Әлеумет

Қарыз қамытынан қалай құтыламыз?

Қарызға белшесінен батқандар жалғыз қазақстандықтар ғана емес. Бұл тұрғыда көшбасында тұрған америкалықтарды «қарызға өмір сүретіндер» деп бекер айт­пайды екен. Қарапайым халықтың өмірі бір қарызын жауып, екіншісін алумен өтеді дейді білетіндер. Бұл елде де банк қызметкерлерінің алдында жаман атын шығармай, несиесін кешіктірмей мерзімінде төлегендердің айдарынан жел еспек.

[smartslider3 slider=2071]

Америкалық банктердің пайыз­дық ставкасы ең төменгілердің бірі болып табылады. Ең мықтысы, әрине, жапон банктері. Жапонияда несие бойынша пайыздық мөлшерлеме осы жылдың 1 қаңтарындағы мәліметінше, тағы да 1 пайызды құрады. Бұл елде максималды мөлшерлеме – 9.9 пайыз, минималды көрсеткіш – 0.9 пайыз. Қытайда тұтынушылық несиелер бойынша мөлшерлемелер 3-4 пайызды құрайды. Германияның банк мамандары қауымдастығының мәліметтері бойынша, тұтынушылық несиелер жыл сайын танымал бола түсуде. Германияда 1-5 жыл мерзімге тұтынушылық кредиттер бойынша орташа мөлшерлеме 4,8 пайызды, ал қарызды қайтаруды бес жылдан астам мерзімге белгілесеңіз, шамамен 7 пайызды құрайды. Бұл – тек тұтынушылық яғни ұсақ-түйек тірліктің қажеттіліктеріне арналған несиелер. Егер баспана алуға қатыс­ты, ипотека мөлшерлемесін алсақ, онда пайыздық мөлшерлемесі өте төмен елдердің бастапқы бестігін жапондықтар бастайды. Мұнда 20 жылдан астам қарыздар үшін ипотекалық кредиттеу бойынша ағымдағы пайыздық мөлшерлеме орта есеппен 1,3 пайызды құрайды. Финляндияда ипотеканы жылдық 1,48 пайыз мөлшерлемемен ресімдеуге болады, бұл мүмкіндік шетелдіктерге де беріледі.

Швейцарияда тұрғын үй заемы бойынша мөлшерлеме орташа жылдық 1,5 пайызды құрайды. Елде өмір бойына ипотека рәсімдеуге мүмкіндік бар. Ипотека 100 жылға дейін беріліп, қарыз бойынша төлем мұрагерлікке өтеді. Сондай-ақ Францияда – 1,83 пайыз, Германия да 1,89 пайызды құрайды. Экономикасы дамыған елдерде пайыздық мөлшерлеменің төмен болуы – заңды нәрсе, бұл елдерде инфляция да төмен, халықтың табысы да тұрақты келеді. Жалпы қай мемлекетті алып қарамасаңыз да, елдегі ипотекалық несиелеу бойынша пайыздық мөлшерлемелер көптеген факторларға байланысты. Мемлекеттің несие-ақша саясатына инфляция деңгейі, қарыз алушылардың төлем қабілеттілігі деңгейі, жылжымайтын мүлік нарығының жағдайы және т.б. нәрселерді айтуға болады.

Соңғы дерек бойынша еліміздің еңбекке қабілетті, жұмыс істеп өзін, отбасын асырауға жарайтын ересек азаматтарының саны 11 млн адамға тартады екен. Осылардың ішінде тең жарымына жуық 5 млн азаматтың ізінде банктерге қарызы үшін сот орындаушылары жүр.

Дамудың бұралаң жолындағы біздің банктердің тұтынушылық немесе тұрғын үй заемының пайыз­дық мөлшерлерінен ат үріккендей болуын осымен түсіндіреміз. Алайда соған қарамастан, тұрмысымызды түзеп, баспаналы болып, ішін қажетті техникаға толтыру үшін алдымен банкке жүгіреміз. Дүние­-мүлік түгілі, баспанасыз жүрген жастардың өзі алдымен айфон алу үшін қарыздың қамытын еркімен киеді. Жұмысы жүріп, дені сау болып, қарызын өтеп шықса жақсы, бірақ…

Соңғы дерек бойынша еліміздің еңбекке қабілетті, жұмыс істеп өзін, отбасын асырауға жарайтын ересек азаматтарының саны 11 млн адамға тартады екен. Осылардың ішінде тең жарымына жуық 5 млн азаматтың ізінде банктерге қарызы үшін сот орындаушылары жүр. Олардың барлық шоттары бұғатталып, ескерту жазбаларымен-ақ күндіз күлкісінен түнде ұйқысынан айырып отыр.

