2022 - Балалар жылыБасты ақпарат

Қасқа биенің құлыны

Әркімнің-ақ балғын балалық шағынан ауық-ауық есіне түсіп тұратын ерекше көріністі естеліктері болады. Кім де болсаң кей сәтте бәрін ұмытып, қиял қанатымен сол бір тағдырыңның таңындай кезіне барып-қайтқандай боласың. Оның бірі кезінде сенің балалық сезіміңді шат-шадыман шаттыққа бөлеген, кейбіреуі бауырыңды езе елжіреткен де…

Менің туған ауылым Алатаудың бір сілемі – Шал тауының етегінде шығыстан батысқа қарай созыла қоныстанған бау­-бақшалы мекен. Таудағы қара аршаның қалың өскен жеріне тұспа-тұс. Атам ә дегенде-ақ әулетін дәл соған көздеп қоныс­тандырған-ау, шамасы. Таудың басқа жерінде бұл ағаш өспейді. Ауылдан төмен кеңарқа жалпақ белестерде, одан әрірек көсіле серпілген жазықтықтарда егістік алқаптары тәртіппен орналасқан, ал одан сәл бос жер қалса, «менікі» деп «тәртіпке қарамайтын» қызғалдақтар жайғасқан құйқалы дала, төменірек барып сусыған ыстық сары құмды Мойынқұм жері ұласады. Егінді де, қызғалдақты алқапты қақ бөліп осы тұнып тұрған табиғатқа түр-түсімен де, тарс-тұрс еткен даусымен де үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ерекше бір шапшаң да асау мінезімен Түрксіб темір жолының күре жолында пойыздар тыныштықты бөле өтеді. Тек дабыл бергендегі созылыңқы даусының осы кербез дала болмысымен үндестігі бардай.

Бұл өлке – дархан даладан ырыс-берекесін терген диханның, төрт түлігімен сай-саласын әнге бөлеген малшының елі. Тауында қара арша мен даласында әлгі қызғалдақтың таңдап өскен, ұнатқан жері! Бұл өлке – менің және менің замандастарымның балғын шақтарына куәгер тәтті мекен. Бізге таудың тылсымға тола, тұла бойында өнегесі биік даналығын, кең пейілді даланың дархан мінезін теліп, өмір деген қилы тағдыр арқалаған сапарға аттандырған – құт мекен.

Әсіресе, есімнен көктемі шықпайды! Бұл ауылға көктем сый-сыяпатын аямай арқалай, артынып-тартынып, ерекше ентелей келеді, көрер көз тоймай қарайтын, сөз жоқ, керемет маусым! Сарқыраған түнгі бұлақ суының даусы да, туған елге қайтып келіп жатқан құстардың әні де, төлдеп жатқан төрт түлік малдың әні де, шат-шадыман жандардың әні де сонда. Мақпал түндер басталады, далада ұйықтауға жатсаң, аспан самсап жымыңдаған, анда-санда сырғи аққан жұлдыздарымен ұйқыңды біразға дейін бермей қояды. Осы әсем де әсерлі табиғаттың менің құрдастарымды арман жолдарына аттанарда түйсігіңе түйіп  берген өнегесі көп еді…

Балбыраған жер ана жауқар жаңбырдың нұрын жұтып алып, көк майса қыр мен жазықты бірде сары, бірде күлгін, бірде қызыл, бірде ақ түстерге бояйды-ай келіп! Ал қызғалдақты шашқанда Ұлы жібек жолымен өтіп бара жатқан жолаушының ат басын тартып, аузын ашып қарамайтыны қалмайды! Сырттан келіп, бірінші көріп тұрғандарды айтпағанда, күнде көріп жүрген бізге не жоқ деймін, сырт жаққа шыға қалсақ, мақтана айтып та қалып жүреміз! Табиғаттың жасандылықтан аулақ, көкірегі ояудың көре алатын тамылжыған көркі деген осы екен ғой! Нағыз мейірімі шексіз Ана табиғат! Мерейлі Ана маусым! Тек Шал тауы ғана шалқайып, көк тіреп, ақ қар-көк мұзын, ғажайыпқа толы жарқабақтарын жарқылдатып, кейде, менің бала көзіме  қатал көріне ме өзі, қалай?…

