Әлеумет

Қаржы орталығы: халыққа қандай көмегі бар?

«Қаржы орталығы» оқу ақысын төлей алмаған студенттерге «Білім беру несие­леріне кепілдік беру» жобасы арқылы екінші деңгейлі банктер ұсынған 2 млрд теңге көлеміндегі қаржыға 3700 адамға кепілдік берген. Кейін білім алу үшін алған несиені оқуды аяқтап, дипломды қолға алғаннан соң 10 жылда қайтарасыз. Бiлiм алу үшін арнайы несиені қалай рәсімдеу керек? Шарттары қандай? Әлеуметтік-студенттік кредит кімге және қалай беріледі? Аталған сұрақтарға ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ департамент директорының орынбасары Ақжол ҚҰРМАНСЕЙІТ жауап берді.

[smartslider3 slider=1585]

– Мемлекеттік білім беру грантынан қағылып, ақылы оқуды қалтасы көтермейтін қарапа­йым талапкерлер үшін жоғары білім алудың бір мүмкіндігі ретінде білім беру несиесін алуға мүмкіндік бар. «Бiлiм беру кредиттерiне кепiлдiк беру» қалай іске асады? Несие алуға үміткер студенттерге қойылатын талаптар қандай?

– «Білім беру несиелеріне кепілдік беру» жобасына «Қаржы орталығы» 2 млрд теңгеге кепілдік берген. Осы мүмкіндікті пайдаланғандар саны 3700 студенттен асады. Жобаның басты артықшылығы – кепілсіз несие беріледі. Екінші деңгейлі банк «Нұрбанк» арқылы жүзеге асатын жүйемен еліміздің түкпір-түкпіріндегі жоғары оқу орнында оқитын студенттер несие ала алады. Жобаға қатысқан студенттер оқу ақысын бір семестрге немесе толық оқу жылына төлей алады. Сонымен қатар студент алған қаржысын оқу орнын бітіргеннен кейін қайтару мүмкіндігі де қарастырылған. Және жас маманның жұмысқа орналасуы үшін 6 ай уақыт беріледі. Ал жылдық па­йыздық мөлшерлемесі – 20 па­йыз. Несие әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларға, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ата-ана­лары мүгедек немесе ата-ана­сы зейнеткерлік жасына жеткен және көпбалалы отбасылардан шыққан студенттерге, сондай-ақ жалпы санаттағы барлық ниет танытқан студенттерге беріледі.

– Ал білім беру несиесін алу үшін талапкер кепіл қоюға міндетті ме? Жобаға қатысу үшін қандай құжаттар қажет?

– Білім беру несиесін алу үшін талапкер кепіл қоюға міндетті емес. Өйткені білім несиелері «Қаржы орталығы» кепілдігі бойынша беріледі. Сонымен қатар «Қаржы орталығы» білім несиелерін қайтаруды қамтамасыз ету, «Мемлекеттік білімді жинақтау жүйесі» бағдарламасын үйлестіру, орта білімді жан басына нормативтік қаржыландыру міндеттерін де қоса атқарады.

Сонымен бірге студент оқу барысында да үлгерімін төмендетпеуге міндетті. Себебі несие толық оқу жылына бөлінгенмен, әр оқу семестрі сайын беріліп отырады. Ал студент өзінің оқу үлгерімі туралы анықтаманы әр семестр сайын банкке өткізуі керек. Білім беру несиесі жастардың білім алуына мүмкіндік беріп қана қоймай, оларды үздік студент атануға ынталандырады. Несие шарты бойынша ең алдымен талапкер мен банк арасында ақылы негізде оқу үшін несие алу туралы келісімшарт жасалады. Содан кейін банк талапкер таңдаған жоғары оқу орнына несие берілетіндігі жөнінде анықтама жолдайды. Мемлекеттің кепілдігімен берілген несиені студент оқу бітіріп, дипломды қолға алғаннан кейінгі 6 айдан бастап қана төлеуге міндеттеледі. Қарыз алушының жеке куәлігі, мекенжай анықтамасы, ҰБТ сертификаты немесе соңғы сессия үшін транскрипт, сондай-ақ ЖОО-мен жасалған шарты, яғни оқу ақысының құны көрсетілген құжаты болса болғаны. Қосымша банк талап еткен өзге де құжаттар тізімі бар.

– Қазіргі күнге де­йін баласын оқуға түсіру үшін қорасындағы малын базарға сүйрейтін ата-аналар қатары әлі де аз емес. Ал мемлекет ұсынып отырған білім несиесі ата-ананың қалтасына ешқандай салмақ салмас еді. Білейін дегенім, білім несиесімен оқыған студенттердің қарызы қайтарылып жатыр ма? Қарызын өтемеген «қара тізімде» қанша студент бар?

