Руханият

Қасым рухының мұрагерлері

Әдебиет тақырыбында әңгіме қозғайтындар осы күндері қазақ жырының деңгейі жоғары екенін айтады. Ал кім біледі, кешегі жыраулық поэзиямыз, Шортанбай Қанайұлы, Дулат Бабатайұлы секілді зар заман ақындары, ұлы Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағали, Жұмекен, Төлегендер, бертінгі Жұматай, Кеңшіліктер болмаса осынау биікке жетер ме едік?!

Иә, кейінгі буын ақындарының барлығы да осы поэзия алыптарының шәкірттері деп толық сеніммен айтуға болады. Мәселен, марқұм Жарасқан Әбдіраштың поэзиясында Мағжанның әсері байқалады. Баласы Рүстемнің әкесінің жазбалары негізінде түсірген «Қаладан келген қыз» көркем фильмінде ол анық көрінеді де.
Сол сияқты биыл туғанына 110 жыл толып отырған Қасым Аманжоловтың жыры да әсер етпеген ақындар кемде-кем. Дауылпаз ақынның тікелей тәрбиесін көрген Ғафу Қайырбеков Қасымды ұлттық ақын деп бағалаған. Мұқағали, Жұмекен, Төлегендер  Қасымның жырынан қуат алды. Мысалы, Мұқағали «Қасым солай болмаса» деген атақты өлеңінде:
«Бір күй бар домбырамда…» – иесі Қасым,
Қасым солай болмаса, несі Қасым!?
Жыр бәйгеге аттанған адам болса,
Сөредегі Қасымын есіне алсын!..– десе, Төлеген, тіпті Қасымның жырымен сауат ашқанын айтып:
Қолыма ұстағанда алғаш кітап,
Жалынды өлеңіңді оқып едім.
Баурап ең көңілді сол кезден-ақ,
Жанымды жылытып бір отты лебің… – дейді.
Осы орайда біраз жыл бұрын теледидардан белгілі әдебиеттанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлының сұхбатын тыңдаған едік. Ол кісі Ташкент педагогикалық институтында  Төлеген Айбергеновке сабақ берген екен. Сонда Төлегеннің балауса жырларын оқып, оған Қасымның әсерін байқаған. Қызық көріп немесе шеберлігін ұштай түсү үшін бе, әйтеуір Қасымның бір жырын беріп, осыған ұқсас дүниені де жазуға тапсырма беріпті. Міне, бұл оқиға жаңағы айтылған сөзімізді дәлелдей түседі.
Ал Жұмекен Нәжімеденовтің:
Дариға-ай, қайда кетті Қасым ағам,
«Дүние қасіретіне жасымаған».
Жоқ енді, амал қанша!
От еді ол
Мен ұшқын сол бір оттан шашыраған…
Немесе:
Мезгілім аз қайтпаған, жасымаған,
Ал түңілген кездерім басым одан.
Мазалама Пушкинді, менің үшін
Жетіп жатыр өзімнің Қасым ағам – дегенінен Қасымға деген құрметі байқалады.
Мұқағали да, Төлеген де, Жұмекен де – поэзияға өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары келген ақындар. Өлең өлкесіне жетпісінші-сексенінші жылдары бет бұрған қазіргі танымал ақындар да Қасым салған сүрлеуге түсті. Сол ақындардың ішінде Қасымның жырын ұстап қалған, оның бірден-бір мұрагері ретінде Серік Ақсұңқарұлын айтуға болады. Ақсұңқарұлының қай шығармасын алсаңыз да, одан Қасымның өршілдігі байқалады. Ақынның өзі де мұны жасырмай, «Қарқаралы – қара орманым» поэмасының кіріспесінде: «Мен үшін Қарқаралының киесі бөлек. Шайтанкөл – аққу мекенім еді ол. «ХХ ғасырдың жиырма сәті» осы жерде дүниеге келді. Қасиетті топырағына еміреніп, Қасым Музасына тебірендім…» десе, бір жырында:
Өтті-ау, өмір, Қасым рухы
қамшы боп,
Өзегімнен өз қолымен аршып от,
Арқадағы әруағым – аза жыр,
Қарқаралы – көзімдегі тамшы боп… – дейді.
Сәкен Сейфуллиннің жырынан қуат алған Ғалым Жайлыбай:
Жасыдың да тірлікте, жүдедің де,
Бомба кетті жарылмай жүрегіңде.
Өртке тиген дауылдай өлеңіңмен,
Қарқаралы өзіңсің жыр елінде! – деп Қасым поэзиясына бас иеді. Осы Ғалым ақынның құрдасы  Қасымхан Бегмановтың Қасымға арнаған цикл өлеңдерінің бірінде:
Найзағайлы қара бұлттай құйып өткен жауыным,
Семсер тілді, от жүректі тынбай соққан дауылым.
Жалғыз қалып жабыққан бір осы мұңлы жылдарда,
Әруағы мен жыры мені демеп келген бауырым!.. – деген жолдар бар. Міне, осы жолдардан Қасымның «Бабайқорғанның баласына» әсері анық көрінеді. Қасымхан Қасым шыққан биікке шығуды армандап:
Өлмейді мәңгі рухы күшті асылдар,
Қалады олар алмасқанменен ғасырлар.
Маған да бір сәт көз салып өтсін ертеңгі,
Қазақ деп туған қара көз жап-жас Қасымдар! – дейді.
Жалпы, әдебиетте, соның ішінде поэзияда алдыңғы буын ақындарына кейінгі буынның жыр арнап, сырласу дәстүрі бар.
Абаймен сырласпаған ақын жоқ- ау, сірә. Сол сияқты қазіргі Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса да кезінде Қасыммен сырласып, мұңын шаққан. Қасымның тағдыры ауыр болғаны, өмірінің соңғы жылдары ғана баспанаға қол жеткізгені белгілі.
Сол кезде:
Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды,
Сонда да тастамаймын астанамды!
Өлеңнің отын жағып жылытамын,
Өзімді, әйелімді, жас баламды… – деп рухын аласартпады.
Баспана зарын Қасымнан кейін талай ақындар тартудай-ақ тартты. Бұл Қазыбекті де айналып өтпеген екен. «Қасыммен сырласу» өлеңінде ол:
Шабыт сыйлап ақынның сазы көпке,
Қанат қақты айдынның қазы көкке.
Басайын деп Қасымнан қалған ізді,
Келген еді қалаға Қазыбек те…
Асып жүрсем келдім деп астанаға,
Тап болыппын таскерең тас қалаға.
Қасқа жолын Қасымның жалғап келем,
Зарын талай тартқызды баспана да… – деп өз жайынан хабар береді.
Өкінбен мен де бір күн өлемін деп,
Өкінем ұқсата алмай келемін деп.
Күніне жүз ойланып, мың толғанам,
Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп… Қасымның осылай бір жырлағаны да бар. Ақынның өлеңі өлмеді, оның рухы поэзия төрінен мәңгіге орын алды… Тоқсаныншы жылдары, яғни Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қазақ поэзиясына келген буын, ХХІ ғасырдың ақындары да Қасым жырын қадірлейді, одан қуаттанып, нәр алады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button