ЖаңалықтарҚала тіршілігіҚұқық

Қарызыңыздан құтылмай, шетелге шыға алмайсыз

Мойыныңызда қарызыңыз болса, елден аттап шыға алмайсыз. Астаналық сот орындаушылары шекара асып тынығып қайтуға немесе басқа да себептермен шетелге аттануға бел буған борышкерлерді қыспаққа алып, орта жолдан кері қайтарып жатыр. Алайда бұған да қарамастан, мың түрлі сылтау айтып, ескертуге құлақ аспай, қарызын өтемей  жүргендер көбейіп кетіпті. Осыған байланысты Астана қалалық прокуратурасы мен Ішкі істер департаментінің мамандары және жеке сот орындаушылары борышкерлердің артынан шам алып түсе бастады.

01

Прокуратура мамандарының айтуынша, мойынына мінген қарызына бола шетелге шығу құқынан шектеліп отырған астаналықтардың саны 16 мыңға жеткен. Астана қаласында сот орындаушылар күніне 30-ға жуық азаматтың шетелге шығуын шектеп, әуежайлар мен вокзалдардан кері қайтарады екен. Мұнымен ғана шектеліп қалмай, екінші деңгейдегі банктердегі есепшоттары да тұтқынға алынады. Алайда соған қарамастан, айыппұл, несие қарызы мен берешегін төлемей жүрген борышкерлердің саны көбеймесе, азаймай отыр. Осының салдарынан бүгінде қалалық бюджетке түспей отырған қаржының көлемі 615 млн теңгеден асып жығылған. Ал сот орындаушыларының алдында қарызын өндіріп алу туралы тағы 37 мыңға жуық іс жатыр. Өкініштісі сол, бұл көрсеткіш күн санап артып келеді.
Еліміздің заңы бойынша тек алимент немесе жол айыппұлдарын төлемеген адамдар ғана емес, қаланың коммуналдық қызметтеріне де қарызы бар тұлғалар борышкер деп танылады. Яғни сот арқылы өндіру шешімі шығарылған кез келген тұлға қара тізімге енгізіледі. Оларға сот арқылы санкцияланып, сот орындаушысының қаулысы қосылады. Бұл қаулының бір көшірмесі борышкерге беріліп, тағы бір данасы Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметіне жіберіледі. Борышкер шетелге ұшар кезде дәл осы қызметтің қызметкерлері ортақ базада қарызы төленді деген белгі шықпайынша, шекарадан ешқайда өткізбейді.

02
Мұндай тәсіл елімізде 2010 жылдан бері қолданылып келеді. «Алыс-жақын шет елдерде кеңінен қолданылатын бұл тәсіл борышкерлердің қарыздарын дер кезінде төлеуіне ықпал етеді. Кез келген азамат мемлекет алдында қарызы немесе айыппұлы бар-жоғын тексеріп алуға шақырамыз», – дейді прокуратура мамандары.
Мұндай келеңсіз жайтқа түспес үшін кез келген тұрғын алдымен қарызының бар-жоғын тексеріп алу тиіс. Қарыздар болған жағдайда, борышыңызды «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес, соттың шешімі мәжбүрлеп орындауға түскен күннен бастап 30 күн ішінде ерікті төлей аласыз. Сонымен қатар, аталмыш кодексте жеті күн ішінде жалпы айыппұл сомасының елу пайызын төлеу тәртібі қарастырылған.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button