Ауыл адамдары мұндайда қарбалас, мал төлдеп, алды жайлауға қоныс аудара бастаған, жер бусанып, егіншілік басталып дегендей. Кішкентай балалар болсақ та біздің де «қолымыз тимей жүретін» маусым. Дала кезіп ойнайтын кез, қозы-лақпен жарысатын, жабағы-тай мінетін кезеңнің басы. Шама-шарқымыз келгендеріміз ата-анамызға қолғабыс жасаймыз. «Дәу сай» дейтінбіз, ауылдың тау жағындағы терең сайды. Қарлы шыңдардан асыға жарысып келетін қос бұлақтың арыны саябырлап, суының тоғысатын тұсы да – осы сай. Ол жер – жазы-қысы малға суат, бізге аптап ыстықтарда шықпай шомылатын тоған. Жағалауында құмдауыты бар, майдай жұмсақ батпағын да әдейілеп кешетінбіз.

Өстіп жүргенде атамнан қалған есік пен төрдей торы қасқа бие құлындап, түн айтарлықтай қысқарып, күн әжептәуір ұзарған кезде уақытымыздың көбі сол құлынмен ойнауға кететін. Құлыншақ қандай сүйкімді-ақ, бірде ебедейсіз шалынып құлардай көрінеді, бірде ал кеттік деп бізбен жарысып, тебіне шабатын! Кейде енесін айнала жүгіреміз, ал бір сәт  ұзап кетсек, енесі оқыранып, қауіп бар, ұзама! – дегендей, үрейлі дауыс шығаратын. Ал біз құлын не істесе, соны істейміз деп әлекпіз. Бізді иіскелеп, үйге қарай беттегенімізде қимай тұрғандай күй көрсететін де, артымыздан еріп, кідіріп, еріп, кідіріп, бұлар мені тастап қайда барады? – дегендей қарап тұрушы еді. Кешке анам ұсынған тамақты аш қасқырша жарыса жеп, шаршағандығымызды енді сезіп, сүріне құлайтынбыз, әрі қарай ешнәрсеге шамамыз келмей, батырларша ұйықтайтынымыз содан еді. Есіл-дертіміз торы есейсе – тай болса, Шал тауының аңғарларына барып, жабайы өскен жуа терсек, балалармен көкпар тартыссақ дейтінбіз. Бірде есекпен, бірде велосипедпен, кейініректе тай-құлынмен тартысатын көкпарларға салуға бізде не болушы еді: жыртық етік, жарамсыз тері, тасталған тұмақтарды жұлқи тартып, бөліп тастайтын кезіміз де болатын. Жеңіске деген қиял түсімізде де жалғасатын. Таңертең күн шуағы мазалағанша жатып, қой-қозының дауысы үдегенде оянушы ек…

Бір күні сондай бір таңдағы таза ауада қатар-қатар ұйықтап жатқан бізді: Жеңеше, әәәй, жеңеше! Қасқыр! Қасқыр шапты! – деген үрейлі дауыс шошыта, тітіркене ояндық. Бұл ауыл шетінде қой төлдетіп жатқан туыс ағамыз екен. Ә дегенде өзі бағып жүрген отарға қасқыр тиді ме екен деп түсіндік. Кілең шиттей жан, шикі өкпе балалармыз, үрейлі хабардан ең кіші інім Бауыржан мен қарындасым Майра жылап та жіберді. Уқалай ашқан көзіме әдеттегідей Шал тауының шыңы көрінді, жайшылықта алғашқы күн шуағымен мұздықтары жарқырайтын жартастары су ішінде тұрғандай мұнарланып, сұрланып, сұсты көрінді. Таудан төмен түскен салқын леп денемді мұздатып жіберді.

