Қала тіршілігіМәдениет

Қарусыз әлемді қалаймыз

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең алғашқы құжаттың бірі – Семей полигонын біржола жабу туралы Елбасы Жарлығына биыл 25 жыл толды.  Бұл Президенттің бейбіт өмір, берекелі тұрмыс – қарусыздану саясатындағы тұңғыш қадамы болатын.

3,1

Осыған байланысты «Астана» ұлттық сурет галереясында «Ядролық қарусыз әлем» атты жиын болып өтті. Оған «Атом» жобасының құрметті елшісі, ядроға қарсы қозғалыс белсендісі, аузымен сурет салатын танымал суретші Кәріпбек Күйіков қатысты. Бейнелеу өнерінің шабандозы әңгіме арасында жүрекке жазылмастай жара салған Семей полигоны туралы тебірене айтып берді.
– Адамзат тарихындағы ұзақ жылдарға созылған ең көп жарылыс Семей өңірінде жасалды. Зардабы тек Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарымен шектеліп қалмай, алыс жатқан қазақ даласына да жетті. Алғашында адамдар мен жануарларға тікелей уын шашқан ашық сынақтар, тіпті, жер астында да жалғасты. Радиацияның әсерінен адамдар ғана емес, жердің асты да, үсті де зардап шекті, – дейді ол.

KBB_2799-2
Туғанда екі қолы жоқ болса да, тағдырдың ауыртпалығына налымай, керісінше, адамзатты бейбітшілік бастамаға қолдау білдіруге шақырып жүрген суретші – полигонға іргелес жатқан Егіндібұлақ ауылының тумасы. Туындыларын әлем таниды. Семей полигоны зардаптарын арқау еткен шығармалары шетел көрмелеріне қойылды.
Елбасы да өзінің естелік жазбаларында «Ядролық сынақтардың барлық қасіретін мойнымен көтерген Қазақстан халқы үшін оларға толық ты­йым салу мәселесі аса көкейкесті болып табылады. Өйткені, Семей полигонында 40 жылда 450 сынақ жасалса, одан 1,5 миллион адам зардап шекті. Сондықтан, мен 1991 жылдың 29 тамызында еш қобалжымастан Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлық шығардым» деп жазады. Осылайша 1991 жылы ең ірі ядролық сынақ алаңдарының біріне айналған Семей полигоны жабылды. Жаппай қырып-жою қару-жарағынан өз еркімен бас тарттық.
Бүгінде әлем халқы жыл сайын 29 тамызды ядролық қаруға қарсы күрестің халықаралық күні ретінде атап өтеді.

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button