Қала тіршілігі

ҚАРЫЗДЫ ҚАЛАЙ ҚАЙТАРТАМЫЗ?

Қылышын сүйретіп қыс та таяп қалды. Қаланың коммуналдық мекемелері дайындықты бастағалы қашан? Көпшілік Арқаның үскірген аязында үйіміздің жылы болуы тек жергілікті әкімдік пен оған қарасты коммуналдық кәсіпорындарға қатысты деп ойлайды. Олай емес.

Қыстан қымтырылмай шығуымыз тікелей өзімізге қатысты. Өзіміз деп тұрғындарды, яғни халықты айтып отырмын. Бүгінде елордалықтардың коммуналдық мекемелер алдындағы қарызын мыңдап, тіпті миллиондап санауға болады. Біреудің берешегінде неміз бар, діттегеніміз – сол қарызды қайтару жайы. Өздері біліп қайтармаса, қалай қайтартамыз деген сұраққа жауап іздеу. Сонымен

Алдымен коммуналдық мекемелердің біразына хабарластық. Кейбірінің ғаламтордағы рес¬ми сайтындағы мәліметке қанық болдық. «АстанаЭнергосбыт» ЖШС-нің сайтында 12 қыркүйек күні айлап коммуналдық қызмет ақысын төлемеген борышкерлердің тізімі жарияланған. Тіпті, айлап емес, жылдап төлемегендер бар екен. Көпқабатты үйлердің тұралаған қарызы 12 677 695 теңгені құраса, жеке меншік секторда тұратын, яғни жер қожайындарының берешегі 66 115 214 теңгеге жетіпті. Тізімде Ләйлі-Мәжнүн көшесінің бір тұрғыны 7 634 906 теңгемен көш бастап тұр. Масқара-ай! Бір ғана адамның қарызы білдей бір ортанқол мекеменің бір жылдық бюджетімен тең. Ал «Аста¬на су арнасы» МКК алдындағы тұрғындардың қарызы – 230 мил¬лион теңге. Оның 94,7 млн теңгесі жеке тұлғалардың, 136,2 млн теңге заңды тұлғалардың, ал қалған 1,0 млн теңгесі бюджеттік мекемелердің үлесінде екен. Мекеменің баспасөз хатшысы Вахит Ниязовтың айтуын¬ша, коммуналдық бригадалар 3 айдан бері су ақысын төлемеген пәтерлерді бірнеше ескертуден соң, орталық сумен қамту жүйесінен өшіріп тастайды. Оған қоса, кәріз жүйесінен де ағытылады.

Жылу, су, жарықтан бөлек ПИК қызметінің ақысын төлеуден жалта¬рып жүргендер бар. Бір өкініштісі, елордалықтардың ПИК алдындағы қарызының қанша екенін дөп айту мүмкін емес. Себебі, әр коо¬ператив есепті өзінше жүргізеді. Қызмет ақысын төлемейтіндер көбінесе пәтерін жалға беріп қойған пысықайлар.Түптеп келгенде, бұл тұрғындардың жауапсыздығын көрсетеді. Әрі бұл салғырттық тек қызмет көрсетуші компанияларға ғана емес, тұрғындардың айналасындағы көрші-қолаңдарына да зардабын тигізетіні анық. Өйткені, үйдің ішкі-сыртқы жөндеуі мен коммуналдық қызмет сапасының жоғары деңгейде болуы ол қызметтің қайтарымына байланысты. Сайып келгенде коммуналдық қызметтің ақысын уақытымен төлемеген «бірдің қырсығы мыңға тиеді».

