Басты ақпарат

Қатерлі ісік неге көбейді?

Елімізде қатерлі ісіктен қауіп азаймай тұр. Есепте тұрғандардың саны 190 мыңнан асты. Әсіресе өкпе обырына ұшырағандар арасында қайтыс болатындар басым. Сондықтан дәрігерлер ісікті ерте диагностикалау өте маңызды екенін айтып отыр. Уақытылы скринингтік тексеруден өту қандай кеселдің болсын алдын алуға зор мүмкіндік береді. Соңғы жылдары қатерлі дерттің неге көбейіп кеткенін еліміздің білікті онколог дәрігерлерінен сұрап анықтауға тырыстық.

[smartslider3 slider=3075]

 Мұхтар ТӨЛЕУТАЕВ, Нұр-Сұлтан қаласының бас онкологы:

ДИАГНОСТИКАЛАУ АУҚЫМЫ АРТТЫ

– Қатерлі ісікке шалдыққандар Қазақстанда ғана емес, әлемде де көбеюде. Оған бір себеп адамдардың орташа өмір сүру жасының ұлғаюы, неғұрлым адамның жасы ұзарған сайын соғұрлым қатерлі ісік жиі кездесуі ықтимал. Сонымен қатар қазір диагностикалық әдістемелердің қолжетімді болуы ауруды көбірек анықтауға мүмкіндік береді. Оның үстіне түрлі скрининг бағдарламалары бар. Елімізде үш түрлі бағытта скрининг ең көп кездесетін қатерлі ісіктер – сүт безі, жатыр мойны және тік, тоқ ішек қатерлі ісігі бойынша жүргізіледі. Жалпы дүние жүзінде де осы үш обыр жиі анықталады. Сүт безінің және жатыр мойнының обыры – әйел адамдарда кездесетін ауру. Ол көбіне әйелдің ағзасын қабындырады, артынан эндокринологиялық ауытқулар пайда болады. Жатыр мойнының обыры әлемде адам папилломасы вирусының кеңінен тарауынан болатын індет, вирус негізінен, жыныстық қатынас арқылы жұғады. Қыз баланың денсау­лығын ерте бастан қорғап, профилактикалық тексеруден өткізіп, балалар гинекологына көрсетіп отыру керек. Аналық бездерінің өзгерістерінен сақтану үшін салқын тию, қабыну процестерінен абай болу қажет. Ал соңғысы тоқ ішек пен тік ішек қатерлі ісіктері темекі шегуден, алкогольді ішімдіктерді ішуден, дұрыс тамақтанбаудан  болады. Қуырылған, өте майлы тамақ жеуден аулақ болған жөн. Дұрыс тамақтанбау дәрет жолдарының нашарлауы, іштің қатып қалуына әкеледі. Негізінен, көкөніс, жеміс-жидек, айран, ірімшік пайдалану іш құрылысының дұрыс жұмысына көмектеседі. Дене белсенділігі, жаяу жүру, көбірек су ішу де пайдалы.

Диляра ҚАЙДАРОВА, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологы:

АУРУ ЖАСАРЫП БАРАДЫ

– Былтыр Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққан 36 140 адам тіркелді. Қауіпті кеселге ұшырағандардың 59%-ы – еңбекке қабілетті жастағылар. Онкологиялық аурудың таралуы жастар арасында 27 пайызға, ал 5 жылдық өмір сүру деңгейі 55 пайызға өскен. Аурулар бойынша бірінші орында – сүт безі, екінші орында – өкпе, содан кейін асқазан қатерлі ісігі мен жатыр мойны обыры тұр. Оның үстіне дерт жасарып келеді. Соңғы кездері жүкті әйелдердің арасында жиілеген. Бірақ, емдеу қиын. Қатерлі ісік Қазақстанда тегін емделеді. Емдеуге хирургиялық ем, сәуле терапиясы, химия терапия, таргетті терапия және иммундық терапия жатады. Елордадағы нейрохирургия орталығы күрделі операция арқылы науқастарға үміт сыйлай бастады. Жалпы жыл сайын қатерлі ісікке шалдыққан науқастарды емдеуге 66 млрд теңгеден астам қаражат қажет етіледі.

