Басты ақпаратИмантаразы

Қасиетті Рамазан айы құтты болсын!

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау әлемдердің Раббысы Аллаға тән! Ардақты Пайғамбарымызға Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Қадірлі отандастар! Сіздерді иісі мұсылман баласы асыға күтетін, он екі айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа бірлік пен береке, бақыт пен шаттық тілеймін! Рамазан айы құтты болсын!

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңе дейінгі қауымдарға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін сендерге де ораза ұстау парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят) деп баяндайды. Шариғатымыз бойынша бали­ғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айын­да ораза ұстау – парыз. Алайда жолаушылар, науқас жандар мен сырқаты асқынып кетуінен қауіптенген адамдар, сондай-ақ жүкті немесе емізулі баласы бар әйелдер ораза ұстауды кейінге қалдыруына болады. Бұған шариғатымыз рұқсат береді.
Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген қасиетті ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі. Сауаптар еселеніп жазылатын айда жасалған қайырлы істің қайтарымы адам баласы үшін құпия-сыр. Тіпті ауыз бекіткен адамға берілетін сый мен сауап, құрмет пен марапат пайғамбарлар мен періштелерге де беймәлім. Аштық пен шөлге төзіп, Алла разылығын алуды шынайы ниет еткен адамға ықыласына қарай мол сауаптар беріледі. Алла Тағала құдси хадисте: «Аузы берік адам ішіп-жеуін Мен үшін доғарды. Ораза – Мен және құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Ораза құлымның аштық пен шөлдеу себепті аузынан шыққан иісі Мен үшін мисктен (әтірден) де қайырлы» деген.

Шарапаты мол айда са­уап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Жаратушының разылығын алуға асыққан абзал. Пенденің осы айда ұстаған оразасы, Аллаға ұнамды барлық құлшылықтары, өзгелерге жасаған қайырымдылығы, сауапты амалдары еселеніп жазылады.
Ораза күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар өзіне дөрекілік көрсеткен кейбір кісілерге: «Мен оразамын» деген бір ауыз сөзбен көркем мінездің керемет үлгісін көрсетеді. Нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат.

Денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп ораза ұс­тауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ауыз­ашар берсе, ол да үлкен сауап. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауап жазады…» деген.

Осы ретте барша отандастарымды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қасиетті айда ұйымдастыратын қайырымдылық іс-шараларына үлес қосуға шақырамын. Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына жеңілдік жасауға үндеймін. Рамазан айына тура келген құдайы астарды ауызашар уақытында өткізіп, көбірек сауап алуға тырысайық. Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да сауапты істің бірі. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз.

Рақым айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміздің мерейі әрқашан үстем болғай! Әумин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
төрағасы, Бас мүфти

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button