Құқық

Қаржы пирамидасы тұзағына түспеңіз

Жақында Нұр-Сұлтан қаласының экономикалық тергеу департаменті қаржы пирамидасын құрып, оған басшылық жасаған Р.Ахымбекова мен ­К.Елеукеноваға қатысты қылмыстық іске нүкте қойды. 2019 жылы құрылып, Қазақстанның бүкіл аумағын қамтыған «Астана Раушан кассасы айналымы» қаржы пирамидасының иелері «WhatsApp» мessenger мен «Telegram» әлеуметтік желілерінде чат ашып, он сегіз ай бойы емін-еркін көсілген.

[smartslider3 slider=3023]

Сенімге кірудегі алғашқы қадам

«Мың асқанға – бір тосқан» енді, міне, Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданының №2 соты «Астана Раушан касса айналымы» қаржы пирамидасы басшыларын кінәлі деп тауып, әрқайсысына 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ сот екеуіне де бес жылға қаржы, инвестиция саласына қатысты қызметпен айналысуға тыйым салды.

Бірін-бірі жақсы танитын екі келіншек бұл қылмыстық жоспарларын 2019 жылдың көктемінде өздері жұмыс істеп жүрген мекемеде екеуара келісіп, жоғары пайыздық мөлшерлемемен қарызға ақша алудан бастаған. Адамның ойына келе бермейтін бұл құйтырқы әрекетті екеуі о баста онша пайда әкеледі деп ойламаған да болуы керек. Алайда адамдардың тым сенгіштігін, еліккіштігін байқап, оны күнделікті әдеттеріне айналдыра бастаған. Мәселен, қаржылық жағынан қатты қиналып тұрған кейіп танытып, біреуден 20 мың теңге қарыз алады да, оны үш күннің ішінде пайыздық үстемесімен қайтарып береді. Үшінші біреуден 40 мың теңге алып, оны бір аптаның ішінде 60 мың теңге етіп қайтарып беріп, адамдардың сеніміне әбден кіріп алған. Сөйтіп қарыз беріп, қарыз алып жүрген адамдар олар құр­ған қаржы пирамидасына өздері қалай кіріп кеткенін байқамай қалған.

Келе-келе қаржы жағынан қоңданып алғасын «Астана Раушан касса айналымы» жеке кәсіпкерлігін құрып, оның іргесін кеңейтумен айналысқан. Сөйтіп, әр қаладан, әр облыстан адамдар тарта бастаған. Қазіргі деректерге сай олар жыл жарым уақытта Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Орал, Ақтөбе, тағы да басқа қалалардан екі мыңға тарта салымшы жинаған. Әрі олардың көбі қомақты ақша салып, бармақтарын тістеп қалып отыр.

Дегенмен, Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті ішкі істер бөлімінің тергеушісі Динара Асылханованың айтуынша, осы қаржы пирамидасының құрығына екі мыңға тарта адам іліккенімен, солардың тек 198-і ғана жәбірленуші болып танылған. Көбі алғашқы салған ақшаларын қайтарып алып, екінші рет салып қомақты ақша аламыз ба деген үмітпен алданғандар болса, кейбірі «бәрібір ақша бізге қайтарылмайды» деп сотқа барып уақыт өткізуден қашқақтағандар екен.

Кінәлілер жазасын алды. Алайда қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар мен оларға үміт артушылар қатары азамай отыр. Оған мысал, Нұр-Сұлтан қаласында инвестиция саласында маркетингтік компания атын жамылып «Sincere Systems» атты тағы бір қаржы пирамидасының анықталғаны болып отыр. Елордалық экономикалық тергеу департаменті қазір алдын ала сөз байласып, осындай қадамға барған бір топ адамның үстінен қылмыстық іс қозғады. Істің толық мән-жайы тергеу амалдарына байланысты нақты айтылмай отыр.

Тек бір белгілісі, бұл құйтырқы қаржы пирамидасында да бұрын «Нұр-авто» қаржы пирамидасына қатысып, жәбірленуші болып танылған кейбір адамдардың есімдері жүрген көрінеді. Соған қарағанда, қаржы пирмидасынан кейбір адамдардың аузы күймейтіндігі анық байқалады.

Біреудің бағы – сегіздің соры

Нұр-Сұлтан қаласында өткен наурыз айында Бағила Досмайылова есімді жәбірленуші қаржы пирамидасына алдандым деп өзін-өзі өртегені белгілі. Тіпті ол тергеуші Руслан Әбдірахмановты «тергеуге қатысты көптеген құжаттарды жоғалтып жіберді» деп айыптады. Ал тергеушінің өзі «14 адам күдікті деп танылып, 10 адам қамауға алынған істі қалай тоқтауға болады?» деп таңғалады.

