Басты ақпарат

Қасірет сынағы тоқтаған күн

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ядролық сынақтардан азат әлем үшін чемпион» мәртебесіне ие болды. Бұл шешім БҰҰ Бас Ассамблеясының 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне арналған арнайы сессиясында жарияланды.Пандемиялық жағдайға байланысты аталған шара онлайн форматта өтті. Отырысты ашқан БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-інші сессиясының төрағасы Мұхаммад Тижани-Банде Қазақстанның ядролық сынақтарға тыйым салудағы атқарған рөліне тоқталды. «1945 жылдан бастап әлемде 2000-нан аса ядролық сынақтар жүргізіліп, планета мен адамзатқа, бірнеше буын ұрпаққа зор қасірет әкелді. БҰҰ құрылғанына 75 жыл өтсе де, ядролық қауіптің бұлты сейілген жоқ, мыңдаған ядролық қару қоймаларда әлі сақтаулы тұр» деді БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы.

БЕЙБІТ КҮНДЕ ЗАРДАП ТАРТҚАН

1949 жылы 29 тамызда Кеңес одағы Абай және Абыралы аудандарында халыққа алдын ала ескертпей, қуаттылығы 30 килотонна болатын алғашқы атом қаруын сынақтан өткізді. 2 жылдан кейін, яғни 1951 жылы 18 қазанда тағы да осы аумақта уран бомбасы сынақ ретінде жарылса, араға тағы 2 жыл салып, қуаттылығы 500 килотонна болатын сутек бомбасы сыналды. Бұл мұндай қуатты қарудың дүние жүзінде алғаш рет жер үстінде сынақтан өтуі еді. Полигон Семей облысымен қатар, Павлодар және Қарағанды облыстарының біраз жерін қамтыды. Ядролық сынақтар мұнымен тоқтап қалған жоқ. Атап айтқанда, 1961-1962 жылдары әуеде және жер үстінде 50-дей ядролық бомба сыналды. Тек 1963 жылы 10 қазанда Мәскеуде КСРО, АҚШ және Ұлыбритания арасында қабылданған «Үш жағдайда сыналатын: әуеде, космоста және су астында ядролық қаруға тыйым салу» туралы халықаралық келісімі күшіне енгеннен кейін жарылыстар тек жер астында жүргізіле бастады. Бірақ жер астындағы жарылыстар да аз болған жоқ. 1963-1988 жылға дейін жер астында 343 ядролық жарылыс жасалды. Осы ядролық сынақтардың әсерінен радиоактивті шөгінділер жарылыс болған эпицентрден бұлттар мен жел арқылы таралып, радиацияның деңгейі 448 бэр-ге дейін жеткен. Осылайша Семей ядролық полигонында ауада және жер бетінде сыналған ядролық зарядтардың қосынды қуаты АҚШ-тың 1945 жылы 6 тамызда, яғни тура 75 жыл бұрын Жапонияның Хиросима қаласына тастаған атом бомбасынан 2,5 мың есе асып түскен.
Зиянды радиоактивтік заттар топырақты, суды, егістік жерлерді және жайылымды ластады. Ядролық жарылыстар нәтижесінде сынақ аймағына жақын орналасқан территориядағы адамдар радиациялық зақымдар алды. Қасіреті қалың қазақ халқы ай мен күннің аманында Жапон халқы сияқ­ты атом зардабын тартқан елге айналды.

