Басты ақпаратБілім

Қашықтан оқуға дайынбыз ба?

Алғашқы қоңыраудың соғылуына екі күн қалды. Білім және ғылым министрлігінің қаулысы бойынша, биыл 1-4 сынып оқушылары ғана мектепке барады. Қалғандары үйде, компьютердің алдында я ұялы телефонға телміріп білім алуға мәжбүр. Қашықтан берілген білімнің білім болмайтынын өткен оқу жылында көрсек те, биыл да сол күй. whatsApp-пен оқылған сабақта сапаның жоғы өз алдына, онлайн оқуға қажетті құрал-жабдықтардың жеткіліксіз екені тағы бар. Үкімет көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды компьютермен қамтуға уәде етті. Ал үйінде компьютері жоқ, интернетсіз отырған оқушының жағдайы қалай болады? Карантинде табысынан айырылған ата-аналар әр баланың басына бір-бір техниканы қайдан тауып бермек? Ата-аналар мен ұстаздар қашықтан оқытуға неге қарсы? Әлемдегі алпауыт елдер не үшін оқушылардың жаппай мектепке баруын талап етіп жатыр? Төменде осы мәселелерді қаузап көрдік.Ресми мәліметтер бойынша, бүгінде елімізде 3,3 миллионнан аса оқушы бар, және оның орташа есеппен 32,6 (1 103 146) пайызының қашықтан оқуға компьютерлік жабдықтары жоқ. Ал 402 462 оқушы интернетке зәру. 24 мыңға жуық мұғалімнің онлайн-білім беруді ұйымдастыруға жеке компьютері болмаса, 2 мың ұстазда интернет жоқ. Мұғалімнің де отбасы, балалары бар. Ойлана беріңіз, оқытушыда компьютер болмаса, оқушылары тұрмақ өз балалары қалай қашықтан білім алады?

БҰЛ ӘДІСКЕ  ҚАРСЫЛЫҚ ТА ЖОҚ ЕМЕС

Алты баланың анасы Жанар Халықова елдегі эпидемиологиялық ахуалға қарамастан, оқушылардың мектепте оқығанын қалайды. Себебі төртінші тоқсанда балалар бір компьютерге таласып, біреуі де жөнді сабақ оқи алмапты. «Алты балам да өткен оқу жылында оқығанының бәрін ұмытып қалды. Көктемгі карантинде мектептен бір компьютер берілген. Соған таласып-тармасып жөнді оқи алмады. Сатып алайық десек, жағдай көтермейді. Пәтер жалдап тұрамыз. Одан да мектепке барса екен. Бастауыш сынып балаларына қарағанда үлкендердің санитарлық талаптарды сақтауға жауапкершілігі бар ғой. Бүйте беретін болса, балалардың сауатсыз болатын түрі бар. Қызым биыл ҰБТ тапсырады, оның өзінде жеке компьютері, бөлмесі жоқ. Тестілеуге қалай дайындалатынын ойласам, жылағым келеді» дейді ол.
Мұғалім Гүлайда Ортаева қоғамнан оқшауланып үйде отыру бала психикасына кері әсер етеді деген пікірде. «Баланың үйде отырып, сабаққа уақытылы қатысуы қиын. Желіге сабақ басталғанда ғана кіріп, пікір білдіріп, сосын өз бетінше ойынға кетіп қалуы мүмкін. Көзбен көріп отырмағаннан ке-йін жалтару фактілері орын алады. Әрі өз үйінде сабақ оқыған балада сабаққа ынта жоғалады. Менің ойымша, қашықтан оқу кезінде оқушылардың білім алуға деген қызығушылығы төмендейді. Әрі сыныптастарымен білім бәсекесіне түсіп, жарысып оқымаған соң, аңсары сабаққа емес ойынға ауып тұратыны бар» дейді ол.
Елорда тұрғыны, үш баланың анасы Айнұр Мұқанованың айтуынша, теледидар мен whatsApp арқылы берілген білім білім емес, көшіру ғана. «Үш балам да мектепте оқиды. Ең үлкені 7-інші сыныпты бітірді. Төртінші тоқсанда мүлдем сабақ оқыған жоқ, тапсырмаларды құры көшіріп, тапсыратын. Амал не? Тақырыпты дұрыс түсінбесе қалай үй жұмысын орындайды? Үйтіп-бүйтіп сөз жүзінде оқып шықты. Екі балам да сол. Бір ноутбук алып бердік, екеуіне. Әрқайсына сатып алатын жағдай қайда? Алған ноут­бугымыз да қатып қала береді, жаңа болса да бұзылатын түрі бар. Екеуінің 5 пәні 10 группасындағы 1000-2000 хабарламаның ішінен үй тапсырмаларын таппай отырғанда, ноутбук өшіп, жүйкемді жұқартқан. Елорданың Р.Қошқарбаев көшесіндегі көпқабатты үйде тұрамыз, интернет балконда ғана жақсы ұстайды. Қалада тұрсақ та қиын болды. Мектепке барса екен» дейді ол.