Атып тұрып, тұра жүгірдік, алдымызда анам Файза мен көрші шопан ағамыз қолдарына айыр, таяқ алып жүгіріп барады екен. Ауылдан шығар-шықпаста, шеткі шарбақты қоршауды айнала бере анадай жерде әрлі-берлі арпалысып жүрген қасқа бие көрінді, қасында торы құлыны бауырына тығылады, сирақтары дір-дір етіп, қорыққанынан бір орыннан қозғала алмай қалған.  Танадай екі сұр бөрі кезек ұмтылып, құлынды алмақшы, анасы артына келгенді теуіп, алдына келгенді аяқтарымен тарпып, кеудесімен қағып құлынын қорғауда. Мал болса да ана жүректі жаратылыс­тың қаһар – қайратты батырға айналып кететінін көргенім осы! Көкжалдардың пышақтай тістері өзін тамақтап кетеді-ау деген қорқыныш мүлдем жоқ. Қою да ұзын қап-қара құйрық-жалы, маңдайындағы кекілі жалп-жалп етеді. Үлкен-үлкен тұяқтары тиген жерін қопарып, топырақты шаң етіп бұрқыратады. Арпалыс біраз болған-ау, мойын тұсы ақ көбіктеніп, алып денесін қара тер жауып кеткен. Арлан қасқырлармен біршама уақыттай жанталаста жалғыздық көріп жатыр екен, жануар!

Біз бәріміз айғайға баса жүгіріп жақындай келеміз енді, сол сәт, сол сәт… бұл жанталастың орны толмас өкінішке ұрындырар шешуші кезең болары кімнің ойына кірді дейсің?… Қасқа бие бізден қорған күткендей назарын аударып қалған сәттегі, жалғыз да соңғы мүмкіндікті бір арлан қалт жібермеді-ау! Әттең! Жас құлынның тамақ тұсындағы қалың етін пышақпен кескендей қас-қағымда опырып, құлатып үлгерді, екінші арлан да аузын жамбас еттен қанға бояды. Шарасыздықтан: «Құдай-ай, өлтірді-ау анау!» деген анамның мал анасының қасірет сәтін көргендегі ащы даусы шықты. Жауына жалғыз құлынын беріп қойғанына өкінген құлынның анасы жерге сұлай берген баласын мойнымен орай тізерлей берді. Тәтті етке құныққан ессіз бөрілерді көршіміздің тракторының оталғандағы тарсылдаған оқыс даусы естерін жидырды. Қос көкжал иен далаға бет бұрып, асықпай желе жортып жүре берді, ешкімнен қорқу деген ойларына да келмейтін сияқты. Торы құлынның жас етінен қарпып қалған олар әлі де қимас сыңаймен артқа мойнын бұрып, жорта кетіп барады. Ауыздары жақ жүндеріне дейін қанға боянған, өздері менің бала көзіме неткен ірі еді!

Жайшылықта бір-бірімен жауша арпалысатын ауылдың иттері қасқырларға жақындауға жүрексініп, біз жаққа жалтақтай бере, бар болғаны жарыса әупілдеп, кішкентайлары шәуілдеп, бөрілерді шығарып қана салды әудем жерге дейін. Біздің «қорғаушыларымыздың» әуселесі осындай екенін енді ғана білдік!

Қайран, торы құлын! Тегіңе тартып, қарақұрым қалың сәйгүліктердің алдында аламан бәйгеде маңдайындағы жұлдызы жарқыраған топжарған болар ма едің, әлде көкпардың додадағы серкесін суырып алып шығып, көмбеге тастар қазанаттың нағыз өзі сен болар ма едің, әлде талай дүбірлі жорға жарыстардың алдындағы ақтаңгері сен бе едің..?!