– Бізде жеке «қара тізім» жоқ. Қарызы қайтарылмаған жағдайда қаражат сот арылы өндіріледі. Банк алдында студенттер алған қарызға біз кепіл болғаннан кейін, банк қызметкерлері студенттердің соңына түсіп, қудаламайды. Орталық мамандары қарызын қайтара алмай жүрген студенттің ата-анасымен келіссөз жүргізеді. Мүлде төленбеген жағдайда құжаттары сотқа тапсырылады. Оның өзінде қарызды бірден қайтарсын деген талап жоқ, ақырындап, аз-аздан қайтарады.

– Баланың болашағына қажет қаражатты тиындап-ақ миллионға жеткізудің жолы бар. Ол – білім беру депозиті. Алайда қалтадағы қаржыны суырып шығарарда үміт пен күдік қатар келетіні кәміл. Содан санада бірден «Мұның болашағы бар ма?» деген сұрақ туады. «Aqyl» мемлекеттiк бiлiм беру депозитiне деген халықтың сенімі қалай?

Елімізде 2013 жылдан берi мемлекеттiк бiлiм беру жинақтау жүйесi жұмыс iстейдi. Бүгінде салымшылар саны 15700-ден асады, депозиті 22 млрд 750 млн теңгеден жоғары. Бұл – республикамыздың кез келген азаматы үшiн өзiне немесе баласының атына бiлiм беру жинақтау салымын ашу мүмкiндiгi. Басты артықшылығы – салымдарға 9 па­йызға дейiнгi, банк сыйақысынан бөлек, мемлекеттен 5 және 7 пайыз сыйлықақы есептеледi. Депозиттiң қатаң нысаналы мақсаты бар: жинақталған қаражат ҚР-да, сондай-ақ шетелде оқу ақысын төлеуге жұмсалуы тиiс

– Елімізде 2013 жылдан берi мемлекеттiк бiлiм беру жинақтау жүйесi жұмыс iстейдi. Бүгінде салымшылар саны 15700-ден асады, депозиті 22 млрд 750 млн теңгеден жоғары. Бұл – республикамыздың кез келген азаматы үшiн өзiне немесе баласының атына бiлiм беру жинақтау салымын ашу мүмкiндiгi. Басты артықшылығы – салымдарға 9 пайызға дейiнгi, банк сыйақысынан бөлек, мемлекеттен 5 және 7 пайыз сыйлықақы есептеледi. Депозиттiң қатаң нысаналы мақсаты бар: жинақталған қаражат ҚР-да, сондай-ақ шетелде оқу ақысын төлеуге жұмсалуы тиiс.

Депозит ашып, ай са­йын 10 мың теңгеден салып отырыңыз. Балаңыз 1-сыныпта оқиды дейік, ол 11-сыныпқа барғанда, яғни 10 жылдан кейін сізде 1 млн 200000 теңге жиналады, оған 10,4 пайыздық банктің және 5 пайыздық мемлекеттің 1 млн 706 980 теңге сыйақысын қосыңыз, сонда мектеп бітірген балаңыздың қорында 2 млн 906980 теңге дайын тұрады. Егер бабы мен бағы қатар шауып, балаңыз грантқа түсіп кетсе, өз ақшаңызды қос сыйақымен қоса оның болашақ отбасын құруға дайын инвестиция немесе басқа игілікке жұмсауға тамаша мүмкіндік.

«Қазақстан халық банкi» АҚ сыйақы мөлшерлемесi – 9 пайыз, «Jysan Bank» АҚ сыйақы мөлшерлемесi – 8,3 пайыз, «Банк ВТБ» АҚ ЕҰ сыйақы мөлшерлемесi – 8,8 пайыз, «Нұрбанк» АҚ сыйақы мөлшерлемесi – 9 пайыз. ЖОО-ға немесе колледжге ақылы негiзде түскеннен кейiн салымшы депозит ашылған банкке ЖОО-мен жасалған шартты ұсынады, банк оқу ақысын салымшының шотынан тiкелей бiлiм беру ұйымына аударады. Егер оқудың барлық мерзiмiне оқу ақысы төлегеннен кейiн депозитте қаражат қалса, салымшы оларға өз қалауынша иелiк етуге құқылы.

– «Әлеуметтік-студенттік кредит» жобасы студенттерді әлеуметтік және қоғамдық қызметке тартуға бағытталған. Жоба аясында колледж және жоғары оқу орны студенттері ақшалай сыйақы алып, қоғамдық пайдалы жұмыс нәтижелері үшін академиялық кредиттерді қайта есептете алады. Қазіргі күні бұл бағытта статистика не дейді? Жоба жайына тоқталып, таныстырып өтсеңіз. Кімге және қалай беріледі? Қайтарымы бар ма?

– Күндізгі оқу нысанындағы колледж және ЖОО студенттеріне әлеуметтік-студенттік кредиттің 2 түрлі ваучер ұсынылады. Мысалы, 20 сағаттық қыз­меті үшін 20000 теңгеге кредит ұсынса, 50 сағаттық қызметі үшін 50000 теңгеге қайтарымсыз ваучер беріледі. Ал студенттер еріктілер қатарына өтіп, балалар, қарттар үйіне, білім беру мен өзге де әлеуметтік мекемелерге көмек көрсетуі керек.