Жалпы, бұл қарыз мәселесінің ай¬тылып келе жатқанына аз болған жоқ. Әттеген-айы көп жағдайда айтылады да қояды. Тіпті, коммуналдық, салық берешегі туралы алқалы жиында Елбасының өзі бір емес, бірнеше мәрте айтқаны бар. Үлкен кісі мықтап тапсырған соң, салық органдары берешегі бар борышкерлердің тізімін жариялады. Соның бір септігі тиіп, енді қарызы барлар шетелге аттап шыға алмайтын болды. Осы сияқты коммуналдық қарызды қайтартудың әдісін ойластыру керек сияқты. Теле-фонмен ескертіп, құр сөзбен қорқыта бергеннен қарыздың қайтатын түрі жоқ. Қайтпайды да. Әйтпесе, қарыз жылдар бойы жинақталып, «қорға» айналар ма еді? Сонымен, қарызды қалай қайтарту керек? Осы сұрақты сала мамандарына қойып көрдік.

Айтмұхан ЖҰМАБАЕВ, «Астана-Теплотранзит» АҚ басқарма төрағасы:

– Біздің елдің коммуналдық қызмет ақысын төлету жүйесіне реформа керек сияқты. Мәселен, таяуда көрші Ресейде арнайы заң күшіне енді. Соған сәйкес, салықпен қоса коммуналдық қарызын төлемеген азаматтар шетелге шыға алмайтын болды. Егер бір жаққа шыққың келсе, алдымен қарызыңды төлейсің. Менің ойымша, бізде де осындай жүйені тәжірибеге енгізу қажет. Сондай-ақ Еуропаны алайық. Мысалы, белгілі бір уақыттың ішінде берешекті қайтармасаң, ол үй кепілдікке алынады. Егер сол мерзімнің ішінде төлемесең, пәтерді кепілдікке алған орган оны сатылымға қояды. Түскен ақшадан өзіне тиесілі соманы алып қалады. Бұл кәдімгідей заңмен бекітілген. Қазақстанның тәжірибесіндегі заңдарды солар сияқты қатаңдату керек.

Әлихан ҚУАТБЕКОВ, Алматы ауданы әкімінің орынбасары:

– Әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық саласына, оның ішінде ПИК жұмысына тікелей жауапты болғандықтан, айтарым: қызмет сапасы қаншалықты болса, ақысы да соншалықты болмақ. Біздің ауданда ПИК қызметінің ақысын ай сайын 90-93 пайызға дейін уақытылы төленеді. Тұрғындармен жиі кездесулер өткізіп, олардың жауапкершілігін артты­ру бойынша жұмыс жүргізіп отырамыз. Жалпы, кез келген адам пәтерді сату немесе сатып алу кезінде Халыққа қызмет көрсету орталығына барады. Пәтер иесінің атында қарыз болса, ол анықтамада көрсетіледі. Меніңше, баспананы сату кезінде пәтерге тіркелген барлық қарызға сұрау жасау керек. Сонда қожайынның қызмет ақысын төлегені немесе төлемегені анықталады. Яғни, коммуналдық қарызды қайтартудың осы сияқты кешенді жүйесін енгізу керек сияқты. Сонда кез келген адам қызмет ақысын дер кезінде төлемесе, ісі алға баспайтынын білетін бо­лады. Жауапкершілікті арттырудың бір жолы осы дер едім.

P.S.

Басқасын қайдам, өзіміз коммуналдық қызметтің құнын дер кезінде төлемесек, ертесіне ескертер-ескертпестен жарықты қиып кетеді. Жоғарыда өзім айтқан тізімге қарап «осылар жылдар бойы төлемей-ақ қалай жүр?» деген сұраққа жауап таппай дал болдым. Соған қарағанда, құзырлы органдардың қолы тек мойнына берешек артпай, ақыны уақытылы төлейтіндерді қорқытып-үркітуге ғана жететін сияқты. Әйтпесе, миллиондап төлемей жүргендерді жөнге салатын кез келді емес пе? Бәлкім, біздің осы жазғанымыздан кейін аталған саланы жаңғырту туралы ойланар. Олай болмаса, үскірген қыста үсіп қалмауымызға кім кепіл…

 Айнұр ШОШАЕВА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button