Басты ақпарат

«Қасқа жолы» – басқа жол

Жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай бірнеше жыл бұрын Қасым хан туралы көркем фильм сценарийін жазып, қазақ көрерменіне «Ертұғрыл» телехикаясының авторы ретінде таныс түрік режиссері Метин Гюнай оның негізінде тарихи кинотуынды түсіретін болды. Алайда жеме-жемге келгенде 75 сериялық сериал түсіру жайында шешім жасалды. Қазақ қаламгерінің сценарийі тақиясына тар келді ме, сериал сценарийін жазуға режиссердің өзі кірісті. Тіпті, Қазақстанға келіп, Отырартөбе және Сауран тарихи қалашықтарын аралап, телехикая түсіретін орындарды таңдады. Кастинг та өткізілді. Жазушы сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға хат жазған соң, сериал түсіру тоқтатылды. Министрлік тарихи фильмді қазақтың өткенін білмейтін шетелдік емес, отандық режиссер түсіру керек деген тоқтамға келді. Ақыры Қасым хан туралы сериал емес, толықметражды көркем фильм түсіру кинорежиссер Ақан Сатаевқа бұйырды, бірақ сценарий С.Елубайдыкі емес.

[smartslider3 slider=2995]

Бір апта бұрын аталмыш кинотуынды «Ұлы дала таңы» атауымен жалпыұлттық прокатқа жол тартты. Елордадағы таныстырылымына көпшілікпен бірге біз де бардық. Фильмнің басты кейіпкерлерін сомдайтын Тұңғышбай Жаманқұлов бастаған бірқатар танымал актерлерді көріп, үлкен дүние күткен едік. Күткеніміздей болмады. Атауына сай емес, бала да сенбейтін ертегідей көрінді.

Бізге алдымен Керей мен Жәнібектен кейін Қазақ хандығының тағына отырған Бұрындықтың жастау кезіндегі бейнесі ұнамады. Қоюшы режиссер Қасым ханды асқақтатамын деп Бұрындықты аласартып жіберген. Айдос Әбдіқадыров кескіндеген қазақтың үшінші ханы кинода ұр да жық, күйгелек, қызғаншақ біреу болып шыққан. Қайта белгілі актер Ерік Жолжақсынов сомдаған Бұрындықтың ұлғайған шағынан парасат көрдік.

Жалпы фильмге тартылған танымал актерлер жетерлік. Қасым ханның кемеліне келген кезін Берік Айтжанов, оның бөлесі Мұхаммед Шайбаниді Нұрлан Әлімжан, Қасым ханның анасы Жаһан бегімді Алтынай Нөгербек ойнады. Бұған қоса, Азамат Сатыбалды, қысқа көріністердің біріне Асанәлі Әшімов, т.б. белгілі актер қатысты. Өнертанушы Ләзиза Керімқұлқызы әлеуметтік желіге жазғандай, киноның актерлік құрамы осал болмады. Бірақ қандай мықты актерлер түссе де, сценарий нашар болып, режиссерлік шешім дұрыс қойылмаса, атқарылған жұмыс далаға кетеді. Бұл фильм осыған анық көз жеткізеді. Сценарий авторлары Бекболат Шекеров, Ақан Сатаев және Назира Бақаева осы жерде шалалыққа жол берген. Сондықтан тәжірибесі мол Смағұл Елубайдың дайын сценарийі неге алынбады деген заңды сұрақ туады.

Кинотуынды диалогтарын Ерлан Төлеутай жазып, эпизодқа түскенін атап өту керек. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дейді. Алайда фильмді өндіріске тапсырарда диалог авторының ұсыныстары еленбеді. Шала-жансар дүние туғанын Ерлан Мұқатайұлының өзі мойындады.