Содан да болар, барлығымыздың құлағымызға майдай жағатын «қарызды кешіру» сөзі саяси ойын­шылардың ұранына айналды. Мұның ақыры Жеке азаматтардың банкроттығы туралы заңды қабылдау мәселесіне ұласып, жоба бүгін-ертең мәжілісте қаралып, жаңа заң қолданысқа ене ме деп алаңдап жүрген жайымыз бар. Жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң жарылқап,  банкке қарызын төлей алмай, күнін әрең көріп жүрген қазақты ұшпаққа шығара ма деген сұрақтың жауабын күтудеміз. Жобаны талдап, талқылап қарызы көп қазаққа ұғынықты тілмен түсіндіріп жатқан ешкім жоқ. Сондықтан да заң қабылдаған күнде де банкрот болып табылған адамның көрген күні адам қызығатындай еместігін біреу білсе, біреу білмей жүр. Мысалы, дамыған елдердің тәжірибесінде банкрот деп танылған азаматқа көптеген шектеулер қояды. Олар лауазымды қызметтен шеттетіледі. Мемлекеттік қызметте де осындай шектеу бар. Кәмелеттік жасқа толмағандардың қамқоршысы бола алмайды. Біздің елдің жобасы бойынша, күнделікті ішіп-жеміне жетерлік қаражат қалдырып, қалғанын сыпырып алып отырады.

Біздердің қаржылық саласынан су қараңғы екенімізді ескерсек, тағы бір құрдымның алдында тұрған сияқтымыз. Өйткені бұқаралық ақпарат құралдарында айтылған пікірлерге қарағанда кейбір адамдардың банкрот болсақ, қарыздан толық құтыламыз деп мәз болуына негіз жоқ. «Өзін банкрот деп жария­лаған жеке тұлға қарыз берушіге жартылай тәуелді болып қалады. Ол несиесінен толық құтылғанша ауыр жұмысқа тартылуы мүмкін. Яғни қарызын мәжбүрлі түрде өтейді» деп те айтады. Енді біреу­лері банктер жеке тұлғалардың қарыздарын неге кешіруі тиіс деп таң қалуда. Банк туралы заңдарға сәйкес өзінің нормативтік базасы бар, оны ай сайын орындау керек. Егер олар орындалмаса, олар жұмысын тоқтатады. Қарыздарды кешірудің басқаша жолында мемлекеттің мойынан салып бергенді қолайлы көретіндер де бар. Яғни бұлай болса, бюджеттен қомақы қаражат банктерге аударылады. Мұндай жағдайда мемлекет басқа әлеуметтік бағдарламаларға қатыс­ты бюджетті қысқартатын болады. Бұл да жақсы емес. Мамандар жаңа заң халықтың да, биліктің де жауап­кершілігін арттыру үшін керек деген пікірде бір жерде тоғысады.

Расында да, жауапкершілік жүгі алдымен банктен қарыз алушыға түседі. Банкрот боларынан қорғану үшін қарызға кірер алдында он ойланып, жүз толғанғаны абзал.

Жайшылықта жұмысы біршама тұрақталып, жалақыдан жалақыға жетіп, жетіле бастағанда банкке мойын созатынымыз рас. Пайызы пұшайман ететін қарызға кірмей тұрып, қызметіңіздің болашағын бағамдаңыз дейді білетін жұрттар. Тұрақты кірісті жоғалтудың өзі айтарлықтай қиындықтар туғызады, ал оның үстіне несие болса, жан алқымға келгені сол болар. Жаңа жұмысқа тұрған болсаңыз, мекеменің қаржылық жағдайын бағалау оңай емес. Әріптестеріңізбен сөйлесіп, компания жаңалықтарын, мүмкіндіктерін зерттеген жөн. Қарыз аларда қызметкерлердің қысқартылуы, кешіктірілген жалақы тағы басқа мекемеішілік мәселелерді ескеріңіз.

Денсаулығыңыз, созылмалы ауруларыңыздың болмауы – қарыздан қиналмай құтылудың алғы шарты. Алда-жалда бас ауырып, балтыр сыздаса, дәрі-дәрмектермен бірге қосымша шығындар төлемдерді төлеуді қиындатады. Мұндай жағдайда банк тарапынан түсіністікке сенудің қажеті жоқ. Тәуекел етуге тағы болмайды. Тек өзіңіз үшін несие алыңыз.

Сайып келгенде, қазіргі күнде қарызсыз, несиесіз, ипотекасыз өмірді елестету  қиын. Десе де ескеретін нәрсе бар. Байлық – тапқаныңыздан асырып емес,  кем жұмсағанда бітетінін біліңіз. Былайша айтқанда, тарта жесе тай қалады, қоя жесе қой қалады, қоймай жесе не қалады?!

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button