Жаңалықтар

ҚАТАҢ ТАЛАП ҚОЙДЫ

Елорда әкімдігінде өткен аппарат отырысы Парламент Мәжілісі мен Астана қаласы мәслихатының депутаттарын сайлауды ұйымдастыру жұмыстарының, сондай-ақ, Наурыз мейрамына арналған іс-шаралардың қорытындысын шығарудан басталды.

Қала басшысы Әділбек Жақсыбеков Астана тұр­ғын­дары «Нұр Отан» партиясын қолдау бойынша ең үздік нәтижеге қол жеткізгенін атап өтті. Сайлау қорытындысы бойынша елордалықтардың 85,18 пайызы аталмыш пар­тияға сенім білдірген. Ал жал­пы сайлаушылардың саяси науқанға қатысу көрсеткіші 75 пайызды құрады. Бұл – аста­налық азаматтардың белсенді іс-қимылының нәтижесі.
Дәстүрлі аппарат отырысы барысында қаланы абаттандыру және санитарлық тазарту мәселелері де талқыланды. Астана аудандарының әкімдері жол төсемінің жағдайы туралы толық фото-есеп ұсынды. Осы ретте елорда әкімі Автомобиль жолдары басқармасына бір айдың ішінде жолдарды жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын барынша ширатып жүргізуді тапсырды. Аталған проблеманы шешу қалалық қызметтердің назарында ұдайы болуы керек екенін ескертті.
Елорда әкімінің сөзінше, күннің жылынуына орай қала тұрғындары мен қонақтары саябақтарға, гүлбақтарға және Есілдің жағалауына жиі баратын болады. Сондықтан бұл жерлерді абаттандыруды тезірек қолға алу керек. Аудан әкімдіктері мен профильді қалалық қызметтер бір апта­ның ішінде саябақтар мен аумақтарда қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуі қажет.
Бұл ретте бизнес өкілдері өз нысандарының сырт көрінісіне мұқият болып, қаланы абат­тандыруға атсалысқаны абзал екені еске салынды. Соны­мен қатар, алдағы уақытта ұйымдастырылатын абаттандыру айлығы аясында те­мір­жол маңындағы аумақ­тарда барынша санитарлық тазарту жұмыстарын жүргізу қажеттілігі айтылды. Түптеп айтқанда, елорда басшысы ауа райының күрт жылынуына орай қаланың санитарлық тазалығына жауап беретін барлық мекемелер мен кәсіп­орын жетекшілерін жұмысты жандандыруға шақырып, тиісті талаптар қойды.
Қала басшысы көшеде сау­да жасау үшін 1 мың орын бөлуге де ерекше назар аударды. Әділбек Жақсыбеков бұл процестің кәсіпкерлер үшін ең аз бюрократиялық тәртіппен және барынша айқын өткізілуі тиіс екендігін атап өтті. Осы ретте ұйымдастырылған көше саудасының артықшылықтары биылғы жазда қала тұрғындары мен шағын және орта бизнес өкілдері үшін сезілуі керек.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button