– Жобаға өткен жылдан бастап тек жоғары оқу орнының студенттері ғана емес, колледж студенттері де қатыса алады. 2019 жылы волонтерлікте 6 негізгі бағыт болса, биыл 11-ге жетті. Сол бағыттарды айтып өтіңізші. Көтермелеу әлеуметтiк-студенттiк кредиттер қалай беріледі?

– Биылға осы мақсатқа 640 млн теңге бөлінген, жоғары оқу орындары мен колледждерге қарастырылады. Бүгінде аймақтардағы колледж студенттері құжаттарын тапсырып жатыр. Осы күні мыңнан аса колледж студентке төлем аударылды. 20, 50 сағаттық қызметтер үшін жыл соңына дейін жалпы алғанда 20 мыңдай студентке 640 млн теңге беріледі. 20 сағат қызмет еткенi үшiн студенттерге бiлiм беру ұйымы айқындаған екi академиялық кредиттi (сағаттарды) есепке алуға және 20000 теңге мөлшерiнде бiржолғы ақшалай төлем алуға мүмкiндiк беретiн ваучер түрiнде кредит ұсынылады.

50 сағат қызмет еткенi үшiн студенттерге бiлiм беру ұйымы айқындаған бес академиялық кредиттi (сағаттарды) есепке алуға және 50000 теңге мөлшерiнде бiржолғы ақшалай төлем алуға мүмкiндiк беретiн ваучер түрiнде болады.

Кредиттер инклюзивтi бiлiм беру, репетиторлық (тiлдер, компьютерлiк са­уаттылық), аула және спорт клубтарын ұйымдастыру, балалармен, қарттармен және мүгедектермен әлеу­меттiк жұмыс бойынша берiледi.

– «Қаржы орталығының» бұл жобалардан басқа бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларының жүзеге асып жатқанын білеміз. Алгоритм бойынша инвесторлар өз қаражатына жатақхана салады, ал министрлік оларға мемлекеттік тапсырысты орналастырып, студенттің әрбір жатын орнына қаржы төлейді. Студенттік жатақханалар мен жекеменшік мектептерді салу мәселелері бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайына тоқталыңызшы.

– Иә. Жыл соңына дейін 47 жаңа студенттер жатақханасы пайдалануға беріледі. 2022 жылдың соңына дейін 75 мың орындық жатақханалар пайдалануға берілуі тиіс. Соңғы үш жылда үшінші әлеуметтік бастама шеңберінде елімізде 85 жаңа жатақхана іске қосылып, 22 мыңнан астам студент қоныстанды. Министрлік Елбасының үшінші әлеу­меттік бастамасын іске асыру аясында студенттер жатақханаларын салу мен қайта құру қарқынын жеделдетудің жаңа тетіктерін әзірледі. Атап айтқанда, жатақханалар нысаналы құрылыс және жоғары оқу орындарының өз қаражаты есебінен, сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бо­йынша салынады. Яғни инвесторлар өз қаражатына жатақхана салады, ал министр­лік оларға мемлекеттік тапсырысты орналастырып, студенттің әрбір жатын орнын төлейді.

Нұр-Сұлтан және ­Алматы қалаларында жеке инвесторларды қосымша ынталандыру үшін мемлекеттік тапсырыс көлемін 47 АЕК-тен 92 АЕК-ке дейін ұлғайту мүмкіндігі қарас­тырылып жатыр. Келесі, бүгінде республикада 132943 орынға арналған 359 орта білім беру ұйымы бар, оның ішінде 36407 оқушыға арналған 112 жеке мектеп қайта ашылды. 13048 балаға арналған 24 мектеп салынды. 5738 орындық 19 мектеп қайта жаңартылды. 2021 жылы 23860 орындық 50 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. 2022 жылы 41021 орындық 51 мектепті пайдалануға беру көзделген.

 

Артықшылығы

– жеңiлдiктi кезең (кейiнге қалдыру): негiзгi қарыз сомасын өтеу оқу мерзiмi аяқталғаннан кейiн және оқуды бiтiргеннен кейiн 6 айдан соң жүргiзiледi;

– несие мерзiмiнiң ұзақтығы: 10 жылға дейiн берiледi, айыппұл санкцияларынсыз мерзiмiнен бұрын өтеу мүмкiндiгi бар;

– кредит бүкiл Қазақстан бойынша беріледi;

– кредит сомасы бойынша шектеулердiң болмауы (бiрақ оқу құнынан аспайды);

– оқу орнын таңдау бойынша шектеулер жоқ;

«Қазiргi уақытта БКК-ге қатысушы банк – «Нұрбанк» АҚ. Бiлiм беру кредитi бойынша пайыздық мөлшерлеме 20 пайызды құрайды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button