Тағы бір айта кетерлігі, Бағила Досмайылованың осы әрекетінен кейін 169 адамның алдануы мен миллиардтаған ақшаны алаяқтардың жымқыруына сыбайласты деген күдікпен  көпшілікке кеңінен танылған вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерния­зов қамауға алынды. Тағы бір түсініксіздігі, Мейіржанның өзі 2021 жылы осындай қаржы пирамидасына 10 миллион ақшасын салып, жәбірленуші деп танылған. Енді келіп ол 2022 жылы сол қаржы пирамидасын насихаттағаны үшін жазықты болып отыр.

Ал заңгер Абзал Құспанның айтуынша, қазіргі қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, қаржы пирамидасын насихаттайтындарға, осы бір келеңсіздікті көпшілікке таратушыларға қылмыстық жауап­кершілік қарастырылмаған. Оларға асып кеткенде тек айыппұл салынатын көрінеді. Міне, осы жерден келіп, қаржы пирамидасын елге, халыққа белгілі адамдар, тіпті кеңінен танылған адамдар насихаттайтын жайлар көбейіп барады. Бұл не деген сөз? Бұл қаржылық сауаты мен құқықтық білімі төмен адамдардың алаяқтарға оңбай алдануына жағдай жасалып жүргендігін білдіретін көрінеді.

Неге адамдардың осы қаржы пирамидасынан ауыздары күймейді? Неліктен олар ақшаларын жоғалтып, жүйкелерін жұқартып, тергеушінің алдына барып, сот жағалап, қыруар уақыттарын кетіріп жүрсе де, алаяқтардың арбауына қайта-қайта түсе береді? Біз осы сұрақты қоғам белсендісі, белгілі блогер Ермек Әлімбековке қойдық.

– Біріншіден айтарым, заман қиындап кетті. Адамдардың көпшілігі кедейлік шегінде өцмір сүреді. Тапқан таянғанын тамағына жеткізе алмай, пұшайман болған адамдар «ақшаңды аяқ астынан еселеп аласың» деген жалған насихатқа оп-оңай сеніп қалады. Оның үстіне әлеуметтік желіде желдей есіп, әншілер де, вайнерлер де, «машина ұтып аласың, пәтер кілтін қолыңа ұстатамыз» деген сыңайда өтірікті судай сапырып жатады. Тағы бір атап айтарлығы, қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар да жай адамдар емес. Заңдық сауаты мол, қаржылық жағынан әбден сыннан өткен қай жерде алып, қай жерде беру керек екендігін толық меңгерген иненің көзінен өткендей жылпыс болады. Олар сөйлеген кезде бұрын осы ақшаны алмай келгеніңе өзің таңқалатындай дәрежеге жетесің. Тіпті сені «қорқақсың, сол қоян жүректігіңнен жолың болмай жүр» деп қайрап та қояды. Тәуекел етсең, алғашында біреудің есебінен саған береді. Бірақ «сен де оған клиент табуың керек. Сонда бұдан да еселеп аласың» деп қомақты ақшаға үміттендіреді.

Былай ойлап қараңызшы, елдегі ең танымал банктер тек 12, асып кетсе 14 пайызбен ғана қарызға ақша береді. Ал бұлар 20, 30, 50, 100 пайыздық үстемемен ақшаңды еселеп береміз дейді. Ондай еселеу үшін сенің өзің сегіз адамды алдауың керек. Мысалы, сіз бір миллион теңге салып, 10 миллион теңге алу үшін сол қаржы пирамидасына сегіз адам 1 миллион теңгеден ақша салуы керек. Міне, қарапайым қисын. Ал осы қисынды түсінбеген адам өзі табыс тауып, қуанышқа, бақытқа кенелуі үшін сегіз адамды сорлатады. Сонда біреудің бағы – сегіздің соры болып шығады.

Қаржы пирамидасына ақшасын салғысы келген адам осы бір жайды терең түсінсе екен деймін.

Бірақ біздің қоғамда бұл ақиқат шындық әлі көпшіліктің құлағына жетпей жатыр. Құқық, заң орындары қанша күрескенімен, жұрт «қара касса» деп атап кеткен алаяқ­тардың әрекеті тыйылмай отыр. Олай дейтініміз, өткен жылдары «Гарант-24» құрықталып еді, одан кейін «Нұравто» шықты. Оған бұғау салғанда енді келіп, «Астана Раушан касса айналымы» мен «Sincere Systems» бой көрсетті. Статистика мәліметі бойынша, елімізде 31 мың адам 54 миллиард теңгеге қаржы пирамидасына алданған екен. Міне, осы қылмысты тоқтау үшін заңды күшейтіп, үгіт-насихат жұмыстарын жандандыру керек дейді мамандар.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button