Мәселе

Қаржы пирамидасы: қулықтың құрбаны болма!

Биыл елімізде тек 9 айда 1652 адам қаржылық пирамиданың құрбанына айналып, 2 жарым млрд теңгесінен айырылды. Қуанышқа қарай, 94 пайызы қаржысын қайтарыпты. Ал баспанасын, көлігін сатып, тіпті несие алып, ақша салғандар ақшасын қайтару былай тұрсын бас көтере алмай жүр. Өткен аптада ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы пирамидасының белгілері бар ұйымдардың тізімін жариялады. Финико, Indigo 24, L-Capital, BAI-QUAT, L-Capital Finance, Qnet Ltd, Life is good деп кете беретін қаржы пирамидасының белгілері бар 56 ұйым және 65 заңсыз инвестициялық делдалдың әрекеті толық әшкере болды. Қаржы пирамидасын қалай анықтаймыз? Алаяқтарға алданса, кім көмектеседі? Заң мен жаза қандай? Қаржы пирамидасы: қулықтың құрбаны болмас үшін нені білу керек?!
 

[smartslider3 slider=372]

Қаржы пирамидасының белгілері:

  1. Қаражаттың елеулі сомасын салу қажет.
  2. Ірі пайыздарды және салынған ақшаны тез қайтаруға уәде береді. Адам сенгісіз пайда, үстеме табыс табасыз деп сендіреді.
  3. Төлемді алу үшін таныстарыңызды олар да өз қаражаттарын салуы үшін тарту керек.
  4. Жоба «ноу-хау» ретінде ұсынылады. Олар өзін басқарушы компания, тұтыну кооперативтері, танымал компания атынан ұсына береді. Кейде оны нақты компания ма, әлде жалған ба, ажырату қиын.
  5. Компания қаражат жинау қарсаңында тіркелген, оның жарғылық капиталы ең төмен және жалғыз құрылтайшысы бар. Тіркеуді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында «Салық төлеушілерді іздеу» сервисі арқылы тексеруге болады. Тіпті ресми құжатын көрсетсе де, оны қайта тексеруге ерінбеңіз.
  6. Әлеуметтік желілердегі белсенді және ойдан кетпейтін жарнама, түрлі презентациялар, түрлі мүмкін сыйлықтардың ұтыс ойындары, сыйлықтар, жолдамалар, парақшаларды жаппай тарату, пошта және e-mail арқылы тарату.
  7. Шартты мұқият зерделеу кезінде, егер бір нәрсе дұрыс болмай қалса, ешкімге жауапкершілік жүктелмейтіні түсінікті.
  8. Компания өзін «микроқаржы ұйымы», «несие бюросы», «қарызға қарсы бағдарлама», «қаржылық қызметтер орталығы» ретінде жасыра алады. Жиі «Сіз банктен бас тарттыңыз ба? Біз көмектесеміз!», «Берешектен құтылуға көмектесеміз!», «Ақшаңызды көбейтіңіз», «Тәуекелсіз пассивті кіріс» және т.б. «тартымды» ұрандармен бірге жүреді.
  9. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы жоқ.
  10. Қолма-қол ақшаны қабылдайды немесе компанияның банктердегі арнайы есеп айырысу шоттарын қолданбай, интернет-төлемдер мен аударымдардың әртүрлі жүйелерін пайдаланады.

Мысалы, «Finiko» компаниясы жоғары пайыздарды ұсынады (2-тармақ), бірақ бастапқы соманы салу қажет (1-тармақ), пайдаланушыға CFR криптовалюталарын және өзге инвестициялық құралдарды сатып алуды ұсынады (4-тармақ), ҚНРДА-нің лицензиясы жоқ (9-тармақ), өздерін «пайда табудың автоматтандырылған жүйесі» ретінде жарнамалайды (6 және 8-тармақ), ақшаны тек қолма-қол нысанда қабылдайды немесе Qiwi-­әмияндар, Яндекс-ақша, Easy Pay, PayPal және басқалары (10-тармақ) сияқты интернет-төлемдер мен аударымдарды қолданады. Осылайша, 10 белгінің 7-і қаржы пирамидасының қызметіне сәйкес келеді.
Заң да, жаза да бар…
Бас прокуратураның ресми статистикасына сүйенсек, соңғы бес жыл ішінде қазақстандықтар қаржы пирамидаларына салым салып, 14 млрд теңгеден астам ақшадан айырылған. 2019-2020 жылдар аралығында «Гарант 24 Ломбард», «Estate ломбард», «Тиімді қарыз» қаржы пирамидаларынан 26 мыңнан астам қазақстандық алданған. Бүгінде қаржы пирамидасы бойынша 6 адам іздеуде. Оның ішінде 2 адам халықаралық, 4 адам мемлекет­аралық іздеуде жүр. Аяқталған қылмыстық істер бойынша 2 күдікті Тәжікстан мен Украина азаматтары болып табылады.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 150-бабымен қаржы пирамидаларын жарнамалау және олардың қызметін жүзеге асыру үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы бойынша қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық етуге қатысы бар азаматтың мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 7 жылға, ал бас бостандығынан 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге айырылады.
«Биыл тек 9 айда 30 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде ағымдағы жылы 19 сотқа дейінгі тергеп-тергеу басталды. Іс жүргізумен 17 іс аяқталды (сотқа жолданды – 16, ақталмайтын негіздер бойынша – 1). ІІО-ға 4 қылмыстық іс жолданды. Есептік кезеңде іздестіруге байланысты 1 іс бойынша тергеу мерзімдері тоқтатылды. Экономикалық тергеп-тексеру департаменттерінің іс жүргізуінде 12 іс бар» дейді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілі Абу-Али Алибек.
 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button