Басты ақпаратРуханият

Қарымды қаламгер, дара драматург

Халқымыздың дара тұлғаларының бірі, қарымды қаламгер, драматург, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Франц Кафка медалінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың», «Жастар одағы сыйлығының» және Қазақстан Республикасы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Үздік драматург» (2016), «Сахнагер-2019» («Үздік драматург» номинациясы), «Құрмет» орденінің (2023) иегері Роза МҰҚАНОВА есімі бүгінгі таңда республикамызға ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де кеңінен таныс.

Роза Мұқанова еңбек жолын 1987 жылы Мемлекеттік орталық мұрағаттың «әдебиет және өнер» бөлімінде архивист болып бастаған. Одан ке­йін 1989 жылы Қазақстан Жазушылар одағының «аударма коллегиясында» аға редактор, 1992 жылы «Жазушы» баспасында аға редактор, 1998 жылы ҚР Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде жетекші маман, 2003 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде бас маман, 2007 жылы ҚР Парламент Сенатында бас маман, 2011 жылдан Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры қызметін атқарып келеді.

Роза Мұқанова – әде­биетіміз бен өнеріміздің одан әрі өсіп-өркендеуіне көрнекті қаламгер, белгілі қайраткер ретінде ғана емес, бұл саладағы жас толқынның қалыптасып, биік деңгейде көрінуіне ұстаздық тұрғыдан да үлкен үлес қосқан тұлға.

Зерек те зерделі драматург қаламынан осы уақытқа дейін тақырыбы, жанры, көркемдік-идеялық мазмұны әрқилы өрілген «Мәңгілік бала бейне», «Қаралы сұлу» (М.Әуезов­тің «Қаралы сұлу» әңгімесі бойынша), «Шатыр астындағы мен», «Муза», «Сен», «Мысықтар патшалығы», «Ешкім де кінәлі емес», «Фариза», «Сарра», «Бопай ханым», т. б. пьесалар туды. Драматург пьесаларының көтерген тақырыптары мен айтатын ойлары терең, қоғамдық-әлеуметтік ауқымды мәселерді көтеруімен ерекшеленеді.

Роза Мұқанова драматургиясында жеке адам басындағы қақтығыстар қоғамдық үлкен мәселелерге ұштасады. Зергер жазушының басты ерекшелігі адам мінезінің психологиялық табиғатын әлеуметтік өмірмен тығыз байланыстыра алуында жатыр. Ол әсіресе тоғышарларды, пайдакүнемдерді, мансапқорларды бейнелеуде шынайылықты алдыңғы кезекке қояды

Әрбір пьесасына мол дайындық, нақты да терең ой-тұжырыммен келетін автордың туындылары дәуір тынысын дәл басып, уақыт талабына жауап беретін өзіндік қолтаңбасымен дараланады. Оның әрбір пьесасындағы негізгі ой, драмалық мақсат, адам тағдыры шытырман оқиғаға құрылып, шиеленіскен тартыс үстінде суреттеледі. Өмір болмысының әлеуметтік келбетін боямасыз беру, қаһармандардың рухани ой-өрісіне үңілу, мінез ерекшеліктерін ашуға ден қою – автор драматургиясына тән сипат. Театр заңдылықтарын, сахна талаптарын қатаң ескеріп, оның нәзік иірімдерін терең сезінетін Роза Мұқанованың пьесалары бүгінгі таңда халқымыздың рухани мұрасына айналып, театр репертуарының алтын қорын байытып отыр.

Роза Мұқанова драматургиясында жеке адам басындағы қақтығыстар қоғамдық үлкен мәселелерге ұштасады. Зергер жазушының басты ерекшелігі адам мінезінің психологиялық табиғатын әлеу­меттік өмірмен тығыз байланыстыра алуында жатыр. Ол әсіресе тоғышарларды, пайдакүнемдерді, мансапқорларды бейнелеуде шынайылықты алдыңғы кезекке қояды.

Қазақтың театр өнері дара тұлғаларға бай екенін ескерсек, олардың әрқайсысы жеке дара зерттеу­лерге өзек бола алатынына көзіміз жетеді. Талантына табындырған да, тамсандырған да небір өнер саңлақтары ұлттық театрымыздың әлемге танылуына мол үлес қосып келеді. Сондай дара тұл­ғаларымыздың бірі Роза Мұқанованың драмалық шығармалары қазақ театр өнерінің дамуына да ерекше ықпал етіп отыр. Күрделі де қиын драма жанрының жалынан мықтап ұстаған драматургтің пьесалары Қазақстанның бірнеше ­театрында қойылып келеді. Роза Мұқанова шығармашылығының алтын қазығы, негізгі ұстанған бағыты – күллі адамзатқа ортақ адами мәселелерді көтеру. Сондықтан да көрермен жүрегіне жол тартқан әрбір туындысы өлмейтін өмір, өшпейтін тыныс тауып, уақыт алға жылжыған сайын өзегін жоймай тұр.

