БілімСұхбат

Қасымхан СЕНҒАЗЫЕВ, білім басқармасы басшысының орынбаса­ры: БАЛДЫРҒАНДАРДЫҢ БОС УАҚЫТЫН ТИІМДІ ҰЙЫМДАСТЫРУ – БАСТЫ НАЗАРДА

photo

Ертең 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Мерекеге орай елордалық жеткіншектердің тыныс-тіршілігін білу мақсатында қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Қасымхан Сенғазыевпен тілдескен едік.

– Қасымхан Сенғазыұлы, астаналық бүлдіршіндердің алдағы мерекесін қалай атап өтесіздер?

– Биылғы Халықаралық балаларды қорғау күнін «Біз – Қазақстан балаларымыз! Біз жаңа әлемде өмір сүреміз!» ұранымен ұйымдастыруды жөн көрдік. Осыған орай 1 маусым күні қаланың екі алаңында іс-шаралар өтеді. Айталық, Қаржы министрлігі ғимаратының алдындағы алаңда М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының бастамасымен, елордалық мектептер, гимназия­лар, лицейлер шығармашылық ұйымдарының қатысуымен «Әлем балалар көзімен» атты мерекелік шара болмақ. Онда қатысушылар «Астана шуақтары» атты мектепке дейінгі топтардың фестивалін, «Таңғажайып арман!» атты асфальтқа сурет салу байқауын, «Star time» флешмобын тамашалап, құммен сурет салу, көпіршікті шар үрлеу тәсілдерін үйрене алады. Бұған бес мыңдай бала қатысады деп жоспарлануда.

Ал, Астана қаласы Оқушылар сарайының алаңында екі мың бүлдіршіннің қатысуымен «Балалықтың бойтұмары» атты мерекелік концерт өтеді.

Балалар төл мерекелерінде тәтті сыйлықтардан да құр алақан қалмайды. Оларға демеушілердің көмегімен жиналған 1 млн 700 мың теңгенің балмұздақ, шырын, шоколадтары үлестірілмек. Тағы айта кетерлігі, атаулы күнді мерекелеуге жергілікті бюджетте 1 млн 400 мың теңге қаралды. Сонымен қатар, аз қамтылған отбасылардағы 108 оқушыға «Цеснабанк» АҚ-ның, «Меломан» сауда орталығының сыйлық сертификаттары беріледі.

– Дені сау ұрпақ – ел ертеңі. Жасөспірімдер арасында спорттық сайыстар өтетін шығар?

– Әрине. №32 мектеп-гимназияның алаңында 7-8-сынып оқушылары арасында стритболдан «Спорттық балалар – елорданың мақтанышы!» сайысы болады. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының балалары үшін де бірқатар шаралар өтеді. Әрбір балабақшаның ішіндегі көңілді басқосулар бар. Білім басқармасы «Бақытты бала» акциясы аясында «Дар», «KZ» қоғамдық қорларымен бірлесіп, «ҚазТрансГаз» АҚ қолдауымен аз қамтылған отбасылардағы 130 балаға 2 209 мың теңгенің спорттық киімдерін сыйлайды.

– Жазғы демалыс кезінде балалар мен жасөспірімдердің демалысы, сауықтырылуы және еңбекпен қамтылуы – ең маңызды әлеуметтік мәселелердің бірі. Осы бағыттағы шаруалар жөнінде айта кетсеңіз…

– Балдырғандардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру – басты назарда. Білім басқармасының ағымдағы жылғы 14 сәуірдегі бұйрығына сәйкес, жазғы каникулда балаларды сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру жөнінде комиссия құрылды. Енді балалардың бос уақытын тиімді өткізулерін ұйымдастыру мақсатында ең үздік бағдарлама байқауы өтеді. Лагерьлерде мектеп мұғалімдері мен Гуманитарлық колледждің студенттері жұмыс істейді.

Елордалық 68 мектептің жанынан 1-4-сыныптар үшін лагерьлер ашылады. Бұған үш ауысыммен 30 000 бастауыш сынып оқушысын қамту жоспарлануда. Ал, орта буын оқушылары үшін мектеп жанындағы «Дидарлы жаз» жобасы жүзеге асырылуда, яғни, білім беру ұйымдары жанынан жазғы спорттық ойын алаңдары жұмыс істейді. 2 маусым мен 11 шілде аралығында 4000 оқушы алуан спорт түрлерімен айналысады. 8-10 сынып оқушылары үшін былтыр «Айбынды маусым» әскери-спорттық алаң жобасы енгізілген. Бұған қоса «Батыр» туристік шатырлы лагері жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, тұрмысы нашар және көп балалы отбасы жеткіншектерінің демалысын ұйымдастырады. Қала сыртындағы жыл бойы жұмыс істейтін «Арман» спорттық-сауықтыру лагері бес ауысыммен жұмыс істейді.

Оқушылар сарайы мен М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы да 8-12 жас аралығындағы балаларға күндізгі ақылы демалыс лагерін ұйымдастырады.

«Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында Білім және ғылым министрлігінің квотасы негізінде жазғы маусымда елордалық 70 оқушы тынығады.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button