#Жаңа ҚазақстанБасты ақпарат

«Қасіретті қаңтарға» құқықтық баға берілді

Бір жыл бұрын еліміздің басына қара бұлт үйірген «Қасіретті қаңтар» оқиғасына қатысты Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы өтті.

Отырыста «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының қаңтар оқиғасына байланысты сауалына Бас прокурор Берік Асыловтың ауызша жауабы тыңдалды. Оның айтуынша, былтырғы қаңтарда бүлікшілер мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенген. Бас прокуратураның «Қаңтар оқиғасы: дерек пен дәйек» деректі фильмінде баяндалғандай, оқиға кезінде шабуылдың бәрі алдын ала сызылған жоспар бойынша жүргізілген.

Жиын оқиға құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың айтуынша, барлық қайтыс болғандар мен олардың өлім себебі анықталды. Қылмыскерлер, соның ішінде қыз­мет орнын тастап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуден бас тартқандар жауапқа тартылуда. Қазіргі таңда қару-жарақтарды іздеу жалғасуда. Азаптау бойынша істер аяқталып келеді. Бас прокурордың баяндамасында қаңтар оқиғасының нақты жоспарланған ауыр қылмыс екенін дәлелдейтін фактілер жеткілікті болды.

– Ашығын айтқанда, бұл тәуелсіздікке жасалған қастандық болатын. Бүлікшілердің басты мақсаты халықты үрейлендіріп, қоғамды аласапыран қылып, Президентті қыз­метінен кетуге мәжбүрлеу болған. Бірақ халқымыздың ақыл-парасаты мен бірлігінің, Президентіміздің ерік-жігерінің арқасында мемлекеттігімізді сақтап қалдық, – деді Е.Қошанов.

Бүлікшілер ниеті – мемлекеттік төңкеріс жасау

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Сауытбек Абдрахманов Бас прокурордан: «Қаңтар оқиғасы кезінде мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті болды ма?» деп сұрады. Берік Асылов мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныс болғанын растады. Ол қаңтар оқиғасын ұйымдастырушылардың қантөгіспен болсын, қандай да бір басқа жолмен болсын билікті басып алуды көздегенін жеткізді.

– Бұл – өте күрделі сұрақ. Мұның бәрін тергеу кезінде әбден зерделедік. Әрине, мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыну әрекеті болғанын тергеу толығымен көрсетті. Қазіргі кезде бүкіл құжаттарды тексеріп жатырмыз. Төңкеріс жасауға бір жыл бойы дайындалған. Атап айтқанда, бұлардың ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтардың мүшелері де болған. Діни экстремистер де болды, бұрын сотталған адамдар да, «Қазақстанның демократиялық таңдауын» жақтаушылар да бар, – деді Б.Асылов.

Сондай-ақ Бас прокурор Кәрім Мәсімовтің ісі сотта құпия тәртіпте қаралып жатқанын еске салды. Ұлттық қауіпсіздік қызметі басшыларының әлсіздігі жеке құрамның рухын түсірген. Мәсімовтің тапсырмасы бойынша Алматы қаласы мен Қызылорда облысының Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің жеке құрамы жұмыс орнын тастап кеткен. Соның салдарынан тәртіпсіздіктің жолын кесу бойынша іс-шаралар дер кезінде қабылданбаған.

– Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы мен оның орынбасарларына қатысты мемлекетке опасыздық жасау мен билікті басып алуға әрекеттену бойынша қылмыс­тық іс қозғалып, сотқа жолданды. Іс жабық және аса құпия тәртіпте сотта қаралуда. Соған қоса, жаппай тәртіпсіздік бойынша 18 ұйымдас­тырушы анықталды, – деді Бас прокурор.

«Қаңтар» статистикасы

Бейнероликтегі мәліметтерге сәйкес, қасіретті қаңтарда еліміз бойынша 5149 адам жараланып, 238 адам мерт болды. Олардың 19-ы – күш құрылымдарының қызметкері. Оқиға кезінде 3037 полиция мен әскери қызметкер жарақат алды. 28-іне оқ тиіп, 177-сінің сүйегі сынған. 111 қызметкердің денесі суық қарумен пышақталған. Жалпы полиция қаңтар оқиғасы бойынша 4623 қылмыстық істі тергеді. Жасалған қылмыстар бойынша барлығы 5300 қылмыстық іс қозғалған. 20 мыңнан астам азаматтан жауап алынды. 5 мыңнан астам сараптама тағайындалды.

Мемлекет басшысының тап­сырмасы бойынша, жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, соттылығы жоқ және залалды өз еркімен өтеген 255 адам босатылды. Төтенше жағдай кезінде ауыр қылмыс жасағаны үшін кәмелетке толмаған 12 жас анықталып, оларға қарсы бұлтартпау шарасы бас бос­тандығынан айырмау шарасына өзгертілді.

Оқиға кезінде елімізде 1466 ғимаратқа шабуыл жасалған. Оның ішінде 1395 бизнес нысаны, 71 мемлекеттік мекеме бар. 1700 азамат зардап шекті. Бір күнде 8 облыстың әкімдігіне шабуыл жасалды. Бизнес субъектілеріне келтірілген залал 100 млрд теңгені құрады. Алматы қаласында, 3 полиция басқармасына жасалған шабуылдан бөлек, қылмыскерлер қару-жарақ дүкендерін тонап, 1440 қару ұрлады. 3196 қару-жарақ, оның ішінде 7 гранатомет, 1 пулемет бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Жалпы қылмыскерлердің қолында 1 мыңнан астам криминалдық қару-жарақ болған.

