Жаңалықтар

Қасірет қайталанбауы тиіс

Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасы мен Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен ардагерлер, еңбеккерлер мен қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары елорда іргесіндегі Ақмол кентіне орналасқан «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенін зиярат етті. Қаралы топ зұлым саясаттың кесірінен тірілей тозаққа түсіп, жазықсыз жаладан адам төзгісіз азап шеккендердің рухына бас иіп, естелік қабырғасына гүл қойды.

[smartslider3 slider=3148]

1937 жылғы 3 желтоқсандағы ІІХК бұйрығына сәйкес жер аударылғандардың еңбек кенті ІІХК Карлагтың Ақмола арнайы бөлімшесі құрылды, «Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері» деп аталған осы «тірі тозаққа» тұтқындардың алдыңғы легі 1938 жылдың 6 қаңтарында келді. Атышулы лагерде 18 мыңнан астам нәзік жанды қамауда болды, шамамен 8000 әйел бастан-аяқ осында «жазасын» өтеді. Халыққа қарсы жасалған қанды қылмыстың сұмдық көрінісіне айналған «АЛЖИР» тұтқындарының қатарында Әзиза Рысқұлова мен оның анасы Әрипа Есенғұлова, Дәмеш Жүргенова, Рабиға Асфендия­рова, әнші Лидия Русланова, жазушы Галина Серебрякова, маршал Тухачевскийдің отбасындағы әйелдер, жазушылар Борис Пильняктың әйелі Кира Андронникошвили, Юрий Трифоновтың әйелі Евгения Лурье, Болат Окуджава мен Мая Плисецкаяның аналары және т.б. мемлекет, саясат және қоғам қайраткерлерінің әйелдері болды. Лагерлердегі адам өлімінің өте жоғары болғанын зерттеулер дәлелдейді. Лагерь 1953 жылы Сталин өлгеннен кейін ғана жұмысын тоқтатқан.

Қаралы жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚХА және мемлекеттік органдар мен этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, дін өкілдері және шетелдік қонақтар қатысты.

– Өткеннің қателігін қайталауға болмайды. Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық қазақ халқының тамырына балта шаба жаздады. Әділетсіздіктің, заңсыздық пен құқықтық нигилизмнің адамзатқа әкелетін қасіретін ұмытпауға тиіспіз, – деп атап көрсетті «Ақжол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев.

«Адам баласы күнде сыналмайды. Сондықтан жаныңда жүрсе, жүрек жұтқан батырлығын байқай бермеуің де мүмкін. Ал ел басына күн туғанда ұлтының қамы мен ұрпағының болашағы үшін төтелеп келген ажалдан қаймықпай, сөзін айта білген, адал махаббатын сақтап, іс-әрекетін қорғай білгеннің бәрі батыр» деді белгілі алаштанушы ғалым Ербол Ердембекұлы.

Елорда тұрғыны Ерғазы Сейтқали – тоталитарлық жүйе­нің кесірінен ата жұрттан ауа көшкен қаралы көштің тұяғы. Оның арғы атасы Зайсан ауданының тумасы болған. 1928 жылы байларды тәркілеу нау­қаны кезінде мал талауға түскен ұлы атасы Мазақбай ауылын бастап, Қытай асып кетеді. 1940 жылдары туған жеріне оралғанмен, тағы да қудалауға түсіп, екінші мәрте елден кетуге мәжбүр болады. «Әжеміздің аузынан естіген әңгімелер жан түршіктіреді, шекара күзетіндегі қызыл әскерлердің бассыздығы туралы айтқанда, көз жасы көл болатын. Бүгін осында арнайы келіп, ұлы нәубетте жазықсыз жапа шеккен аталарым мен әжелерімнің әруағына тәу етіп, саяси қуғын-сүргін құрбандарының басына гүл қойдым. Өткеннен тағылым алмай, болашағымыз айқындалмайды, ел басынан өткен ауыр қасіретті ұмытпауға тиіспіз, қаралы күндер қайталанбауы керек» деді ол.

Ерлан МАЗАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button