БілімЖаңалықтар

Қасымхан СЕНҒАЗЫЕВ, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы: ҰБТ ҚОРЫТЫНДЫСЫНА КӨҢІЛ ТОЛАДЫ

2-6 маусым аралығында елордада Ұлттық бірыңғай тестілеу өтті. Бас қаладағы мектеп түлектері бұл сынақтан қалай өткендігі жөнінде, жалпы елорда бойынша ҰБТ қорытындылары туралы бізге Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев айтып берді.

сенгазы (2)

– Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қанша мектеп бі­тіруші қатысты? Ол неше жерде өтті? ҰБТ-ның қорытын­дысына көңіліңіз толды ма?
– Осы жылы тестілеуге 4695 түлектің 3785-і қатысты. Бұл – мектеп бітірушілердің 80,6 пайызы. Ал 18,9 пайызы, яғни 887 шәкірт дәстүрлі емтихан тапсырды. Атап айтсақ, 262-і – халықаралық олимпиада мен ғылыми жоба байқауының же­ңімпаздары, 625-і – жақын және алыс шетелдегі жоғары оқу орын­дарына түсетін түлектер. Денсаулығына байланысты 23 оқушы қорытынды аттестациядан босатылды.
ҰБТ биыл Л.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универ­ситетінде, С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ агротехникалық университетінде және Қазақ
мем­лекеттік заң университетінде ұйымдастырылды. Тестілеу сәтті, ұйымдасқан жағдайда өтті. Түлектердің алған орташа балы 89,2 болды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 2,6 балға артық.
– Ең жоғары балл алған түлектердің атын атап өтсеңіз.
– Биыл Астанада 125 балды бір оқушы ғана – №72 мектеп-лицейдің түлегі Нұрасыл Ержанов алды. Ал жалпы алғанда 1460 мектеп бітіруші балдарын 100-ден асырды. «Алтын белгіге» үміткер 187 түлектің 127-сі немесе 67,9 пайызы білімін растады. Бұл нақты қорытынды емес. Бір балл жетпей қалып, апелляцияға берген 10 оқушының тест жұмыстары республикалық апелляциялық комиссияның қарауында жатыр. Бұл комиссия қараған соң, білімін растаған оқушылардың саны артуы мүмкін.
– Шекті балл деңгейінен аса алмаған оқушылар қан­шалықты көп болды?
– Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырғандардың барлығын алғанда 5-ақ пайызы ғана, яғни 150 оқушы. Оларға тамыз айын­да тестілеуді қайта тапсыруға мүмкіндік берілген.
– Түлектерге аттестат тапсыру рәсімі қай күні өтпек?
– Аттестат 17 маусым күні тапсырылады. Бұл шара Астана әкімдігі алдындағы алаңда өтеді. Әрине, мектеп бітіру кештері де әдеттегідей ұйымдастырылады.
– Басқарма басшысы ретінде түлектерге биыл бірінші рет ақ жол тілемексіз. Газетіміз арқылы оларға не айтқыңыз келеді?
– Барлық мектеп бітіруші осы өмірден өз жолдарын тапса екен. Әрине, әрқайсысында бұл жол әр түрлі болады. Ең бастысы, қалаған оқу орындарына түсіп, армандаған мамандықты алса екен деймін. Сосын алған білімдерін ел игілігіне жұмсап, Отанның, бас қаламыздың патриоты болып қала берсе деген тілегім бар.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

2 пікірлер

  1. Сəлеметсіз бе! Менің есімім Ұлбосын. Мен 2016 жылғы түлікпен, мамандығым педагог-психолог (қазіргі таңда Астана қаласындамын). Мектепте, колледжде психологтың вакансиялары бар. Бірақ олар жұмыс тәжірибеңіз болмаса жұмысқа алмаймыз дейді, тіпті кейбір мекемеде тәжірибеңіз болмаса мазаламаңдар дейді. Енді ғана оқуды аяқтаған түлекте тәжірибе болмайды емес пе??? Бізді осылай ешқайда жұмысқа алмайтын болса тəжірибе де болмайды емес пе??? Сіздерден өтініш осы мəселені қарастырсаңыздар деймін. Сұрағым жауапсыз қалмайды деген ойдамын. Жауаптарыңызға алдын-ала рахмет!!! Сіздерден жауап күтемін…..

    1. Сәлеметсіз бе, Ұлбосын! Сіз Астана қаласы Жұмыспен қамту орталығына барып, «Жастар практикасы» бағдарламасына қатыса аласыз. Егер қалап отырған мамандығыңыз – педагог-психологтың орны бос болса, алты ай сол жерде жұмыс істей аласыз, айлық төленеді. Бәрі Сіздің жұмыс істеу қабілетіңізге байланысты. Алты ай өтпей оқу орнының басшылығы тұрақты жұмысқа алуы мүмкін. Немесе «Нұр Отан» партиясының «Сәтті қадам» атты бағдарламасына іліге аласыз. Ол жерде бірақ тегін жұмыс істейсіз. Сәттілік!

Пікір үстеу

Back to top button