Айнұр ҚАРАУЫЛОВА, Нұр-Сұлтан қалалық №15 емхананың жалпы практикалық дәрігері:

ҚАУЫРТ ТІРЛІКТЕН БЕЛГІЛЕРІН БАЙҚАМАЙДЫ

– 2020 жылға қарағанда былтыр онкологиялық аурулардың көбейгені рас. Біз бұған әрине, басты себеп ретінде коронавирус инфекциясын қарастырдық, себебі осы дерттің кесірінен адамдар ағзасындағы ең осал тұстары сыр беріп, созылмалы аурулары асқына бастады. Дегенмен қатерлі ісік көрсеткіші биыл сәл тұрақтанды. Сонымен қатар иммунитеттің төмендеуі, көліктердің көбеюімен қалада ауаның жиі ластануы да – қатерлі ісікті асқындыратын факторлар. Ал онкологиялық аурулардың елордада тым көп болу себебі – өзге облыстар мен елордаға жақын маңайдағы өңірлерден науқастардың бас қаладағы медицина күшіне сеніп, ауруларын асқындырып барып немесе ісіктің соңғы кезеңінде келетіндігі, сөйтіп оларға қанша дұрыс ем жасалса да, тым асқындырып келген аурудан елорда аумағында көз жұмады да, бұл факт қаладағы қатерлі ісіктен қайтыс болғандар тізімін толықтырады. Тағы бір себебі – қазіргі қоғамда адамдардың айналасына ғана емес, өзіне қарауға мұршасының болмауы, тым жұмысбастылығы, аурудың бастапқы белгілеріне мән бермей асқындырып алуы. Сондықтан арасында аялдап, анда-санда өз ағзаңыздағы өзгерістерге мән беріп, болмаса жыл сайын скринингтік тексеруден өтіп тұруды әдетке айналдыру қажет.

Бақытжан ОҢҒАРБАЕВ, Қазақ онкология және радиология Ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары:

ЕРТЕ АНЫҚТАЛҒАН ДЕРТ ЕМДЕЛЕДІ

– Онкологиялық аурулардың көбеюі аурушаңдық деңгейімен ғана емес, сонымен қатар қатерлі ісікті анықтау шараларының жақсаруымен де байланысты. Қатерлі ісік неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым жақсы емделеді. Елімізде онкологиялық көмекті жетілдіру ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының және Қазақстанда онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған Кешенді жоспардың міндеттерін іске асыру шеңберінде жүзеге асырылады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша республикада қатерлі ісіктермен сырқаттанушылық 100 мың тұрғынға шаққанда 190,3-ті құрады – яғни 36 140 жағдай (2020 жылы – 100 мың тұрғынға шаққанда 173,4, 32 490 жағдай), сырқаттанушылықтың 9,8%-ға өсуі байқалады. Қатерлі ісікті анықтаудың ұлғаюы коронавирус салдарынан өңірлерде медициналық көмек көрсетудің жандануымен байланысты болды.

2021 жылдың көрсеткіші бойынша, өлім-жітім құрылымында бірінші орында – өкпе обыры (15,2%, 2 081 жағдай), екінші орында – асқазан обыры (11,8%, 1 610 жағдай), үшінші орында – колоректальды қатерлі ісік (10,4%, 1 422 жағдай), төртінші орында – сүт безі обыры (8,7%, 1 189 жағдай), бесінші орында – ұйқы безі обыры (5,4%, 744 жағдай) тұр.