«Сценарий менікі емес. Мен жазсам, басқаша, қазақы дүниетаным тұрғысынан жазар едім. Голливудтық сарынмен жазылған бұл сценарий маған әу баста ұнаған жоқ. Оны түсірілімге дайындық кезінде режиссерге әлденеше айттым. Түсірілім кезінде де талай дау болды. Мен бұл фильмнің тек диалогтарын жаздым. Ал құр диалогтармен сценарийге түбегейлі өзгерістер кіргізе алмайсың. Ол диалогтардың өзін режиссер қайта-қайта жұмсартумен болды. Сөйтіп Қасым хан мінезден жұрдай болып қалды. Фильмді қарт Бұрындық (Ерік Жолжақсынов) көтеріп еді. Бірақ оның бұл сахналары қысқарып кетті. Әсіресе, Бұрындық ханның тақпен қоштасатын сәті көңіл толқытатын. Бұл жер фильмнің өзінше бір кульминациясы еді. Бұл да қысқартылып кетті. Жалпы фильмнің үштен бірі қысқартылды. Киноның көркем болуының 30 пайызы музыкаға байланысты деген сөз бар. Жаны бар сөз. Бұл фильмнің музыкасы  сын көтермейді. Фильмді түп етектен ұстап, төменге тартып тұр кәдімгідей» дейді Ерлан Төлеутай.

Ақан Сатаев бұған дейін түсірген «Томирис» фильміне кезінде көп сын айтылды. «Ұлы дала таңы» кинотуындысын тамашалағандар да аз мін таппады. Әлеуметтік желіден біз оқыған сындардың ішінде Ләзиза Керімқұлқызының жазғанының көбісіне қосыламыз. Кино өнерінде кешегі Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықовтың деңгейінен көп артта қалғанымызды жазған өнертанушы фильмнің кемшіліктерін жіпке тізгендей көрсетіп шықты. Көрермен еш әсерленбейтінін, Қасым ханның солғын бейнесін, этнографиялық көріністердің жұтаңдығын жазды.

Кинотанушы Дана Әмірбекованың пікірі де құлақ асарлық. «Өкінішке қарай, біздегі тарихи киноның бір көзірі – әртістерді ұлттық киімде киіндіріп, киіз үй тігумен, атқа мінгізіп, ары-бері шапқызу. Сол кезде ғана ұлттық туынды ретінде танылады. Ұлттық туынды – өзімізге ғана тән ұлттық дүниетанымымыз, салт-дәстүр мен тұрмыстағы ерекшеліктеріміз. Қазақтың жанын кино арқылы көрсете алса, көрермен кинодан қазақтың иісін сезіп, болмысын түсіне алса ғана ұлттық фильм болады» дейді кинотанушы.

Осы тұрғыда «Ұлы дала таңы» мен осының алдында кинорежиссер Рүстем Әбдіраш түсірген «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» және «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмдері арасында параллель жүргізуге тура келеді. Алдындағы тарихи кинотуындыларда Қасым ханның да, Бұрындықтың да жас кездеріндегі бейнесі бар. Ашығын айтқанда, «Қазақ хандығы» «Ұлы дала таңынан» түсірілу деңгейі жағынан көш ілгері. Мәселен, музыкасын алсақ, «Қазақ хандығына» Қазанғаптың «Көкіл» күйі әдемі өңделіп, енгізілді. Композитор Әбілқайыр Жарасқанның музыкасы да жатталады. Ал «Ұлы дала таңындағы» белгілі композиторлар Ренат Гайсин мен Никита Каревтің туындылары еш есте қалмайды. Біздіңше, Қасым хан жайында кинотуындыны түсіруге Рүстем Әбдірашқа беру керек еді. Сонда трилогия шығар еді. Осы үш фильм арасында сабақтастық болуы қажет еді. Алайда Ақан Сатаевтың қолтаңбасында біз мұны көре алмадық. Кинорежиссер экшн-драма деген жанр қойып, Голливудқа еліктеп кетті.

Сонымен қазақ киносының олжасы емес, кезекті бір сәтсіз фильм шықты. Қасым ханның қасқа жолы құрғақ баяндаумен беріліп, оның іс жүзінде орындалуын көре алмадық. Әз Тәуке, Абылай хан, Кенесары туралы тарихи фильм түсірілер болса, қалай шығар екен? Үміттен гөрі күмән көп…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button