Өзімнен кішілердің жүздерінде үрей, менің жанарым жасқа толып, ештеңе көре алмай, селтиіп тұрып қалыппын. Қайран, анам! Ол да тізерлеп, түйеше шөккен қасқа биеге қарап, жасқа тола жүзін орамалының бұрышымен сүрткілеп жүр. Ентігіп жеткен туыс-көршілер бірдеңе деп дабырласып жатыр, олардың сөздерінен ештеңе ұқпайтындаймын. Көзімді жеңіммен сүртіп, қара терге малынған қасқа биеге бір қарадым да үйге беттедім. Мен үшін, менің жас жүрегім үшін жанымды жасытардай оқиға болды бұл! Ұнжырғам түсіп кеткен. Ауылға кіреберістегі үйімізге таянғанда, тағы да тауға көзім түсті. Ұшар шыңына дейін шыққан күннің шапағымен анық көрініп, бізге жақындап келгендей! «Саған не болған соншалықты, көтер кеудеңді! Бұл – өмірдің бір сабағы!» дегендей көріністі ұқтым, бойымды қалай тіктеп алғанымды білмей қалдым. Дәл осы сәтте «Шалқардан» (ертемен радио сөйлеп тұрған, әкем, анам біз тыңдасын деп, ертеңмен қойып қоюшы еді) Құрманғазының «Кішкентай» күйінің бұлқынбалы тұсы орындалып тұр екен… Таудың тірі дана қарттай  көрінісі, күйдің жан тебірентер құдіреті мен нақты өмірдің мына болмысы – үшеуінің ортасында, алапат күйде қалдым…

Бала жүрегім көп сауалға жауап іздеп арпалысуда: неге әкем осындайда қой төлдетуге басқа жаққа кетіп, үйде болмады, неге көршім анамды шақырғанша өзі жүгіре бермеген, ауылдың керемет деген иттері неге торыны қорғай алмады, неге қасқа бие біз барғанда бізге жалт бұрыла қойды екен??? Неге, неге, неге?! Негесі көп, жауабы аз шіркін, дүние-ай! Мүмкін адам баласының тынымсыз алға талпынысы, қара басының тағдырына үлес етіп алған тәлім-тәрбиесі мен одан шыққан ширығып-ширауы, «еті тірілігінің» оянуы осындай сұрақтарға жауап шығар…

Күні бойы құлынынан айрылған биеге қараумен болдық. Суатқа жетектеп апарамыз, барғанымен, бұлақ суын сәл ұрттап қана қояды, алдына жем берсек те қарамайды. Үйден алыстамайды, сәл жүріп тоқтап, сәл жүріп тоқтап, бойын ауыр ой басқан адамдай күйде, дел-сал. Тек біз оған қарай үйден шықсақ болды, торыны жетектеп, ойнап келе жатыр ма екен бұл балалар дегендей, үмітпен жалт бұрылады. Осы тұрпатына қарап тұруға дәтім бармайды! Менің қолымнан келмеді әттең, ажал құлынымды алғанша мені неге алмады? – деп тұрғандай оның өкініш арқалаған ана жүрегі!

Біраз күн өтті. Мен әкемнің тапсырмасымен аудан орталығына бару үшін автобусқа мініп, ауылдан шықтым. Тауға қарап өскен даланың баласымыз ғой, тағы да тау жаққа жанарым еріксіз ауды. Шығыстан батысқа қарай кәрі Қаратауды бетке алып созыла түскен тау шыңдары бірінен соң бірі кезек алып жүріп бара жатқандай. Өмір де сондай кезең-кезеңді ғой, менің де өмірімдегі бір кезеңім сырғып, артта қалып, әп-сәтте есейген бір кезеңім басталғандай, есейгендей болып келемін.

Уақыт – емші дейді. Жылдың мына көркем кезеңі көңіліңді алдамай қоймайды. Көкорай шалғын бөктерде мыңғырған мал көктем мезгілін әнге де, сәнге де бөлеп жатыр. Бірақ, өз әнінен де, сәнінен де айрылып, осы әнге қосыла алмай жазықтау жерде тек Қасқа бие жалғыз тұр. Жүдеп, қырдай шоқтығы мен тарам-тарам қабырға сүйектері анадайдан көрінеді. Есік пен төрдей алып бие кішірейіп кеткен бе деймін?! Шіркін, ана жүректі жануар-ай?! Уақыт сенің де жараңды жазар деп сенгім келеді!

Бұл – өмір! Тау басындағы ақ пен қараның, жұмсақ ұлпа қар мен қатты тас жақпардың араласқанындай.

Байқасам, тағдырыма өмір шіркін бір сабағын осылай да берген екен… Адам қуанышқа да, ренішке де дайын жүруі керек деп түйдім.

Қош, менің торы құлындай балғын балалық шағым!

Бейімбет ҮСІПБЕК

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button