Жаңалықтар

Қасқырдың суретi

Бiздiң бастық – қызық кiсi. Қашан көрсең орынтағын айналып-толғанып, сылап-сипап, құшып, сүйiп жүргенi. Аттылыға жатып, қара жаяуға төнiп қарайтын әдетi бар. Көбiне кекiрейiп жүредi. Жарты Құдай дерсiз… Мiнiн айта берiп қайтейiн? Одан да әңгiменiң төтесiне көшейiн де…

Сонымен, тыңдаңыз. Жоғарыда өзiңiзге таныстырған бастығым бiр күнi дөңгелентiп тұрып қойдың суретiн салды да, «мынау – қоян деген мақұлық!» дедi оқыстан. Мен таңданысымды жасыра алмай, бiраз үнсiз отырдым да, ақыры шыдай алмастан:
– Басеке, а, басеке, сiз сәл қателесiп қалдыңыз. Мынауыңыз қоян емес, қой ғой, – деп күмiлжи, оң жағына бiр, сол жағына бiр шықтым. Онымнан түк те шықпады. Басекем, орнынан бар екпiнiмен атып тұрды да, бетiме бақырайып тұрып:
– Қоян! – дедi. Қалшылдап, дiрiлдеп, әрлi-берлi теңселiп жүрдi. Сосын орынтағына беттеп бара жатып, есiк алдында кiнәлi адамдай қалшиып тұрған маған майлы мойнын жұлқа бұрып:
– Мен қашан екi сөйлеп едiм, а? Бiлiп қой, мынау жалғанда, мына менiң ақ дегенiм алғыс, қара дегiнiм қарғыс болады! – дедi.
– Бб-басеке, басеке, осы жолы екi сөйлеңiзшi, басеке. Менiң ойлағаным сiздiң абыройыңыз емес пе, басеке? Өткенде облыстан үлкен кiсiлер келгенде үш-төрт түрлi сөйлеп едiңiз ғой, басеке, – деп зуылдай жөнелiп едiм, басекем өктем дауыспен:
– Әй, сен немене, менiң мына алтын басымдағы мүттәкәм миыма, мүдiрмес тiлiм мен мүбәрәк қолдарымнан шыққан мына суретке күмән келтiрейiн дедiң бе? Мен ешқашан екi сөйлеген емеспiн! Осы сендер қалай жағымпаз-данасыңдар-ей? Түсiнбеймiн. Жоғарыдағылар Құдай ме екен? Билiктiң өкiлiн көрсеңдер құрдай жорғалайсыңдар. Кiм екен олар соншалықты? Кiм екен сол облыс, республикадағылар? – деп жуан ернiнiң жиегiнен көпiрiгi бiр кiрiп, бiр шығып, көки бастағаны сол едi, есiк шалқалай ашылды да, ар жағынан облыстағы жуандардың бiрi көрiндi. Сонда әлi езуiн жиып үлгермеген басекем:
– Ә-әәлеке, Әл-леке, ештеңе естiген жоқсыз ба, Әлеке? Естiмедiм деңiзшi, Әлеке? Ққ-халiңiз қалай? Мал-жан тегiс аман ба? Үйдегi жас жеңгей жерiк деп естiп ем, бiз келiнiңiз екеумiз үйдегi жапқан бәңкi-сәңкiлердi алып барғалы жатыр едiк, – деп елпеңдей жөнелдi. Үлкен кiсi еш жауап қайыр-мастан төрдегi басекемнiң орынтағының қасына келiп, кiлт тоқтады да:
– Мына суреттi кiм салған-ей? Қасқырдан айнытпапты-ей өзiн, – деп, қоңды иығы мен майлы қарнын дiрiлдетiп, селк-селк күлдi. Осы сәт менiң басекем:
– Ә-әллеке, бұл қоян ғой, кәдiмгi ұзын құлақ сұр қоян. Өзiм салғам, – деп үлкен бастықтың бетiне жалтаң-жалтаң қарады. Жүзi өрт сөндiргендей қуарып, қаны басына шапқан Әлекең:
– Қасқыр дедiм бе, қасқыр! – деп гүрр еттi. Басекем жым болды. «Әп, бәлем, қалай екен?!» деп қоям iшiмнен. Басекемде әлi үн жоқ. Есеңгiре-еп барып, есiн әзер жиған басекем үлкен кiсiнiң өзiне қадалған жанарларына тiке қарай алмастан:
– Әлеке, сiздiң айтқаныңыз қашан да заң ғой, Әлеке! Айтқаныңыз болсын, Әлеке. Қауақ басым қара басып, қоянның суретiн салам деп отырып қас-қырдың суретiн қалай салғанымды аңдамай қаппын-ау, – деп өз басын өзi төпелей бердi, төпелей бердi…
Шарафат РЫСПАЙҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button