КОМПЬЮТЕР АЛУҒА  ҚАЛТА КӨТЕРМЕЙДІ

«Кеше ағам хабарласты ауылдан. «90 мың теңгеге компьютер сатамыз деген хабарламаны көрдім интернеттен, ала берейін бе?» деп меннен сұрады. Құптасам бірден екі баласына екеуін сатып алмақшы. Сөйтсем ол компьютерлер өте ескі екен. Қолдану мүмкін емес. Көне компьютерлердің бөлшектерін құрастырып, онлайн сатылымға шығарады. Бұл да бір қазіргі таңдағы алаяқтық қой. Өзім қаладағы электротехника сататын дүкендерде кеңес беруші болып қыз­мет істеймін. Ең арзан ноутбуктың бағасы – 140 мың теңге. Оның програм­масын, антивирусын орнатып, гарантиясына тағы төлейсіз. Үстіне аз дегенде 40-50 мың теңге қосылады. 180 мың теңгеге бір отбасының қазіргі кезеңде компьютер алуы оңай емес. Содан осындай арзанқол техниканы алмасқа амал жоқ» деп түсіндірді қала тұрғыны Арман Мақсұтов,
Білім және ғылым министірлігінің мәліметінше, бүгінде бас шаһар мектептерінің қорында минималды талаптарға сәйкес келетін 11 648 компьютер бар, оның ішінде биылғы сәуірде 2613-і, ал маусымда 500-і сатып алынған. 35 737 оқушы, 437 ұстаз компьютерге мұқтаж. 22600 білім алушы мен 581 мұғалімге интернет қолжетімсіз.
Үкімет тамызда меншікті қаражат есебінен 700 миллион теңгеге 2600 компьютер сатып алынады деген еді. Ал қыркүйек айына тағы 5400 компьютер сатып алу жоспарланған. Сонымен қатар Республикалық бюджеттен 26 472 компьютерге қаражат бөлінген. Сосын елордалық мұқтаж отбасылардан шыққан балаларға мектепке қажетті құралдар алуға әр балаға 40 мың теңгеден беріледі. 17 мың оқушыны қамтымақ. Бұл мақсатқа бюджеттен 680 миллион теңге бөлінді. Мектептерде оқу қашықтан жүргізілетінін ескере отырып, әлеу­меттік осал санаттағы оқушыларды ноутбуктермен, роутерлермен қамтамасыз етуге 6 млрд-қа жуық теңге жұмсалады.

