Мәдениет

Қастеев қасиеттері

Астана қаласы Бірлескен музейлер дирекциясына қарасты Тарихи-­мәдени мұраны сақтау орталығының зерттеу жұмысы бөлімінің басшысы М.Исаева №14 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушыларына қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушылардың бірі, белгілі суретшінің 120 жыл толуына орай «Әбілхан Қастеевтің өмірі мен шығармашылығы» атты дәріс өткізді. Ал Ұлттық музей қылқалам шебері жайында 5 қызық дерек дайындады.

1.Бала кезінен өнерге жақын болған

Табиғаттың сан түрлі бояуын жадына тоқып өскен Әбілханның суретшілік дарынының ұштала түсуіне анасы көп әсер еткен. Қалипа шешей он саусағынан өнері тамған шебер болған. Тумысынан зерек, өнерлі Әбілхан анасына көмектесе жүріп, сырмаққа, текеметке арналған оюлардың түр-түрін салып оя білген. Сондай-ақ қолына түскен заттардан түрлі әшекейлер жасай бастайды. Ауыл қыз­дары Әбілханның жасаған бұйымдарын көру үшін мал өріс­тен қайтатын уақытты асыға күткен. Біраз уақыттан кейін Әбілхан адамдардың мүсінін жасауға көшеді. Алайда мүсін жасауды ауылдастары «күнә» санап, кішкентай суретшіні «Құдайға қарсы келдің!» деп айыптайды.

  1. Түрксіб теміржолын салуға қатысқан

Әбілхан Қастеев Түркі­с­­тан-Сібір теміржолының құрылысында үш жыл жұмыс жасаған. Бос уақытында ол саздан түрлі мүсіндер жасап, жұмысшылардың  портреттерін салған. Кейін, яғни 1969 жылы Қазақстанның ең танымал суретшісі атанған Қастеев Түрксіб туралы естелігін кенеп бетіне түсіреді. Композицияда қазақ даласын бірінші рет басып өткен пойыз бен оны тамашалауға шыққан адамдар бейнеленген.

  1. Қазақстандық ең қымбат суретшілердің бірі

2018 жылдың соңындағы Forbes Kazakhstan жасаған рейтинг бойынша Әбілхан Қастеев қазақстандық «қымбат» авторлардың қатарына енген. Оның акварельмен салынған суреттері 10-25 мың долларға бағаланса, кенептері 40-80 мың долларға сатылады екен. Ал осыдан біраз жыл бұрын оның «Пейзаж» атты картинасы 413 мың долларға аукционға қойылған көрінеді.

  1. Қоғамдық қызметпен де айналысқан

Шығармашылықтан бөлек Әбілхан Қастеев қоғамдық қызметпен де айналысқан. Ол екі рет (1955 және 1959 жылдары) Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданының атынан Қазақ ССР-інің Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланған. Әбілхан Қастеев ауылды жерлерде мектеп, емхана салуға себепкер болғаннан бөлек, жазықсыз сотталғандарды ақтап алуға да көмектескен.

  1. Амангелді Имановтың портретін салуға ұзақ дайындалған

1916 жылғы халық көтері­лісінің 20 жылдығына орай көрме өтетін болып, Әбілхан Қастеев революция тақырыбында бірнеше картиналар жазады. Бірақ өзінің ең танымал туындыларының бірі Амангелді Имановтың портретін салу үшін суретші ұзақ дайындалады. Бірде-бір суреті сақталмаған батырдың бейнесін барынша ұқсату мақсатында Әбілхан Торғай облысына барып, Амангелдінің туыстарымен сұхбат құрып, А. Имановты жақсы білген Әліби Жангелдинмен әңгімелеседі. Осылайша Әбілхан Амангелдіні көрген-білген жандардың суреттеуі бойынша бірнеше нобайын жасайды. Бірақ көлемді портретін тек 1950 жылы салған. Амангелдіні танитындар картинаны көргенде ұқсастықты байқап, қатты таңқалған деседі. Осы туындыдан кейін Әбілхан Қас­теевке Халық суретшісі атағы беріледі. Сонымен қатар 1970 жылы Әбілхан тағы да 1916 жылғы көтеріліс тақырыбына оралып, «Амангелді сарбаздары» картинасын жазды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button