ҰЛТТЫ ҚҰТҚАРУДАҒЫ ҰЛЫ БАСТАМА

1989 жылдың ақпанында Семейдегі атом полигонын жабу мақсатында құрылған «Невада-Семей» қозғалысының алғашқы митингісі өткізілді. Оны белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов басқарды. Сол жылдың 6 тамызында Семей облысының Қарауыл ауылында КСРО және АҚШ президенттеріне ядролық қаруды сынауға мораторий жариялау жөніндегі үндеу жолданды. Ядролық сынақтардың қатері жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында жариялана бастады. Адамзаттың тағдырына қатысты бұл мәселе тек республика аумағында ғана емес, шетелдерде де талқыланды. Көтерілген бастамалардың нәтижесінде КСРО Үкіметі ядролық қаруды сынауға тыйым салу туралы шешім қабылдады. Алайда бұл ядролық сынақ түбегейлі тоқтады дегеннен дерек бермейді.
Ядролық қаруды толықтай жабу­ға Елбасы Н.На­зарбаевтың 1991 жылы 29 тамызда қол қойған «Семей ядролық полигонының жабылуы туралы» Жарлығы негіз болды. Атап айтқанда, елбасымыз атом сынақ орнын тарс жауып, бүкіл адамзатты атом қаруынан бас тартуға шақырды. Елбасының бұл қадамы бір жағынан өз халқы үшін істеген тағы бір аброй­лы жұмысы болса, екіншіден елбасының бұл бастамасы әлем елдерінің, халықаралық ұйымдардың Қазақстанға деген сенімі мен құрметін тіпті жоғарылата түсті. Елбасының да беделін арттырды. Елбасының араға 30 жылға жуық уақыт салып, «әлемдік чемпион» атанып жатқаны соның айғағы.

ЕЛЕУЛІ ЕҢБЕК, ҒҰМЫРЛЫ ҚАДАМ

БҰҰ-ның қарусыздану жөніндегі Жоғарғы өкілі Изуми Накамицу елбасымыз марапатталған іс-шарада БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің үндеуін жеткізді. Бас хатшы өз үндеуінде жаһандық ядролық сынақтарға тыйым салуды кешеуілдетуге ешқандай себеп жоқ екенін айтты және әлем мемлекеттерін ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қол қойып, ратификациялауға шақырды.
Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымының атқарушы хатшысы Лассина Зербо Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құрудағы жаһандық күш-жігерге қосқан ерекше үлесін ескеріп, Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа мәртебе беру туралы бастама көтерді.
БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы сессиясының барысында Елбасы Н.Назарбаевтың іс-шара қатысушыларына үндеуін Қазақстанның Сыртқы істер минист­р­і Мұхтар Тілеуберді оқыды. «1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан планетадағы ең қуатты ядролық қарудың төртінші арсеналынан бас тарту шешімін өз еркімен таңдады. Тарих бұл қадамның дұрыстығын растады – біз жарқын мысалмен бейбіт жолмен прогресс пен өркендеуге бет алуға болатынын көрсеттік» делінген Елбасының үндеуінде.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті халықаралық қоғамдастыққа Қазақстанның үлгісімен жүруге және ядролық ессіздікті тоқтату үшін күш біріктіруге шақырды. «Мен Америка Құрама Штаттары, Ресей, Қытай және Еуропалық одақтың басшылары планетаның болашағы үшін ерекше жауапкершілікте деп санаймын. Егер осы төртжақты форматта саммит өтетін болса, онда оның басты тақырыптарының бірі ядролық қаруды кезең-кезеңімен және пропорционалды түрде қысқарту туралы көпжақты келісімді әзірлеу болуы керек деп сенемін. Қазақстан осы саммитке өз алаңын ұсынуға дайын» деді Елбасы өз үндеуінде.
Бастамашы топ «Чемпион» мәртебесін иеленген тұлғалар ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартына қол қоймаған мемлекеттермен мақсатты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізетініне сенімді. Сонымен қатар олар ұйымдағы ынтымақтас­тықтың артықшылықтары туралы түсініктерін жақсарту, Қазақстанның ядролық инфрақұрылымын өз еркімен бөлшектеу секілді озық тәжірибелерімен бөліседі.
Бас Ассамблеяның отырысына қатысушылар Қазақстанға ядролық қаруды таратпаудағы жетекші рөлі үшін алғыс білдіре отырып, бұл мәселені халықаралық қоғамдастықтың назарында ұстау­дың және жыл сайын Қазақстан бас­тамашылық ететін Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнін атап өтудің маңызын айрықша атап өтті. Қысқасы, елбасының атом сынақ алаңын жабуы Қазақстан үшін де, Халықарлық қауымдастық үшін де елеулі еңбек, ғұмырлы қадам

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button