1 мамыр - Бірлік күні

Қателіктен сабақ алу қажет

«Жаңа Қазақстан үшін ел бірлігі мен мемлекетшілдік – маңызды іргетас. Наурыз айындағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында ­Президент мемлекеттік мүдде жолында этностар ұйысуын – «ауқымды өзгерістердің жүруін тездететін» фактор ретінде байыптады. Ең бастысы, «Жаңа Қазақстанның» мәні айқындалды. Ол, біріншіден, елдік қауіпсіздікті қанағаттандыратын; екіншіден, азаматтардың әлеуметтік бастамаларын қолдайтын кешенді реконструкция. Бұл ретте зиялы қауым, әсіресе, білім-ғылым саласы мамандары Президент бастаған реформалардың маңызын жете түсініп, оны кәсіби құзыреті деңгейінде жүзеге асыруға даяр.

[smartslider3 slider=2855]

 

Бұл орайда ұлттық ұйысудағы маңызды қағидаттарға тоқталайын. Бірінші қағидат – елдік, мемлекетшілдік. Әлемдік парасат өресінде ұлт пен мемлекет – бір ұғым. Біз үшін, «Жаңа Қазақстан» үшін «түрлі көзқарас – біртұтас ұлт» деңгейі – басты бағыт. Ел мен жер тұтастығы да осының ішінде. Екінші қағидат – қоғамның жоғары мәдениеті. Қазақстан халқы ассамблеясы мұраты тұрғысынан айтқанда, әр этностың костюмі, дәм мәзірі – этностанудың бергі жағы ғана. Оның арғы жағы немесе тереңі – әр этнос ғұламаларының даналығын, философиялық ой-толғамдарын білу, түйсіну және насихаттау. Үшінші қағидат – еңбек құндылығы және барды ұқсату. Қазақстан қоғамы істің көзін табатын кәсібилікке зәру. Әрбір салада, әрбір істе осындай бастамашылдықты ынталандыруымыз керек. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – елеулі белес. Бірақ қоғамның санасы әлі де трансформацияланып жатыр. Біз қателіктен сабақ ала білуіміз қажет.

Осыған орай өз ұсыныстарымды айтайын. Біз, білім саласы мамандары, жастардың бойында «қоғамға деген жауапкершілік иммунитетін» қалыптастыруды кәсіби борыш санауымыз қажет. Қазір елдегі этностардың санын айту, жарнамалау көкейкесті емес, «Қазақстан біртұтас!» деген ұғымды, түсінікті орнықтыру көкейкесті. «Қазақстанда ешкім тегіне, жынысына, ұлтына, нәсіліне, тіліне, дініне қарап бөлінбейді!» деген шынайы тезис мәнді. «Флексикьюрити» (flexicurity) принципіне сүйенген еңбек нарығы реформасын жүргізу. Мұның мәні – еңбек күшін әлеуметтік тұрғыдан қолдау арқылы икемді ел экономикасының дамуына қажетті жұмыстарға тарту. Жастарды жаңа істерге жігерлендіру үшін қоғамда елшіл ата-ана қалыптастыруға айрықша мән беру қажет деп есептейміз. Бұл – білім, мәдениет, билік орындары бірлесіп атқаратын кешенді шара. Ендеше шынайы­лыққа құштар, әсіре мақтаннан ада, сөзі мен ісі бір жерден шығатын қоғам болудан жаңылмайық.

Дихан Қамзабекұлы,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры,

ҚР ҰҒА академигі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button