Әлеумет

Қаржылық сауат алаяқтықтан сақтайды

Банктер мен микроқаржы ұйымдарынан қаптатып несие алып, қаржы пирамидалары мен желілік маркетингтердің тұзағына түсіп, әртүрлі алдамшы бизнес-схемалардың шырмауында қалып, қас пен көздің арасында қыруар қаржысынан айырылып қалып жатқандар қазірде көп. Осының бәрі – қаржылық амалды ойланбаудың салдары.

Статистикалық деректерге сүйенсек, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі соңғы жылдары елдегі қаржылық сауаттылық деңгейі 2,82%-ға артқанын айтады. Мәселен, 2020 жылы қаржылық сауат деңгейі 39,07% болса, ал 2021 жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеуге сәйкес 39,52%-ға жеткен. Былтыр елімізде халықтың қаржылық сауаттылық индексі 40,2% деңгейінде бағаланды. Агенттіктің болжамынша, 2024 жылы бұл көрсеткіш 41%-ға дейін көтерілмек.

Елімізде халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру үшін 2020 жылғы мамырда Үкіметтің қаулысымен Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Тұжырымдамада цифрлық арналар арқылы тұтынушылардың қаржы өнімдері туралы хабардар болуын арттыру және халықтың нысаналы топтарының қаржылық білімін көбейту деген негізгі бағыттар бар. Құжатты іске асыру арқылы тұтынушылардың қаржылық білімін жақсартуға, олардың құқығы мен мүддесін қорғауға, қаржы өнімдерінің қолжетімділігін жеңілдетуге және қаржы жүйесіне деген сенімді арттыруға мүмкіндік береді. Осы бағытта агенттік www.fingramota.kz сайтын ске асыруда. Ақпараттық портал қаржылық сауаттылық деңгейі әртүрлі аудиторияға арналады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Астана қаласындағы өңірлік өкілдері басқармасының бастығы Рустам Ғабдулқафеевтің сөзінше, халықтың қаржылық сауаттылығын арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасы негізінде балалардың қаржылық сауаттылығын арттыру жөніндегі бірқатар іс-шаралар қарастырылды.

«Сауатты болу – жас талғамайтын, кезек күттірмейтін маңызды міндет. Бұл – ұзақ мерзімді әрі тиімді тәсілдердің бірі. Қаржылық жоспарлау әр адамның өмірінде маңызды рөл атқарады. Ал қаржылық жоспарлау дегеніміз – кірістер мен шығыстарды дұрыс басқару. Қаржылық жоспарлау сияқты процестің нәтижесіне қол жеткізу үшін адам алдымен жеке жоспар құруы керек. Осыған байланысты қаражатты жұмсай білу, түбіртек талап ету секілді дүниелер бала кезден қалыптасу керек. Бұл ретте мектеп жасындағы балаларға, атап айтқанда, бастауыш, орта және жоғары сынып оқушыларына арналған балалар басылымын шығарып, қаржылық сауаттылық жөніндегі қосымша әзірлеу жоспарланып отыр. Бастауыш және орта сынып оқушылары үшін YouTube және Aitube платформаларында орналастырылатын «FinIQ Kids» мультипликациялық бағдарламалар сериясын, «Дружные ребята», «Ұлан» және «Ойла» республикалық балалар басылымдарында танымдық және жеңіл мақалалар түрінде бірқатар бағдарламалар әзірленді» дейді спикер.

Халықтың қаржылық білімін арттыру үшін оқушыларға, студенттерге және ересек адамдарға қаржылық сауаттылық бойынша оқыту іс-шараларын өткізудің бірыңғай жоспары әзірленді. Еліміздің жетекші жоғары оқу орны студенттері үшін «Қаржылық сауаттылық негіздері», «Кредиттік жауапкершілік», «Қауіпсіз төлемдер мен аударымдар», «Банк карталарымен жасалатын алаяқтық» және басқа да тақырыптар бойынша оқыту іс-шаралары өткізіледі.

Ғаламтор арқылы киберқылмыскерлер интернетте алдаудың барлық жаңа түрін ойлап табуды белсенді түрде қолға алған. Мәселен, биыл Астанада ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын 3700-ден астам қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Азаматтарға келтірілген залал 2 млрд 600 млн теңгеден асады. Бұл туралы Астана қаласы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Дастан Қалиев мәлімдеді.

«Ұрлық, тонау сияқты дәстүрлі қылмыстардан интернетті қолданатын құқық бұзушылықтар жыл сайын өсіп келеді. Тәжірибе көрсеткендей, шабуылдау­шылардың қолынан зардап шеккендердің бәрі бірдей құқық қорғау органдарына жүгінбейді. Тиісінше, нақты статистика тұрақсыз және зардап шеккендердің саны қандай екенін тек болжауға болады. Адамдардың қаржы пирамидасына қаражат беруінің бірнеше себептері бар. Біріншіден, салымшының көбі – жұмыс істемейтін, егде жастағы адамдар. Екіншіден, бұл – өзгелердің сөзіне иланатындар. Үшіншіден, өзін басқаларға қарағанда ақылды және айлакер деп санайтындар. Шын мәнінде, мұндай адамды алдау әлдеқайда оңай. Төртіншіден, жастар арасында қаржылық сауаттылықтың болмауы, тез ақша табуға деген құштарлық оларды жарға итермелейді. Үлкен пайызбен көп несие алудан арыла алмай келе жатқан адамдар оны жабу үшін тағы қарыз алады. Демек, артық сатып алудан аулақ болу немесе алаяқтың қолына түспеу үшін мұқият болуды және қаржылық тәртіпті дамыту қажет» дейді Д.Қалиев.

Елордалық Полиция департаменті қала әкімдігімен бірлесіп тұрақты негізде интернет-алаяқтықты азайтуға және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған алдын алу іс-шараларын жүргізуде. Дәрістер, оның ішінде орта және жоғары білім беру мекемелерінің мектеп оқушыларымен, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың қызметкерлерімен «алаяқтардың айла-амалдарына қалай түспеуге және өз жинақтарын қалай үнемдеуге болады» тақырыбында іс-шаралар өткізіледі. Көпшілік жиналатын орындарда волонтерлік қозғалыстарымен бірлесіп, ақпараттық-профилактикалық сипаттағы буклеттер таратылады, көшелерде трафареттерді пайдалана отырып ескерту жазулары жазылады.

– Қаржылай сауатсыз азаматтармен әңгімелесу барысында интернет алаяқ­тар банктік шоттарды пайдалана отырып жүргізілетін рұқсат етілмеген алаяқтық операциялар, яғни қоңырау шалған адамға қарыздарды ресімдеу туралы хабарлайды. Бұл жағдайда әңгімені үзіп, дереу ПД хабарлау қажет. Ешқандай жағдайда дүрбелеңге түспеңіз, өйткені бірінші кезекте алаяқтар әңгімелесушінің бағытын өзгертуге тырысып, банктік шоттар мен келіп түскен СМС-хабарламалар бойынша барлық мүмкін мәліметтерді өшіруге тырысады. Сол сияқты AnyDesk, RustDesk, TeamViewer сияқты қашықтан басқарылатын мобильді қолданбаларды орнатпаңыз. Қаржылық қызметтерді ұсынатын қосымшалардың қалай жұмыс істейтінін білу, қосымшада немесе платформада шот ашу, мәзірді басқару, қаржы операциясын қалай бастау, аяқтау, түзету немесе жою керегін білу қажет. Сандық қаржылық қызметтер кез келген жағдайды байсалды бағалауға және алаяқтардың тұзағына түспеуге мүмкіндік береді, – деп ескертті полиция полковнигі.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button