Роза Мұқанова тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұрын ешкім батыл бара алмаған тақырыптарды көтеруімен дараланды. Оның «Мәңгілік бала бейне» атты әңгімесі – Семей полигоны туралы үлкен мәселелерді қозғаған күрделі шығарма. Тәуелсіздік алғаннан кейін полигонның зардабы ашық айтылып, кейін жабыл­ғанымен де әлі күнге де­йін оның халқымызға тигізген кесапаты жойылған жоқ. Шығыс Қазақстанның 19 млн гектар жері 40 жыл бойы ядролық сынақтың нысанына айналды. Қа­сиетті Семей өңірінде жүргізілген бұл сынақ қаншама адамның тағдырын басқа арнаға бұрып, бүкіл қазақ елінің айықпас жарасы болып қалды.

1989 жылы қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов құрған «Невада-­Семей» антиядролық қоз­ғалысының фотокөрмесінде Роза Мұқанова Еңліктің суретін көріп, кішкентай қыздың жанарынан шексіз қасірет, қою мұңды сезінеді. Еңлік Семей полигонының зардабынан мүгедек болып өмірге келген. Ядролық сынақтан соң бойы мен түрі 5-6 жас шамасындағы бүлдіршін кү­йінде өспей қалған. Суреттің астындағы жазуда «Еңлік – 14 жаста» деген сөзді оқыған Роза Мұқанова терең ойға беріледі. Ядролық бомбаның кесапаты, экология мәселесі жазушы жанын қоярға жер тапқызбай, бір деммен «Мәңгілік бала бейне» әңгімесін жазып шыққан еді.

Жазушы суреттегі Еңлікті басты кейіпкер етіп алып, оған Ләйлә деп есім қойып, қиял әлеміндегі қаһарманының жаңа өміріне жол бастаған. Автор Ләйләнің жеке басындағы тағдырын, қасіретін көре отырып, тек тән жарасын ғана емес, жан дүние­сінде болып жатқан арпалыстарды ашып көрсеткен. Жалпы Роза Мұқанованың әңгіме, пьеса, басқа да кез келген шығармалары қоғамдағы күрделі мәселелерді көтеріп, оқырмандарын терең ойдың қатпарларына сүңгітіп, адам жанын тербейтін жазушы екенін көрсетіп келеді.

Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» әңгімесін арнайы іздеп жүріп оқыған белгілі режиссер Болат Атабаев: «Роза, сен бұл әңгімеңді драма театрына арнап жаз» дейді. Әрине, автор бұған бірден келісім бермеген, себебі жазушы мен драматургтің айырмашылығы жер мен көктей. Майталман жазушылардың өзі драматургия әлеміне бара бермейді. Өйткені драманың өз заңдылығы мен теориясы бар. Осындай күрмеуі қиын күрделі жанр­ға жүрексіне қадам басқан Роза Мұқанова біртіндеп драматургиялық шеберлігін арттыра берді. Аталған жанрға жатсынбай кірісіп кетіп, «мені драматургияға әкелген – режиссерім Болат Атабаев» деп ілтипатпен айтып отырады. Бұл жерде ескеретін бір жайт: ізденімпаз режиссер спектакль да­йындықтарына драматургті шақырып, онымен бірлесе отырып пьесаны талдап, театр сахнасының қыр-сырын түсіндіруден көп ұтты. Екі үлкен тұлғаның тандемінен туған шығармашылық үрдісті ерекше айта кеткен орынды. Мұндай байланыс бүгінгі режиссерлерімізге жетпей жатқаны жасырын емес.

Әдеби шығармадан қайталанбас сахналық туынды жасау, айналып келгенде, режиссердің шеберлігіне, ой-қиялының жүйріктігіне, таным шеңберінің кеңдігіне байланысты. Уақыт ағымына қарай өзгеріп отыратын пьесаға деген қайталанбас көзқарас пен таным – режиссураны тың ізденістерге бастайтын құбылыс. Өткенді қайталамай, бұрынғыға ұқсамайтын, сахналық жаңалықтарымен көрінетін спектакльдер осындайдан туатыны хақ. Сондай қойылымдардың бірі – театр режиссері Болат Атабаевтың М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының сахнасында қойған Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» трагедиясын «Қасіретнама» деп атаған. Бұл – Семей полигонының зардаптары мен адамдардың өмірін ашық түрде астарын терең көрсете алған туынды.