Бас прокуратураның мәліметіне сәйкес, қаңтар оқиғасы кезінде 12 ұйымдасқан қылмыстық топ әрекет еткен. Олардың ішіндегі белсенділері – «Айшуақ-Жантүгел» және «Дикий Арман» топтары. Осы оқиға барысында еліміз бойынша 400-ден аса автокөлік бүлініп, жойылған. Оның 346-сы ішкі істер органдарына тиесілі. Тәртіпсіздіктер кезінде 25 полиция ғимараты мен 19 модуль бекеті, 900 бейнебақылау камерасы зақымданған. Қаңтардағы тәртіпсіздікке 35 жасқа дейінгі адамдар көп қатысқан. Қылмыстық істер бойынша бірқатар шетел азаматына да айып тағылды. Олардың арасында Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан азаматтары бар. Қазіргі уақытта 573 адам сотталып, жазасын өтеп жатыр.

Оқ ату Президент бұйрығы емес

Бас прокурордың айтуынша, күш құрылымдары ескертусіз оқ атуды Президент бұйрығына дейін бастап кеткен. Күш құрылымдарының қызметкерлері жауынгерлік қаруды алғаш рет Алматыдағы Президент резиденциясын қорғау кезінде, яғни 5 қаңтар күні сағат 16:00 шамасында қолданған. Қылмыскерлерге оқ ату үшін арнайы команда қажет емес, оған рұқсат беретін нормалар заңдарда көрсетілген.

– Шабуылдаушыларға оқ ату Президенттің әйгілі мәлімдемесінен бұрын басталды. Бұл заң нормалары арқылы реттелген. Полиция мен әкімдіктер ғимараттарына және басқа да нысандарға шабуыл жасалғанда, яғни тәртіпсіздіктер күш көрсету сатысына өткен кезде, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қару қолданған, – деді Берік Асылов.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың айтуынша, органдар дер кезінде оқ атпағанда, оқиғаның ауқымы бұдан да үлкейіп кетер еді.

– Халықтың, сонымен қатар полиция қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына төнетін қатердің алдын алу мақсатында қылмыскерлерге қарсы қару қолданылды. Қару қолдану «Құқық қорғау қызметі туралы» заңға сәйкес жүзеге асырылды. Ол үшін барлық негіз болды. Егер полиция қызметкерлері заңда көзделген кешенді іс-шараларды орындамағанда, трагедия бұдан да ауқымды болар еді. Прокуратура құқықтық баға берді. Оларды қолдану заңды деп танылды, – деді М.Ахметжанов.

Азаптауға тосқауыл бола ма?

Мәжіліс отырысында депутат Дархан Мыңбай елімізде азаптауға жол бермеу бағытында қандай іс-шаралар қабылданғанын сұрады. Оған жауап ретінде колонияларда азаптауға тосқауыл қою бағытында прокурорлар тиісті бақылау жүргізіп жатқаны айтылды. Бас прокурор арнайы прокурорлар полиция мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкеріне қатысты істі тергегенін мәлімдеді және қаңтардың қаралы күндерінде күш құрылымдарының жекелеген қызметкерлері ұсталғандарға қатыгездікпен қарауға жол бергеніне өкініш білдірді.

– Мұны ақтауға болмайды. Президент тапсырмасына сәйкес, азаптауды қолданған адамдар, лауазымдары мен ережелеріне қарамастан, тиісті жазасын алады. Азаматтардың азаптау туралы өтініштері бойынша барлығы 329 қылмыстық іс қозғалды. Азаптау туралы қылмыстық істердің басым бөлігін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, ал полиция мен ҰҚК қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істерді арнайы прокурорлар тергеді. Нәтижесінде Алматы облысының полиция ғимаратында 24 адамды азаптау туралы іс сотқа жолданды, – деді Б.Асылов.

Бейбіт митинг өткізу мәдениеті жоқ

Мәжілісте Қазақстан қоғамында бейбіт митинг өткізу мәдениеті қалыптаспағаны айтылды. Себебі адамдар жиналып, көшеге шыққан кезде бейбіт митингтер туралы заңның барлық нормасын бұзған. Ұйымдастырушылар әкімдікті хабардар етпей, мыңдаған адамды жинады. WhatsApp пен Telegram арқылы тәртіпсіздіктерге қатысушылардың жиналуын және қозғалысын үйлестірген.

– Алматыда санаулы сағаттар ішінде бір WhatsApp-топта қатысушылар саны 5,5 мыңға дейін көбейді. Сол сияқты Жамбыл облысында WhatsApp-чаттағылар саны 4 мыңға дейін өсті. Кейін «тобыр әсері» орын алып, адамдар полицияның заңды талабын орындамай, қарсылық көрсетті. Жан-жағының бәрін өртеп, тонады және күш қолдана бастады. Бұл дегеніміз – нағыз қылмыс. Сол үшін Алматыға арнайы көрші облыстардан адамдар келген. Кейін жағдай одан әрі ушыға түсті. Сол күндері қасиетті тәуелсіздігімізге орасан зор қауіп төнді. Көптеген ірі қалалардың ғимараттары өртке оранып, астан-кестеңі шықты. Басты құндылығымыз – адам өмірі де қатерге тігілді, – деді Бас прокурор.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button