. Бұл жерде негізгі міндет жеке құрамды іріктеу, даярлау, орналастыру жүйесін құру мен жетілдіру, әскери қызметшілерге қызмет сатысы бойынша көтерілуіне және заңнамада көзделген әлеуметтік құқықтар мен кепілдіктерін жүзеге асыруына тең мүмкіндіктер беру болып қала береді.

Әскери сарапшы не дейді?

«Бәрін кадр шешеді» деген қағидат қай заманда да өзекті. Сол себепті осы мәселеге қатысты тәуелсіз әскери сарапшының пікірін тыңдауды жөн көрдік.

Ендігі сөз тарих ғылымдарының кандидаты, ҚР ҚК МӘТМ-нің ғылыми кеңесшісі, запастағы полковник Манас МАҒҰЛОВТА:

– Әлемдегі ең айбынды армияның мектебінен өткен нағыз кәсіби мамандар зейнетке шығып, біразы өмірден озған соң олардың орнын кімдер басты және ол кездегі әскери білім жүйесі қандай еді? Міне, әңгімені содан бастау керек.

КСРО кезінде әскери кадрларды дайындаудың үш сатылы жүйесі болды, бірінші – әскери училищелер, екінші – әртүрлі бейінді мамандықтар бойынша әскери академиялар, үшінші – жоғары басшылық үшін мамандар даярлайтын жедел-стратегиялық деңгейдегі Бас штабтың академиясы. Әскери училище бітірген офицер қызмет баспалдақтарымен көтеріле отырып, әрі кетсе батальон командирі ғана бола алатын. Ал арнайы академияны бітірмейінше, полк басқаруды дәметпейтін де. Әрине, бұл қатал, бірақ әділ талап еді. Алдымен білім алып, біліктілігіңді көтеруің керек. Өз кәсібінің хас шеберлері осылай ғана шыңдалатын. Кеңес әскерінде мұндай мамандарды барынша сүзгіден өткізіп, әрі қарай өсуіне жолдама беретін бейінді академиялардың саны жиырма шақты болатын. Үш жылдан кейін осы оқу орындарынан сала-сала бойынша мықты-мықты мамандар түлеп шығып, полктар мен дивизияларда қызмет атқаруға аттанатын. Әйтсе де әрі қарай тағы бір «кедергі» пайда болатын. Құрама, округ немесе армия штабтарында қызмет атқаруы үшін офицер міндетті түрда Бас штабтың академиясын бітіруге тиіс еді. Мұны қол жетпейтін арман деуге болады. Кеңес әскерінің 70 жылдық тарихында оны екі-ақ қазақ – генерал-лейтенант Ж.Кереев пен генерал-майор Б.Есмамбетов бітірген.

Бірақ тәуелсіздік алған соң Казақстанның әскери білімі басқа жолмен кетті. Бізде ортаңғы буын – салалық академия білім жүйесінен мүлде алынып тасталды. Қазақстандық офицерлер әскери училищені бітірген соң бес-алты жыл қыз­мет атқарып, сосын бірден Бас штабтың академиясына түседі. Жолы болғандар тіпті бастапқы әскери біліммен-ақ взводтан бастап полк пен бригада деңгейіне дейін жетіп жатады. Бұл жерде басты өлшем офицердің білімі емес, лауазымы болып шығады. Жан-жақты әскери білім алып, пісіп-жетілмей, командир ретінде толық қалыптаспай талайы жоғары генералдық лауазымдарға тағайындалады. Әскерлерді басқаруда жеткілікті тәжірибесі жоқ адамдар сын сағат туғанда өздерін тиісті дәрежеде көрсете ала ма, әрине, жоқ. Сол себепті отандық әскери білім беру жүйесін түбірімен өзгерту керек. Қазіргі Ұлттық қорғаныс университетін екіге бөліп, қайта құру қажет. Біріншісі орта буындағы офицерлерді оқытатын салалық академия болса, екіншісі жоғарғы стратегиялық буындағы басшы офицерлерді даярлайтын Бас штаб академиясы болуға тиіс. Бастапқы базалық әскери білімі бар (әскери кафедраларды қоспағанда) бүкіл қазақстандық офицерлерді салалық академияға тек қана батальон деңгейінен, тек қана әскерлерден қабылдаған дұрыс.

Салалық академияда әр офицер екі жыл өзінің мамандығы бойынша факультеттерде білімін әрі қарай жетілдірсе. Сол арқылы біз бірден екі міндетті шешер едік, бірінші – офицерлер құрамын сапалы сұрыптаудан өткіземіз, екінші – өз ісінің кәсіби мамандарын даярлап шығарамыз. Осылайша бес-он жылдың ішінде Қарулы күштердің кәсіби деңгейі анағұрлым арта түсер еді.

Ал Бас штабтың академиясына екі жылда бір рет «бригада-дивизия» буынынан үздік деген 20-25 тыңдаушыны таңдап алып, оларды әлем елдерінің тәжірибесі негізінде жедел және стратегиялық өнерге баулыған жөн. Кейін Бас штаб академиясын бітірген түлектерді әскер түрлері мен тектерінің, Ұлттық ұлан мен шекара әскерлерінің қолбасшылығына және тағы басқа да басшылық лауазымдарға тағайындауға болар еді. Қарулы күштердің жауынгерлік арттыру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы сонда ғана орындалмақ.

Әскери реформа жүргізгенде Қорғаныс министрлігі мен басқа да күштік құрылымдардың жанынан ашылған, ойдан шығарылған түрлі орталықтан, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен, мекемеден арылу қажет. Жауынгерлік дайындықтың мақсатына сәйкес келетіндерін ғана қалдырған абзал. Содан соң әскерді кәсіби білімі жоқ кездейсоқ адамдардан тазартып, жеке құрамды аттестациядан өткізіп, босаған орындарға зейнетке ерте шыққан әлі де денсаулығы мықты офицерлерді запастан шақыруды ұсынамын.

Осы және басқа да ойларым мен ұсыныстарымды жаңадан тағайындалған Қорғаныс министрінің атына жолдаған болатынмын. Менің хатыма жауап жазылды деген хабар жетті, бірақ ол әлі қолыма тиген жоқ.

Әбубәкір СМАЙЫЛОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button