Тәуелсіздігімізді алған соң тарих қойнауындағы жасырынып келген күрделі мәселені қозғаған драматург пен осыны жасқанбай сахналаған режиссердің батылдығын айрықша атап өткен жөн. Саяси мәселелерді сахналаған Болат Атабаев дәл сол жылдары топты жарып, жаңашылдығымен көзге түскен режиссер еді. Сөйтіп «Мәңгілік бала бейне» трагедия­сын 1996 жылы алғаш рет Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры­ның сахнасына Болат Атабаев қойды. Аталған қойылым 18 жылға жуық театр репертуарынан түспей жүрді. М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының «Мәңгілік бала бейне» қо­йылымы шебер драматург Роза Мұқанова мен талантты режиссер Болат Атабаевтың шығармашылық төлқұжатына айналып, театрға жаңа леп, жаңашылдық әкелген бірегей спектакль болып, театр тарихында алтын әріптермен жазылып қалды.

Кинематография саласында 2002 жылы белгілі кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетовтің режиссурасымен «Қызжылаған» киносы да түсіріліп, фестивальдер мен байқаулардың жүлдегері атанып, көрермендер көңілінен шыққан еді. Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаевтан кейінгі буынның үздік өкілі, кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетовтің ұлттық кино өнерін дамытудағы еңбегі баршамызға жақсы мәлім. Ол – өз картиналарында еліміздің тарихындағы ақтаңдақ беттерін киноға айналдырып, үлкен мәселелерді көтерген режиссер. Әрине, киноның да өз өмірі мен тарихы бар. Театр сахнасындағы қойылымның да, фильмнің де әлі күнге дейін маңызы зор.

Бұл шығарманы Астана қаласының Қуыршақ ­театрында «Мәңгілік бала бейне» деген атпен Құралай Ешмұратова 2018 жылы сахналады. Балаларға арналған спектакльде басты кейіпкерлер Ләйлә мен Болтайды ағаш қуыршақпен ойнатса, қалған кейіпкерлерді театрдың актерлері жанды планда ауыл адамдарының бейнесін өздері сомдады. Спектакль балалардың өз тарихымыз­ды терең түсінуіне үлкен септігін тигізіп, қоғамдағы мәселелерді қуыр­шақтарға жан бітіре отырып көрсетті. Театрдың бұл қойылымы балаларды кішкентай кезден бастап қоршаған ортаны қорғауға, үлкендерді сый­лауға баулиды.

«Мәңгілік бала бейне» пьесасының айтар мәселесі – тек қана тәннің дерті емес, жанның жарасы. Бұл қойылымдардың барлығы кино, театрда қандай жанрда болмасын адамның ішкі жан дүниесіндегі иірімдерін түбімен қопарып, катарсис сезіміне жетелейді.

Бүгінгі таңда республикамызда музыкалық, драмалық, қуыршақ, мюзикл, балалар театрлары жұмыс істеп жатыр. Бірақ мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы театр осы уақытқа дейін Қазақстанда, тіпті Азия­да болмаған. Орта Азия­дағы тұңғыш инклюзивті ­театр Астанада ашылып, «Қанаттылар» деген атау алды. Инклюзивті театрда Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» трагедиясы Абзалбек Максимнің режиссурасымен сахналанды.

Драманың басты кейіпкері Ләйлә бейнесін әуесқой актриса Малика Мұхтарова сомдады. Роза Мұқанованың бұл шығармасы тура Маликаға жазылған сияқты өз орындаушысын тапқан. Ләйләнің айтқан сөздері мен жан тебіреністеріне, қараңғы түнектегі жарық айдай жарқыраған тағдырына алаңдаған көрермендер көз жасын көлдетіп, терең ойға батты. Спектакльге Ләйләнің прототипі Еңлік Семейден арнайы келіп, Роза Мұқановамен танысып, көрермендермен қауышты.

Қорыта айтқанда, Роза Мұқанова шығарма­шылығының алтын қазы­ғы, негізгі ұстанған бағыты – күллі адамзатқа ортақ адами мәселелерді көтеру. «Мәңгілік бала бейне» трагедиясы мюзикл театрында қойылуы керек деген пікіріміз бар. Себебі бұл трагедия Қазақстанның барлық театрында сахналанса, тарих қойнауындағы жасырынып келген халқымыздың трагедиясын көрсетуге көп септігін тигізер еді. Драматургтің бұл туындысы алдағы уақытта әлемдік сахналардан көрінетініне сеніміміз мол. 

Нартай ЕСКЕНДІРОВ,

театртанушы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button