Басты ақпаратЖаңалықтарТағзым

Қасіретті жылдар шежіресі

Кеше Оқушылар сарайында «Ұлы жұт – тарих сабақтары және құрбандар рухына тағзым» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. 

Мемлекеттік органдар қызметкерлері, тарихшы ға­лымдар, этномә­дени бір­лес­тік­тердің жетекші­лері, азамат­тық қоғам институт­тары­ның өкіл­дері қатысқан жиында өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдары ұлт басына төн­ген нәубет әңгіме өзе­гіне айналды. Қазақ жерінде қолдан жасалған ашаршылықтан 4 миллионға жуық адам бақиға аттанды. О дүниелік болған халықтың саны бертінде ғана ашыла бастады. 1988 жылы академик Манаш Қозыбаев бастаған ғалымдар ашаршалыққа қатысты ақтандақтарды ақтарып, бұл тақырыпқа тың көзқарас тұрғысынан қарады. Алайда, аталмыш тақырып толығымен зерттеліп бітті деп айта алмаймыз. Басқосуды ашқан Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымының докторы Бүркітбай Аяған осыған назар аударды.

Ал, ел аштыққа ұрынғанда ұлт зиялылары не істеп отырды? Жиында осы жағы да сөз болды. Мәселен, тарих ғылымының кандидаты Амангелді Қашқымбаев көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің аштық жыл­дарындағы өміріне тоқ­талды. Оның айтуынша, «Көшпенділер» сияқ­ты ұлттың рухын оятқан шығарманы жазған қалам­гер бозбала шағында қан­дастарының аштықтан қырылып жатқанын көріп, төзбестік танытты.
«Ілияс Есенберлин 1932-1934 жылдары Қар­сақбайдағы аудандық ат­қару комитетінде кіші­гірім қызмет атқарды. Халықтың аштықтан өліп жатқанын көрген ол сол кездегі аудандық партия комитетінің хатшысы Теляевке хат жазады. Хаттың мазмұны мынандай: «Зауыттарда жұмыс істеп жүр­ген өзге ұлттардың күн көруіне жағдай жасалған. Олар карточка арқылы тамақ алады. Неге олай? Неге қазақтар ғана қырылу керек?» Бұл хаттың мазмұнын Ілияс Есенберлиннің інісі Раунақтың жазғанынан білдік» дейді ғалым.
Сондай-ақ, тарихшының зерттеуінше, Есенберлин екі рет аштықты көзімен көрген. Оның алғашқысы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарына дөп келді. «Ата-анасынан ерте айырылуына осы жайт та себеп болған шығар» деп пайымдайды А.Қашқымбаев.
Сонымен қатар конфе­ренцияда көптеген ұлт­тардың Қазақстанға де­пор­тациялану мәселесі көтерілді. Мәселен, Әзер­­байжан этномәдени бір­лестігінің басшысы, тарих ғылымының докторы Видади Салахов түрік, месхет және әзербайжан халықтарының жерімізге жер аударылуынан мәлімет берді. Қуғын-сүргін жайы да талқыланды. Соның ішінде, Ахмет Байтұрсынұлы, Ермұхан Бекмаханов, Кәрім Мыңбаев, Елдес Омаров сынды ұлтымыздың асыл азаматтарының есімдері аталды. Өзге ұлттан шықса да, академик Анна Пан­кратованың қазақ тарихына қосқан үлесі сөз болды. Баяндамашылар, әрине, «АЛЖИР» лагері жайлы да дәйекті әңгіме қозғады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button