Қатерлі ісіктің алдын алудың стандартты шаралары мыналардан тұрады: темекі шегуді тоқтату, алкогольді ішімдікті шектеу, майы аз салауатты диета ұстау, шұжық/ысталған ет, қызыл етті ас мәзірінде шектеу, клетчатка, А, В, С витаминдері бар, омега қышқылына бай тағамдар жеу, спортпен шұғылдану, жасына қарай оңтайлы салмақты сақтау, ұйқы мен демалыс режимін сақтау, күн сәулесінің әсерін шектеу, электромагниттік сәулелену көздерінен аулақ болу, В гепатитіне және HPV-ға қарсы вакцина салдыру, жүйелі түрде скринингтерден, тексеру кабинеттерінде профилактикалық тексерулерден өту, созылмалы ауруларды дер кезінде емдеу.

Назгүл ОМАРБАЕВА, Қазақ онкология және радиология ҒЗИ онколог-маммолог дәрігері:

КҮЙЗЕЛІСКЕ ТҮСПЕУ КЕРЕК

– Қазір әйелдер жұмыста болғандықтан, стреске көп түседі. Әсіресе басшылық қызметте жүріп, жауапкершілік көп артылғанда стресте жүру сүт безі қатерлі ісігінің асқынуына әкеледі. Бұл ісік – гормондық ауру, әйелдің бойындағы аналық безден шығатын эстроген деген гормон көбейіп кетуінен болады. Осы гормон азайғанда әйелдің сұлулығы да кемитін болғандықтан, кейбір әйелдер оны алмастыратын гормондар ішеді. Аталған  гормондар да сүт безі қатерлі ісігін тез асқындырады. Одан басқа заманауи факторлар – әйел адамның бедеулігі, босанғаннан кейін баланы емізбеу, әйелдің кеуде тұсынан жарақат алуы, сәулемен ем алу және т.б. жағдайлар ауру тудыруы мүмкін. Оның үстіне көбі диета ұстамайды, зиянды әдеттерге әуес келеді. Аз туады, аз босанады. Соған байланысты ауру көбейген. Соңғы жылдары Қазақстанда сүт безінің қатерлі ісігін емдеу үшін таргеттік терапия жиі қолданылатын болды, яғни адам ағзасы толық емес, тек қатерлі ісік орналасқан жер ғана дәрімен уланады. Мұндай препараттар тым қымбат болғандықтан, мемлекеттік бюджет есебінен сатып алынады. Жыл сайын отандық клиникаларға заман талабына сай дәрі-дәрмектің 5-6 түрі жеткізіледі. Ал сүт безін алдыртпау үшін онколог-маммологтар реконструктивті операция жасау технологиясын жетік меңгерген. Айтар кеңесім, әрбір әйел өзін өзі бақылауы керек, кеудесін ұстап, түйін бар ма, жоқ па, қарасын, қауіп болса, маммологқа қаралу керек, 25 жастан бастап әйел адам маммологқа барып, УЗИ-ге түсуі тиіс. 40 жастан бастап жылына екі рет маммографияға түсуі қажет. Қазіргі дамыған технологиялар және жаңа дәрілердің арқасында бұл дерттен толық емделіп кетуге мүмкіндік зор, тек ауруды асқындырмай ертерек қаралса болды.

P.S: Мамандардың айтуынша, қатерлі ісікке шалдыққандардың көрсеткіші оны анықтаудың тәсілдерінің көбеюі және жетілдірілуімен байланысты да артып отыр. Дегенмен экологияның нашарлауы, дұрыс тамақтанбау, адамдардың жұмысбас­тылығынан күйзеліске көп түсуі, міне, осы үш фактор да обырға шалдығатындарды көбейтерін түсінуге болады. Сондықтан салауатты өмір салтын сақтап, күнделікті үш-төрт мезгіл не жеп жүргенімізге мән берсек, өз-өзімізге дұрыс демалыс жариялап, дәрігерге жыл сайын барып тексерілуді ұмытпасақ, көзі ашық, көкірегі ояу, жаңа заман адамы ретінде өз өміріміз бен денсаулығымыз үшін маңызды қадамдар жасар едік.   

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button