ТЕНДЕРДІҢ ДЕ ТҮБІ ШИКІ

Компьютерлер сатып алу мәселесі оңтайлы шешіле ме? Шетелден тендер арқылы алынатын болса әрі карантин уағында сырттан тауар тасымалдаудың өзі оңай емес. Оның үстіне жемқорлық жайлаған елімізде бұл салаға да бармақ басты көз қыстылықтың араласпауы­на кім кепілдік береді? Себебі елімізде індеттен халық қиналып, өмір мен өлім арасында арпалысып жатқанда біздегі денсаулық сақтау саласы мамандарының мемлекет қаржысын қалтасына басқанын бәріміз көрдік. Шетелден келген дәрілерді тығып, ақша үшін тапшылықты қолдан жасағанына куә болдық. Денсаулық саласына жемқорлық араласқаннан кейін, білім саласына да іріткі саламуына ешқандай кепілдік жоқ. Айтылған істер қағаз жүзінде қалмаса, компьютерлер діттеген жерге жетсе екен. Компьютер сатып алу мәселесі көзбояушылықтың орын алмауын, жемқорлықтың болмауын қадағалауды қажет етеді.
Қытайдан келген қандасымыз, програмист Айбар Мақсұтұлы тендердің түбі шикі деген пікірде. «Өз ойым, тендерді ұтқан адамда қанағат, тендерді орындайтын адамда ар азаяды. Біраз жыл тендермен айналыстым. Байқағаным, тендерді ұтып алғандар пайда табу жағына басымдық береді. Мәселен, 400 мыңның техникасын еке есе төмен бағада іздейді. Яғни, сипаттамасы, маркасы қымбат компьютердікіндей, бірақ бағасының арзан болғанын қалайды, соны тауып бер дейді. Қытайда өз үйінде отырып, ескі-құсқыдан компьютер жасап, саудалап отырғандар көп. Сосын маркасыз техника деген бар. Сырт­қы сиапты қасықтай, бірақ прог­раммасы, бөлшектері өте ескі, оны қарапайым адам байқамауы мүмкін. Соған сұраған маркаңыздың дизайнын, сипаттамасын, екі ядорлы болса, 4 ядорлы деп жазып та бере алады, түк қиындығы жоқ. Интернеттен бір мықты компьютердің сипаттамасын көшіріп алып, аты, заты жоқ компьютердің құжатына енгізе салады. Тендер кезінде сондай тауарлар бармақ басты, көз қыстылықпен өтіп кетіп жатады. Ондайдың талайын көрдім, алған компьютерлер бір жылға жетсе қуану керек, қуаттағышы қызып, жарылып кетуі де бек мүмкін» дейді азамат.

МЕКТЕПКЕ БАРУДЫ МІНДЕТТЕУДЕ

Індет өзге елдердің тәжірибесіне қарауды қажет етеді. Мысалы, Еуропаның көптеген елдерінде барлық санитарлық талапты сақтап, баланы мектепке бергелі жатыр. Мұғалімдері он күн сайын медициналық тексеруден өтіп тұрады. Германияның Берлин, Гамбург және басқа да қалаларында оқушылар 3 тамызда партаға отырды. Жапония да қауіпсіздік шаралары сақталған жағдайда коронавирус мектеп оқушыларына қауіп төндірмейтініне сенімді, оқушылары пластикалық бетперде киіп білім алуда. Канада мектептерінде де оқу жылы қыркүйекте дәсүрлі форматта басталады. Ата-аналар балаларының өткен оқу жылының аяғында білім деңгейінің төмендігін, үйде отырып оқытуға мүмкіндігі мен уақыттың жоғын айтып шағымданған. Ұлыбритания билігі де қыркүйек айында мектеп есіктерін ашуды жоспарлап отыр. Оқушылары мектеп табалдырығын аттайтын тағы бір алпауыт ел – Ресей. Солтүстіктегі көршіміз коронавирусты жұқтырғандардың саны бойынша 4-ші орында, бірақ шілде айының соңында Ресей Федерациясының Үкіметі оқу қашықтан емес, әдеттегі форматта басталатындығын мәлімдеді. Онлайн оқытудың білім сапасына кері әсерін айтып, дәстүрлі форматта білім алуын міндеттеп отыр.
Республикалық «QAZBILIM» орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлы пандемия біздегі екі үлкен проблеманың бетін ашып берді дейді. «Біріншісі – тәуелсіздік алғаннан бергі елді цифрландыру ісінің шын бет-бейнесін көрсетіп, бәрі қағазда жазылғандай қанттай емес екендігін паш етті. Екіншісі – халықтың шынайы тұрмыстық жағдайының қандай деңгейде екенін әшкерелеп тастады. Әлеу­меттің әлеуеті 42500 теңге деңгейінде төмен екендігін және балаларына қашықтан сабақ оқитын смартфон алып беруге шамасы жетпейтіндігін дәлелдеп берді. Міне, осы екі себептен біз қазір онлайн сабақ оқуға дайын емеспіз. Бірақ қазір одан басқа амал жоқ, қашықтан оқу – әйтеуір мүлдем оқымай қалғаннан жақсы»

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button