Экономика

ҚАРЖЫ НАРЫҒЫНЫҢ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ

келимбетов

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов Қазақстанның қаржы нарығындағы ахуал тақырыбында журналистермен кездесу өткізді. Инфляция, халықаралық резервтер мен ақша агрегаттары, валюта нарығы, мемлекеттік құнды қағаздар нарығы, Қазақстан Ұлттық Банкінің қысқа мерзімді ноттары, банкаралық ақша, депозит, сондай-ақ, несие нарықтары туралы тілшілерге толыққанды жауап берді.

Қазақстан Республикасы Статис­тика агенттігінің ресми деректерін алға тартқан ол 2013 жылғы қарашада инфляция 0,5 пайыз деңгейінде қалыптасып, былтырғы жылмен салыстырғанда 0,2 пайызға кеміген деді. Азық-түлік тауарларының бағасы бір пайызға жетер-жетпес мөлшерде, ал басқа тауарлар 0,4 пайызға дейін көтеріліпті.

2013 жылдың қарашасында Ұлттық Банктің халықаралық резервтері артып, 24,1 млрд АҚШ долларына дейін, яғни, 1,7 пайызға ұлғайған. Ал таза халықаралық резервтер 23,6 млрд АҚШ долларын құрап, жыл басынан бері 15,1 пайызға төмендеген.

Бас қаржыгердің есебінше, қараша айының соңына қарай теңгенің биржалық бағамы бір айда 0,4 пайызға нығайып, бір АҚШ доллары үшін 153,68 теңгеге дейін жеткен.

Өткен айда Ұлттық Банктің ноттарын орналастыру бойынша аукциондар өткізілмеген. Соның нәтижесінде, ноттардың көлемі қазан айымен салыстырғанда 2013 жылғы қарашаның аяғында 50,7 пайызға қысқарып, 3,6 теңгені құрады.

2013 жылғы қазанда орналастырылған банкаралық депозиттердің жалпы көлемі 2013 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда 3,1 пайызға ұлғайып, 1731,6 млрд теңге болды.

Теңгемен салыстырғанда банкаралық депозиттердің көлемі 26,6 пайызға ұлғайып және 130,4 млрд теңге болды. Ол – орналастырылған депозиттер жалпы көлемінің 7,5 пайызы. Ал Ұлттық банктерден тартқан депозиттердің көлемі қыркүйекпен салыстырмалы түрде алғанда қазан айында өзгеріс байқалмаған.

Депозиттік ұйымдардағы резиденттер депозиттерінің жалпы көлемі қазан айында 10242,5 млрд теңгеге дейін 1,4 пайызға өскен.

Ал банктердің экономиканы несиелендіруінің жалпы мөлшері 11040,4 млрд теңгені құрап, 1 пайызға ғана өсті. Бұл – қазан айындағы көрсеткіш.

Сондай-ақ, Қайрат Нематұлы көпшіліктің сұранысына ие болған Ислам банкінің Қазақстандағы толыққанды бастала қоймаған жұмысы туралы да айта кетті. Оның көпжылдық бағдарлама аясында қолға алатын мәселе екеніне тоқталып, бір-ақ ауыз сөзбен шеше салар іс емес деп өз ойын түйді.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button